» » Мен жастарға сенемін...

Мен жастарға сенемін...


Елдің жарқын да баянды болашағы – айбынды ердің қолында. Себебі олардың халық тыныштығы үшін атқарар рөлі ерекше. Темірдей тәртіпке бағынып, әскери киім киіп, Отан үшін адал қызмет ету – ер азаматтың борышы. Отан қорғаушылар күні қарсаңында ел ішінде «военкомат» аталып кеткен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің еңбегін ел назарына ұсынуды жөн көрдік. Мекеме атауын естігенде ойымызға мерзімді әскерге шақыру оралатыны рас. Десе де бұл бөлімнің атқарар қызметі мен арқалар жүгі, тек ол ғана емес. Әңгіме тінін әріден бастап, мекеме тарихынан сыр шертсек.
Аудандағы әскери комиссариат 1939 жылы құрылған. 81 жылдан бері тоқтаусыз қызмет етіп келе жатқан мекеме жұмысы әрдайым әскери тәртіпке сай қатаң бақылауда. Осы уақытқа дейін елім деген ерлер аталған мекеме арқылы Отан алдындағы борышын өтесе, мекеме қызметкерлері ұзақ жылдар бойы ел игілігі үшін аянбай тер төгуде. Мұратбек Збайраев, Светлана Дисипова, Тынымкүл Ізжанова, Анаркүл Мұратова секілді мекеме ардагерлері бүгінде құрмет тақтасының төрінен орын алған. Бұл қатарды Әбдірахман Жақсығұлов, Еділ Қабақов, Ақкеніш Ибраева, Айсұлу Құлжановалар толықтырады. Олар жүйелі жұмыстың ізін қалдырып кеткен ерен еңбеккерлер. Үлкенді ардақтап, құрметтеген ұлт ретінде – қызметкерлер үшін алдыңғы аға буынның орны бөлек. Олардан алар үлгі мен өнеге де мол.
Ал мекеменің бүгінгі құрамына тоқталсақ, бөлімге капитан Рүстем Тұрғанов басшылық етеді. Темірдей тәртіпке үйренген бөлім қызметкерлері өздеріне артылған міндетті жауапкершілікпен атқарады. Жансұлу Ршауова, Эльмира Қорғанбаева, Айгүл Ибашева, Гүлбану Жалғасова, Ғазиза Даржанова секілді мекеме озаттары ағалар салған ізді жалғап, ерлердің ел алдындағы міндетін атқаруына сеп болуда.
Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің міндеті біз ойлағандай әскерге шақырып, жөнелтуден ғана тұрмайды. Олар әскери есеп жүргізіп, мерзімді әскерге шақыру жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ азаматтарды жұмылдыру жиындарына дайындау, келісім-шарт бойынша әскери қызметке шақыру, мемлекеттік қызмет түрлерін ұсыну секілді жұмысты қоса атқарады. Онымен қоса әскери оқу орындарына үміткерлер дайындау да осы мекеменің міндетіне кіреді.
Жыл сайынғы мерзімді әскерге шақырту жұмыстары көктемде және күзде жүргізіледі. Жалпы ҚР Конс¬титуциясының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті болып табылады» деп жазылған. Соның негізінде әрбір азамат денсаулығы жарап, соттылығы болмаса әскерге баруға міндеттеледі. Десе де, қазіргі күнде жас буын арасында әскерге деген құлшыныс аздау секілді. Кеңестік кезеңде әскерге бармаған ерлер өзін абыройсыз санап, Отан алдындағы борышын өтеуге асығатын. Бүгінгі нарықтық қоғам бұл түсінікті өзгертуде. Талап жеңілдеген сайын, жауапкершілік азая түскендей. Бірақ ҚР Қылмыстық кодексінің 387 бабына, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 647, 648, 649 және 650 баптарына сәйкес әскери қызметке барудан жалтарып жүрген азаматтарға айыппұл негізінде жауапкершілікке тарту көзделгенін айта кеткен жөн. Дегенмен, көпке топырақ шашпаймыз. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі, ҚР мемлекеттік күзет, ҚР ІІМ Ұлттық Ұлан, ҚР Қорғаныс әскери бөлімдерінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қармақшылық сарбаздар да жетерлік. Олар Отан алдындағы қызметін адал өтеумен қатар, ауданға, ата-анасына алғыс хат пен марапаттар да әкелуде. Бұл –¬ қайсар халықтың текті ұрпағы екеніміздің бір көрінісі.
Сонымен қатар өскелең ұрпақ бойына әскери-патриоттық тәрбие беруде де бұл мекеменің қосар үлесі зор. Аудандық құзырлы органдармен бірлесе отырып білім беру орындарында жоспарға сай түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге дағдыландыру үшін ауған соғысының ардагерлерімен, әскери борышын өтеп келген жастармен кездесулер де ұйымдастырылады. Сондай-ақ бөлім мектеп жасындағы жастардың әскери оқу орындарына түсуі үшін мақсатты жұмыстар атқаруда. Нақтырақ тоқталсақ, Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің әскери институты мен радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Ақтөбе қаласындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институты, Щучинсктегі Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусына құжаттар қабылдау жыл сайын жүргізіледі. Аталған әскери білім беру ұйымдарына түсіп, жақсы бағамен тәмамдап жатқан жерлестеріміз де аз емес екен.
«Баланың басты ұстазы – ата-ана» дегендей, патриоттық ұғымның ұлылығын ұлықтап, отансүйгіштік, ел алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру ата-ананың міндеті. Тектілік мен қасиет қонған құтты мекеннің перзенттері Отан алдындағы борышын өтеуге келгенде кенже қалмауы тиіс. Ата-баба аманаттаған жерін қорғау әрбір жастың мақсатына айналғаны жөн. Батыр бабалардың ұлағатынан тәлім алып, елін қорғайтын ерлердің қатары көбейе берсе екен.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
05 мамыр 2020 ж. 1 223 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 250

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 351

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930