» » Өмір мектебі немесе сенімі нық сарбаздар

Өмір мектебі немесе сенімі нық сарбаздар

АЙБЫНДЫ АЛАШ ҰЛДАРЫНЫҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ АТҚАРАР ӨЗІНДІК РӨЛІ БАР. ОЛАР – ЕЛ ҚОРҒАНЫ, ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ. СЕБЕБІ ӘРБІР АЗАМАТ ТУҒАН ЖЕРІН, ЕЛІН, АТА-АНАСЫ МЕН БАУЫРЛАРЫН, ОТБАСЫН ҚОРҒАЙ БІЛУІ ТИІС. АЛ ОНЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ЖІГЕРІН ШЫҢДАЙТЫН – ӘСКЕР. ӘСКЕРДІҢ САПЫ «МЕН» ДЕГЕН ЖАЛЫНДЫ, ОТ ЖҮРЕКТІ ЖАСТАРДАН ҚҰРАЛАДЫ. АЙТПАҒЫМЫЗ, БІЗДІҢ ЖІГІТТЕР ОТАН ҚОРҒАУҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ДАЙЫН? ӘСКЕРДЕГІ ӨМІР ҚАНДАЙ? БҰЛ ЖАЙЫНДА ЖАҚЫНДА ҒАНА ӘСКЕРГЕ БАРЫП АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫН ӨТЕП КЕЛГЕН ЖАСТАР БАЯНДАП БЕРМЕК.
«ӘСКЕРДІҢ ЖҮГІ ЖЕҢІЛ ЕМЕС»
Еліміздің аймақтарында әскери борышын өтеп келген қармақшылық азаматтардың бірі – Жарас Жәнібеков. 19 жастағы жігіт Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінде білім алған. Былтыр әскерге шақырту қағазы келеді. Осы сәтте ол еш ойланбастан азаматтық борышын өтеуге Талдықорғанға аттанады.
– Алғашында сәл қиын болды. Себебі өзге жер, жақындарыңды сағынасың. Бірақ өзге жердегі жігіттермен жақсы араласып, бір үйдің баласындай болып кеттік. Өзім Талдықорғандағы 18404 әскери бөлімі, 37 десанттық шабылдау бригадасы, Президенттің резервтік әскерлер қатарында болдым, – деп әңгімесін бастаған жігіт әскердегі күн тәртібіне тоқталды. – Таңертең сағат 6.30-да тұрамыз. 20 минут таңғы жаттығу болады. 7.00-ге дейін 10 минут арасында жуынып, орнымызды жинау керек. Одан соң 20 минут таңғы жаңалықтарды тыңдаймыз. Таңғы астан кейін командаға бөлініп, тапсырылған міндеттерді атқарамыз. Бастапқы айларда сапта жүруді үйреніп, ант қабылдауға дайындалдық. Дәрістер алдық. Темірдей тәртіпке бейімделдік, – дейді Жарас.
Әскерге барып келген азаматтың мінезі де өзгеріп, сабырлық пен төзімділікті бойға жиятыны бар. Уақытпен жүру, әр нәрсені аңдап басу секілді тәртіп те санаға құйылады. Кейіпкердің айтуынша, әскер оның бойындағы кемшіліктерді түзеген.
– Жасыратыны жоқ, әскерге бармай тұрып көшенің тентек баласы болдым. Ал қазір мүлдем бөлек. Терең ойлануға, ата-ананың қадірін білуге, сабырлық етуге бейімделдім. Әскерден қайтар күн жақындағанда елдегі індет өрши бастады. Сарбаздар болып пандемияға қарсы күреске атсалысып, дезинфекцияға шығып отырдық. Ал отбасымызға оралар сәтте яки соңғы күні қызық оқиға орын алды. Қарағанды мен Павлодар облысынан келген сарбаздар түс ауа туған жеріне қайтып кетті. Іште Қызылорда мен Батыс Қазақстан облысы қалдық. Пойыз түнгі 00.00-де. Кешке таман штаб басшысы қалған екі облыстың жігіттері ауылдарына қайтпайтын болды, тағы бірнеше күн қаласыңдар деді. Бәріміздің көңіліміз түсіп кетті. Сөйтсек ол бізді қорқыту үшін ойнап айтқаны екен. Естеліктер көп. Үйренгеніміз де баршылық. Өмірімдегі ең қызықты күндерімнің де куәсі осы – әскердегі күндерім, – деп әңгімесін түйіндеді ол.

