» » » НАМЫСТЫ ЖІГІТТЕР ӘСКЕРДЕН ЖАЛТАРМАЙДЫ

НАМЫСТЫ ЖІГІТТЕР ӘСКЕРДЕН ЖАЛТАРМАЙДЫ

Ер бала – отбасының тірегі, елінің қорғаны. Мықты қорғаны болмаған елдің болашағы да бұлыңғыр. Ал намыс туын желбіретіп, жауыңның құтын қашыратын – әскер. Әскер – кеудесі от жүректі жастардан құралады. Ал біздің жастарымыз Отан қорғау ісіне дайын ба? Бұл жайында Қармақшы ауданы бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы, капитан Рүстем Тұрғановпен аз-кем әңгімелескен едік.
– Қазіргі қоғамдағы патриотизм қалай көрініс табуда?  
– Патриотизм – Отаныңды сүю. Оған шексіз қызмет ету. Иә, «патриот» дегенді естігенде форма киген әскер мен құқық қорғау органының қызметкері ойға оралады. Бірақ шын патриот болу – туған жеріңді, табиғатың мен тау-тасыңды, аққан суыңды, ата-анаң мен оттан ыстық атамекеніңді құрметтеу. Ал біздегі мақсат – «мен» деген қайсар жүректерді азаматтық борышын өтеуге жұмылдыру. Жалпы бөлім әскерге шақыру науқанында насихаттық жұмыстарымен айналысады. Яки жергілікті әскери басқару органы болып есептеледі. Міндетіміз – 17 жасқа толатын жасөспірімдерді тіркеуге алу. Мектеп оқушылары мен колледж студенттерін тіркейміз. Сондай-ақ жеткіншектер арасында еліміздің жоғары және арнаулы әскери оқу орнына іріктеуге үгіт жұмысын жүргіземіз. Мерзімді әскери қызметке шақырамыз. Отан қорғауды насихаттаудың өзін халықты, жастарды патриоттыққа баулу деп есептеймін.
– Әскердің жүгі жеңіл емес. Осы орайда Қармақшының тумалары қан­шалықты әскери қызметте?
– Еліміздің аймақтарында әскери қызметте жүрген қармақшылық сарбаздар баршылық. ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметіне де азаматтарымыз аттандырылды. Қыста 16-ға толған жасөспірімдердің әскерге тіркеу жұмысы жүргізілсе, 2 рет – күзгі, көктемгі әскерге шақыру комиссиясы ұйымдастырылады. Негізінен жастарда – салмақ жетіспеушілігі, май табан, жүйке жүйесінің әлсіздігі сияқты ауру түрлері кездеседі. Комиссиядан өтуіне бөлімде барлық жағдай жасалған. 13 медицина қызметкері қызмет көрсетеді. Жыл көлемінде 10 ай комиссия өтеді. Жалпы, Қазақстан Республикасы Қа­ру­лы күштерінде немесе басқа да әскери құралымдарда қызмет ету үшін денсаулық жағдайы талаптарына сәйкес өте алмай қалған азаматтар үшін емделуге 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзім беріледі. Емделгеннен кейін аталған азаматтар қайта медициналық тексерістен өтіп, егер жараса әскерге жіберіледі.

