Шекара қызметкерімен кездесті

Агроколледжде өткен кездесу осы бағытта насихатталды. Онда студенттер Қармақшы ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, капитан Рүстем Тұрғанов, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің өкілі, капитан Әлібек Сембаев және теолог маман Жалғасбек Сқақовпен кездесті. Кездесудің мақсаты – жастарды патриотизмге тәрбиелеу, әскери оқуға шақыру, Отан алдындағы міндетін сезіндіру.
Бүгінде әскерге баруға құлықсыз танытып жүрген жастардың қатары көбеюде. Түрлі себеп айтып, Отан алдындағы парызынан алшақтауда. Олардың дені әлеуметтік жағдайы мен жұмыссыздықты алға тартады. Тіпті кей жағдайда ата-ана баласын әскерге жібергісі келмейтінін ашық айтады.
Студенттермен кездесуде олардың ой-пікірін білу үшін келген қонақтар еркін форматта әңгіме жүргізді. Алғашқы сауалдарын қойып қазіргі жастардың психологиясын байқады. Десе де әскер қатарына барғысы келетіндер де жоқ емес. Кейбірі өздерінің қай жаққа барғысы келетінін де жасырмады.
Дөңгелек үстелде жастардың патриотизімге баулу мақсатында түсірілген слайдтар көрсетілді. Онда Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің өкілі Әлібек Сарыбайұлы Шым қаладағы әскери оқудың жай-күйімен таныстырып, бітіруші студенттерді оқуға шақырды. Ал дін өкілі Жалғасбек Сқақов, жастарға имани тұрғыдағы тәлімді насихатын жеткізді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