«ҚЫЗМЕТІМ БАЛОН ҮРЛЕУМЕН ӨТТІ»
Әскери борышын өтеп келген Азамат Ысқақовтың әскердегі естелігі тіпті қызық. Ә дегеннен әңгіменің шұрайын келтірген жігіт 1997 жылғы. Болашақ университетінің колледжінде Мұнай-газ мамандығы бойынша білім алып, осы салада екі жыл қызмет атқарады. Ал әскерге шақырту қағазы келген соң аттануға бел буады. Бастысы ол барып-келгеніне өкінбейді. «Егер тағы да шақырса ойланбастан барар едім» дейді біздің кейіпкер.
– Отар гвардиясына шақырту алып, сонда оқужаттығудан өттім. Содан соң барып Қапшағайға ауысып, 35 бригадада 32363 әскери бөлімінде азаматтық борышымды өтедім. Әскерде жүріп біраз дүниені түйдім. Уақыттың бағасы мен жақындарымның қадірін түсіндім. Сол үшін әрбір азамат әскердегі өмірді көруі керек. Бірде Өзбекстан шекарасындағы Көкталда оқу-жаттығу болатын болды. БТР-80 бронды əскери көлігін жүргізетін едім. Көлік тап оқу-жаттығуға кетер кезде бұзылып калды. Уақыт аз. Қасымда Әбдіжаппар деген жауынгерлік досым болды. Екеуміз 12 сағатта моторын, қорабын алып передо кәрзеңкесін алмастырдық. Ертеңіне көлікті қатарға қойдық. Әскери тəртіпке бағынып, 12 сағат ас та ішпей тапсырманы орындадық. Техникротный сол үшін әскери шенге ұсынып гвардияның ефрейторын берді, – дейді Азамат.
Бірақ мұндай жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанған. Оқу-жаттығудан өтер кезде қырсыққанда өзі тізгіндеген көлік сыр береді екен.
– Оқу-жаттығу уақыты. Жан-жақта жарылған граната, атыс. Ал көлік балоны тағы да желін жіберіп қойды. Айналада атыс болып жатса, мен доңғалағыммен алысып жатырмын. Тарсыл-гүрсіл. Ал мен әлі доңғалақты желдетумен отырмын. Содан соң жақсылап тұрып сөз естідім. Бірде таңға таяу дабыл берді. Ондай мезетте сауытың мен автоматыңды асынып шығасың. Қолымда чемодан автоматтың түнде атуға арналған А-100 деген құрылғысы бар. Жүгіріп көлікке келсек менің БТР80-імнің балоны тағы да желін жіберіп қойыпты. Сол кездегі қиналған түрімді көрсеңіз ғой. Техникротныйдан әбден таяқ жегенім бар. Осылай әскердегі уақытым балон үрлеумен өтті, – дейді Азамат еріксіз езуіне күлкі үйіріп.«МАМАНДЫҚ ТАҢДАУЫМА ӘСКЕРИ ӨМІР СЕБЕПКЕР БОЛДЫ»
19 жастағы Нұрсәт Боранбаев әскерге барып, азаматтық борышын өтеп келген талапты жастың бірі. Былтырғы мамыр айында әскерден шақырту түсіп, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінде әскери борышын өтейді. Оның жанына жақын жетістігі – халықтан алған алғысы.
– Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы су қоймасы жарылу салдарынан зардап шеккен ауылдарға сарбаздар көмек көрсеттік. Халықтың алғысы мен үшін үлкен жетістік. Соңғы кезде әскерден жалтарғандарды естіп жүрміз. Әскер – нағыз өмірдің мектебі. Шыңдаласың, бойдағы қажет емес мінезден арыласың, уақытпен жүруді үйренесің. Тіпті жақындарыңның өзіңе қаншалықты қымбат екенін ұғынасың. 1 жылдың өзі зулап өте шығады. Алайда жақын дос таптық. Қызықты күндерді бастан кештік. Әскерге бармаған кезім мен, әскерден келген Нұрсәттің айырмашылығы көп. Мәселен, қазір салмақты жігітке айналдым, – дейді ол.
