» » » БАЙҚОҢЫРДА ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ САЛТАНАТ ҚҰРДЫ

БАЙҚОҢЫРДА ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ САЛТАНАТ ҚҰРДЫ

Байқоңыр қаласы көпұлтты келісім мен мәдени әртүрліліктің көрінісі ретінде тағы бір жарқын шараға ұйытқы болды. Мұнда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін, бейбітшілік пен бірліктің символына айналған «Халықтар достығы» фестивалінің 8-ші маусымы өз шымылдығын ашты.
Бұл фестиваль – тек мәдени шара ғана емес, ол елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің рухани бірлігі мен достығының жарқын көрінісі. Іс-шараның негізгі мақсаты – түрлі ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау арқылы ұлтаралық татулықты нығайту, жастар арасында төзімділік пен сыйластық құндылықтарын дәріптеу.
Фестивальдің ресми ашылу рәсіміне Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, сондай-ақ Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин арнайы қатысып, қатысушылар мен көрермендерді құттықтады.
– Ұлттық мәдениет фестивалі – Байқоңыр мен Қызылорда облысында тұратын түрлі этнос өкілдері үшін үлкен достық мерекесіне айналды. Бұл – ел ішінде ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі, – деді Қайрат Нұртай.
Фестиваль қаладағы мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдары, сонымен қатар Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің қатысуымен ұйымдастырылған «Достық шеруінен» бастау алды. Көңілді ән, ұлттық киім, түрлі ұлттың билері мен атрибуттары – барлығы Байқоңыр көшелерін ерекше сәнге бөлеп, бірлік рухын сездірді.
Фестиваль аясындағы мәденитанымдық бағдарлама өте мазмұнды әрі алуан түрлі болды. Іс-шара аясында «Халықтан – бір рецепт!» ұлттық тағамдар байқауы – әр ұлттың дәмі мен дәстүрін біріктірсе, «Ұлттық киімнің поэзиясы» байқауында түрлі ұлттардың ұлттық киімдері сахна төрінде көрініс тапты. Сондай-ақ «Кілемдегі кестелі өрнек» қолданбалы өнер көрмесі – шеберлердің қолынан шыққан туындылар арқылы мәдени мұраны паш етсе, «Әлем өрнектері» бейнелеу өнері байқауы – балалар мен жасөспірімдердің көзқарасымен достықты суреттеді. Ал «Халық ойындары» спорттық жарыстары – ұлттық спорт түрлерін дәріптесе, «Біз әртүрліміз – бірақ біргеміз» би байқауы – түрлі ұлттардың билерін бір сахнада тоғыстырды.
Мерекенің ең жарқын сәті – «Халықтар достығы» кубогының табысталуы болды. Бұл мәртебелі жүлде биыл В.Комаров атындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамыту орталығының ұжымына бұйырды. Олар сахнада түрлі ұлттардың өнерін шеберлікпен үйлестіріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Халықтар достығы» фестивалі – Қазақстанның басты байлығы саналатын қоғамдық келісім мен бейбіт өмірдің нақты көрінісі. Байқоңырда өткен бұл ауқымды шара – түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің өзара татулығын, мәдениетке деген құрметін, ортақ Отанына деген сүйіспеншілігін айқын көрсетті.
Түрлі этностардың өкілдері өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық тағамдарын ұсынып, киімін киіп, өз дәстүрін таныстыра отырып, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
«ҚТ» ақпарат
01 қазан 2025 ж. 57 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (10442)

30 қыркүйек 2025 ж.

№73 (10441)

27 қыркүйек 2025 ж.

№72 (10440)

23 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 529
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 328

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031