– Қазір көктемгі науқан. Әскерге шақыру жұмыстары қалай жүргізілу­де? Ауданға қойылған талаптың нәтижесі қандай?
– Әскерге шақыру жұмысы – жер­гілікті атқару органдары көмегімен атқарылады. Дәрігер, медициналық жабдықтар, көлік, полиция қызметімен  қамтамасыз етілген. Дәрігердің барлығы да – білікті сала маманы. Барлығы өз ісінің шебері.  Жергілікті атқару органдарының ұйымдастыруымен көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы жалғасын табуда. Қазіргі таңда ҚР Қарулы Күштеріне әскери бөлімдерін жасақтау жүруде. Одан соң мамыр мен маусым айында ҚР Ішкі істер минис-трлігінің «Ұлттық Ұлан» әскери бөлімдері жас буынмен толықпақ. Ескерерлігі – Мемлекеттік Күзет қызметіне қойылар талап өте жоғары. Жалпы, мерзімді әскери қызметке шақыру маусым айы­ның соңына дейін жүргізіледі. 
– Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге жастардың көзқарасы қандай? Әскерге баруға не кедергі?
– Әр бала әрқалай.  Бір бөлігі – әскерге баруға қызығып, ниет білдірсе, екінші бөлігі – ұйқыда. Әскерге құлқы жоқтармен учаскелік инспектор етене жұмыс істеуде. Үйіне барып, ата-аналарымен сұқбат жүргізіп, түсініктеме алуда. Жалтарғандардың дені әлеуметтік жағдай мен жұмыссыздықты алға тартады. Бірі – несиесі барын айтса, бірі – ата-анасына қарап отырғанын себеп қылады. Ал енді бірде ата-анасы асырап отқан баласын әскерге жібергісі келмейтінін ашық айтады. Негізі балалардың әскерден жалтаруына басты себеп – жұмыссыздық. Күнкөріс қамымен де сыртта жүргені көп. Одан бөлек жалтарғандардың арасынан жауапкершіліктің жоқтығы да анық байқалады. Себебі, ауруын айтып, не өзге де сылтаумен өтіріктің  шырмауында жүр. Үлкендер біледі ғой, кезінде жастар үшін әскерге бару бедел болса, бүгінде  «армия» десе ат-тонын ала қашатындар жетерлік. Неге? Жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желі мен телеарнадан түрлі жаңалықтар бірінен соң бірі тарап жатыр.   Ал, ата-ана үшін әскер әлемі осынысымен қорқынышты болып тұр. Егер әскерге барудан жалтарған жағдайда оларды құқық қорғау органдарымен біріге отырып іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Алайда, қандай жағдай болмасын әскерге шақырылған уақытта міндетті түрде келуі тиіс. Заң бәріне ортақ. Әйтпегенде ҚР Қылмыстық Кодексі бо­йынша азаматтың «мен әскерге бармаймын, азаматтық борышымды өтемеймін» деген арызы түссе, 387-бап бойынша 1000 АЕК айыппұл төлейді немесе 1 жыл бас бостандығынан айырылады. Өз уақытында келмеген жағдайда әкімшілік кодекс бойынша 647, 648, 649 баптарға сәйкес айыппұл салынады.
– Сонда, азаматтық борышты өтеу­ден қашатындарды ата-аналары бүр­кемелей ме?
– Біз әскерге барудан жалтарып жүреген азаматтарды жергілікті полиция қызметкерлерімен олардың ата-аналары, аудандық, ауылдық әкімдіктермен біріге отырып, жедел түрде шақыру қағазын беріп, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізіп, зерделеп, медициналық комиссиядан өткізіп әскер қатарына шақырамыз. Санамалап қарасақ, әскери борышын өтеуден қашатын жігіттердің сылтауы сан түрлі. Қазақ жігітінің мойнында тек бір міндет бар. Ол – Отан үшін қызмет ету, Отан үшін от кешу.
– Әскерге шақырудан қандай аза­маттардың кейінге қалуға мүмкіндігі бар? 
– Бейбіт кезеңде әскери қызметке денсаулық жағдайына байланысты өт­пей қалғандар, 27 жасқа дейін заңды негізде  мерзімді әскери қызметке шақырылмағандар, әскери қызметті өтеу кезінде міндетін орындау барысында туыстарының бірі көз жұмса немесе мүгедек  (бірінші және екінші топтағы) болса әскери борышынан босатылады. Сонымен қатар әскери қызметті басқа мемлекетте өтетіндер, ғылыми дәрежесі барлар, тіркелген діни бірлестіктердегі дін қызметкерлері де Қарулы Күштер қатарына шақырылмайды. Мұнымен қоса, оқу жылы кезеңінде күндізгі оқыту режиміндегі білім беру ұйымдарының педагогикалық қызметкерлері, күндізгі оқу тәртібінде білім алып жатқандар, әскери міндетті әйелдер, 18 жасқа дейін үш немесе одан көп балалары барлар, алдын ала тергеу амалдарына тартылған немесе қылмыстық ісі сотпен қаралып жатқан адамдар, ҚР Парламентінің немесе жергілікті өкілдік органдардың депутаттары болып сайланған әскери міндеттілер жауынгерлік жиындарға шақыртылмайды.
– Қазіргі жастың психологиялық, моральдық деңгейі қандай? Бұл әс­керге баруға қаншалықты әсер етеді?
– Отан алдындағы борышын өтеуді қасиетті парызым деп білетін, моральдық және психологиялық тұрғыдан мықты, физикалық жағынан мығым азаматтарға басымдық береміз. Азаматтық борышын өтеуге аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулығының жарамдылығы туралы сыннан өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі. Әскери бөлімге іріктеу мен бөліп тарату кезінде жастардың әскер қатарына шақырылғанға дейін алған мамандығы ескеріледі. Көктемгі әскерге шақыру науқанын сапалы, әрі уақытылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарайды. Оның отбасылық жағдайын сарапқа салады. Моральдық жағдайына баса назар аударады. Денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды.
– Жасөспірімдерге әскери-патриот­тық тәрбие беру бойынша қандай шаралар ұйымдастырылуда?
Аудан әкімдігінің терроризм профилактикасы, жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғаныс жұмыстары бөлімінің ұйымдастыруымен Отан алдындағы борышын өтейтін азаматтармен және олардың ата-аналарымен кездесу өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, ауданның білім беру ұйымдарында іс-шара, дөңгелек үстел, акция, кездесу кешін ұйымдастыруға белсене атсалысамыз.
– Айтыңызшы, шынайы патриот­тық, Отансүйгіштік сезімді қалай оята аламыз?
– ҚР Конституциясының 36-бабында атап көрсеткендей, Қазақстан Республикасын қорғау – әрбiр азаматтың қасиеттi парызы, әрі мiндетi. Олардың бойындағы патриоттық сезім бесікте жатқаннан-ақ бойына сіңуі тиіс. Ананың айтқан әлдиі­нен бар тәрбиені жиып өскен бала әкенің қатал мінезімен бой түзейді. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Отбасындағы әр бір тәрбиенің өзіндік маңызы зор. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді дана қазақ. Қашан да халықтың ұлы болу – әрбір ер азаматтың биік арманы. Әсіресе, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Қайсарлықтың көрінісі. Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері хақ. Әскери тәртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген жігіт біршама есейеді, сабырлық пен төзімділікті бойға жияды. Бойында қазақтың қаны тулаған, жүрегінің түгі бар жігіт «әскер» деген жауапкершіліктен жалтармайды. Ал қоғам жастарды әскерден жалтаруға емес, оған ұмтылуға жұмылдыру жолында тәрбиелеуі тиіс.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан Айнұр ӘЛИ,
Қазбек ТАйбағарОв, (сурет) «Қармақшы таңы».
08 мамыр 2019 ж. 2 656 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 552

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 622

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031