Нұрсәт әскердегі жақсы мінезі мен атқарған жауынгерлік-қызметтік міндетін орындауда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін түрлі марапатқа ие болды. Әсіресе Отан алдындағы әскери борышын адал атқарғаны үшін ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Т.Әміреевтің алғыс хатымен марапатталды.
– Алдағы уақытта жоғары оқу орнына түсіп, білікті маман иесі болып, өзім таңдаған мамандықпен жұмыс істеп, ата-анамды асырағым келеді. Негізі колледжде электр жабдықтарына қызмет көрсетуші-электромонтер мамандығын оқыдым. Ендігі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болсам деймін. Бұл мамандықты таңдауыма басты себеп – әскери өмір, – дейді Нұрсәт Боранбаев.АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – АЗАМАТТЫҢ БОРЫШЫ
Жауынгерлік барлау батальонының материалдық-техникалық қамтамасыз ету взводында мінсіз қызмет еткен Нұртуған Батыр теңіз жаяу әскерлері бригадасында да өз ісінің маманы атанған. Бұл әскерде жүргенде гвардия подполковнигінің білдірген сенімі мен артқан үміті еді. Ақтау қаласындағы Морпехтің 25744 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеген Нұртуған 24 жаста.
– Әскерге бармай тұрып спорт саласында жүрдім. Өзім Түркістандағы спорт мектебінде оқығанмын. Әрі әскердегі физикалық жаттығулардан еш кедергісіз өттім. Білесіз бе? Әскерден келген әрбір жігіт нақты бір ой түйіп келеді. Менде де солай. Атаананың қадірін түсіну, барды бағалау, уақытпен санаспау бір бөлек. Ал Отан алдындағы борышыңды адал атқару бір бөлек. Бүгінде сол әскердегі өмірді көруден жалтаратындар көбейіп келеді. Мүмкін өзіндік себебі бар шығар. Бірі – несиесін айтады, бірі – ата-анасына қарап отырғанын себеп қылады. Күнкөріс қамымен де сыртта жүргені қаншама. Одан бөлек жалтарғандардың арасынан жауапкершіліктің жоқтығы да анық байқалады. Себебі, ауруын айтып, не өзге де сылтаумен өтіріктің шырмауында жүргендер бар. «Армия» десе ат-тонын ала қашатындар жетерлік. Неге? Отан алдындағы борышын әрбір азамат өтеуі тиіс қой? Елін қорғаған ер отбасын да қорғайды. Шапшаң болу, шыңдалу жігіттерге керек дүние. Барлық ер-азамат әскердегі өмірді көрсе деймін. Мұнда қиындық та, қызықты күндер де көп болды. Бірде үйімді сағынып, қалтафонмен сөйлескенім бар. Сонда комбатқа ұсталып қалып бір күн ұйықтамаған едім. Әрине, бұл алдымен темірдей тәртіпке үйретті, – дейді кейіпкер.

P.S. Біз жазған кейіпкерлер әскери мектептің табалдырығынан аттаған, Отан үшін от кешуге дайын азаматтар. Оны олардың әр сөзінен байқауға болады. Сөзінде мақтаныш, жүзінде қуанышы бар Отан қорғаушылардың алға қойған мақсаты айқын, қадамы нық, сенімі басым.

Айнұр ӘЛИ

20 маусым 2020 ж. 1 319 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

№85 (10350)

25 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 853

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930