» » ЕР – ЕЛДІ ҚОРҒАЙДЫ, ЕЛ – ЕРДІ ҚОЛДАЙДЫ

ЕР – ЕЛДІ ҚОРҒАЙДЫ, ЕЛ – ЕРДІ ҚОЛДАЙДЫ

1991 жыл, 25 қазан. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақ КСР мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Мұнан соң  республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшу үшін қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.  1992 жыл, 7 мамыр. Тұңғыш ҚР Президенті Жарлыққа қол қойды. Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз қолына алды.
Иә, дәл осы күн, Қазақстан Рес­публи­касының Қарулы Күштерінің құрылған күні «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Бұл дата арнайы демалыс күні қылып бекітіліп, күнтізбеде белгіленді. Тұңғыш Президенттің Жарлығымен үш жүйелі штаб – жаяу әскерлер, әуе  қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабы бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери бөлімге – Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді. Бүгінгі күні Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін анықтайды, өз аумағында әскердің, қару-жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешеді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және де ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді. Өз кезегіне қарай, қарулы күштер түрлі бөлімдерден және әр түрлі құрамалар мен арнайы әскерлерден тұрады. Қош. «Отан қорғаушылар күні» дегенде көз алдымызға форма киген сарбаздар, қорғаныс істері қызметкерлері ойға оралады. Алайда, елінің қорғаны болу – шенге не сап түзеген әскерге байланысты емес. Ең бастысы – Отанына адал, елін, жерін сүйген нағыз патриот болу. Ал қазіргі жастар қаншалықты елін сүйген? Әрине, айдыныңды тасытып, айбыныңды асыратын, батылдыққа үйретіп, жауыңның құтын қашыратын да – әскер.  Әскер – жүрегінде түгі бар жас жалыннан құралады. Ал біздің жігіттер болаттай батылдықты қажет ететін Отан қорғау ісіне дайын ба? Көкейдегі сауалға жауапты Қармақшы ауданы бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен тапқандаймыз.
Әні, анау жігіт енді ғана комиссиядан өтті. Жанарынан жалыны байқалады. «Стандартқа» сай болса керек. Ләм деме­сімізден әңгімені өзі-ақ құрап әкетті.
– Әрине, мамандығым бар. Ендігі мақ­сатым –  Отан алдындағы борышымды адал өтеу, Қазақстан Қарулы Күштеріне өзіндік үлесімді қосу.  Әскер адамды шынықтырады, шыңдайды. Міндетіміз – азаматтық парызды өтеу, – дейді 1996 жылы туған Жандос Серікұлы.
Әскерге іріктелушілердің қатарында денсаулығына байланысты әскерге уақыт­ша жарамсыз танылғандар да аракідік кездеседі. 
–  Жыл көлемінде 10 ай комиссия өтеді. Қыста 16-ға толған жасөспірімдердің әскерге тіркеу жұмысы жүргізілсе, 2 рет – көктемгі, күзгі әскерге шақыру комиссиясы ұйымдастырылады. Негізінен жастарда – салмақ жетіспеушілігі, май табан, жүйке жүйесінің әлсіздігі сияқты ауру түрлері кездеседі. Әскери құралымдарда қызмет ету үшін денсаулық жағдайы талаптарына сәйкес өте алмай қалған азаматтар үшін емделуге 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзім беріледі. Емделгеннен кейін аталған азаматтар қайта медициналық тексерістен өтіп, жарап жатса әскерге же­беріледі, – дейді  облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасының амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, медициналық комиссия төрағасы Бақытжан Нысанбаев.
Бөлімше басшысы Рүстем Мамат­ұлы­ның айтуынша, Жергілікті атқару орган­дарының ұйымдастыруымен көктемгі мер­зімді әскери қызметке шақыру жұмысы жал­ғасын табуда. Бүгінде ҚР Қарулы Күштеріне әс­кери бөлімдерін жасақтау жүруде. Одан соң мамыр мен маусым айында ҚР Ішкі істер министрлігінің «Ұлттық Ұлан» әскери бөлімдері жас буынмен толықпақ. «Мемлекеттік Күзет қызметіне қойылар талап өте жоғары», – дейді ол. Ал мерзімді әскери қызметке шақыру маусым айының соңына дейін жүргізіледі.  
Десе де, «армия» дегенді естігенде ат тонын ала қашатындар да аз емес. Неге? Бірі – қала кезіп жұмыста жүр, біреуі – оқуын жалғастыруда. Ал енді бірінің – батылдықтан гөрі қорқынышы басым. Бірі – үйінің жалғызы, енді бірі – асыраушысы. Көкірегіңді қарс айыратыны – себепсіз жүріп, сылтауратқаны. Кімге өкпелейміз? Ата-ананың «балам жаман болсын» демейтінін ескерсек қоғамнан көреміз. Қоғам десек «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледісі» ойға оралады.  Енді кінәні кімге артамыз? Сала мамандарының айтуынша, әскерден жалтарғандар жауапсыз қалмайды. Сол үшін «пөвескі» үйге келгеннен-ақ бару міндет. Себебі заң баршаға ортақ. Әйтпегенде ҚР Қылмыстық Кодексінің 387-бабы бойынша 1000 АЕК айыппұл төлейді немесе 1 жыл бас бостандығынан айырылады. Өз уақытында келмеген жағдайда әкімшілік кодекс бойынша 647, 648, 649 баптарға сәйкес айыппұл салынады.
Түйін.
Әр азамат – отбасының тірегі, қор­ғаны. Сол секілді Отанының да қорғаны болуы тиіс. Себебі «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі». Халықтың ұлы болу – әрбір ер азаматтың арманы болуы керек. Ал Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу – нағыз қайсарлықтың көрінісі болып қала бермек.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
08 мамыр 2019 ж. 1 610 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031