» » » «Мақсат – халыққа қажетті жобалар дайындап, инвестиция тарту»

«Мақсат – халыққа қажетті жобалар дайындап, инвестиция тарту»

qarmaqshy-tany.kz Қармақшы өзіне тән ерекшелігі бар аудан. Құрамына 2 кент, 12 ауылдық округті қамтыған өңірде осы кезге дейін атқарылған игі істер аз емес. Аудан орталығы мен ауылдық елді мекендердің түтіні түзу ұшып, көркіне көрік, ажарына ажар қосып келеді. Ауданымызда берекелі күздің жиын-терімі бірыңғайланып, көңіл бірленген. «Алтын дән» науқанын жоғары дәрежеде қорытындылаған өлкеміз 2023 жылға да қадам басқалы тұр. Жаңа жыл қарсаңындағы бүгінгі әңгімеміз аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановпен өңіріміздің тыныс-тіршілігі, келешектегі жұмыс жоспарлары жайында болмақ.
– Әділбек Бөрібайұлы, қызметке келгеніңізге тоғыз айдан асып барады екен. Осы уақыт ішінде өңірде қандай оңды істер, өзгерістер жүзеге асты. Негізгі жетістіктерге тоқталып өтсеңіз?
– Өздеріңіз білесіздер, ауданға басшы болып келгелі тоғыз айдан асты. Осы уақыттың ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Бұл – аудан әкімі, оған қарасты бөлім басшылары және кент, ауылдық округі әкімдері. Одан өзге, мәслихаттың депутаттары мен үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесе отырып жұмыс істеудеміз. Биылғы жылды білесіздер, үлкен саяси реформалардың болған жылы. Яғни, 5 маусымда республикалық референдум өтті. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ осы жылдың 20 қарашасында Қазақстан Республикасының Президент сайлауы өтті. Осы саяси электоратта әркім өзінің жүрегіне жақын кандидатты таңдап, Мемлекет басшысын сайлап алдық. Қазіргі таңда Президентіміз қызметіне кіріскеннен кейін аудандарды, ауылдарды көркейту, көгалдандыру, абаттандыру, жалпы экономикасын, инфрақұрылымын дамыту бойынша тиісті шараларды қабылдауға үкіметке тапсырма берді. Осыған сәйкес, келесі жылдан бастап елді мекендердің инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында қажетті жұмыстарды жүргізетін боламыз. Соған сай қазіргі таңда нақты жобаларымыз да бар. Соның бірі – Дүр Оңғар елді мекеніне газ тарту жұмыстары. Келер 2023 жылдың ақпанында републикалық бюджетке нақтылау болады. Құны 7 млрд 100 млн теңгені құрайтын жоба ауқымы жағынан үлкен әрі күрделі саналады. Осыған байланысты жобалық сметалық құжаттамасын «Жаңажол» жауап кершілігі шектеулі серіктестігі демеушілікпен жасап беріп отырса, оны әрі қарай біз орталық атқарушы органдарға ұсынып, қаржыландыруына мүмкіндік жасайтын боламыз.
– Елге көрік беретін, ауыл, қаланың сәнін келтіретін алдымен құрылыс жұмыстары. Осы саладағы атқарылып жатқан істерге тоқталсаңыз?
– Құрылыс саласы бойынша Жосалы кентінен салынатын 18 пәтерлі, 3 қабатты 3 тұрғын үйдің жобасы дайын. Алайда бағдарламаға тиісті министрліктің өзгеріс енгізуіне байланысты тоқтатып қойылған. 2023 жылы осы жобамызды тағы да ұсынатын боламыз.
Жаңажол, ІІІ Интернационал ауылдық округтерінде денешынықтыру, спорт кешенін салуға 2 жобамыз дайын тұр. Жосалы кентіндегі спорттық дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл дегеніміз – мекеме қазір сұйық отынмен жылыса, алдағы жылы газге ауыстырылады деген сөз.
Жосалы кентінің орталық көшелерінің бірі саналатын Амангелді көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу бірнеше жылдан бері тұрғындар тарапынан көтеріліп келе жатқан мәселе болатын. Міне оның да сәті түсіп, аталған көшеге аудандық бюджеттен 190 млн 800 мың теңге қаржысы бөлініп, орташа жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Тайшық би көшесіне орташа жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, аяқсу арықтарына лотоктар орнату сәтімен жүзеге асты.
– Білім, спорт, денсаулық саласы бойынша қысқаша айтып берсеңіз?
– Бізде білім беру саласы бойынша деңгейіміз жақсы деп айтуға толық негіз бар. Мысалға айтатын болсақ, биылдың өзінде балаларымыз түрлі республикалық, облыстық, аудандық пәндік олимпиадаларда жоғары көрсеткіштерге жетуде. Жоғары, арнаулы оқу орындарына түскен түлектердің де санында өткен жылмен салыстырғанда өсім бар екені байқалады. Спорт саласына келсек, осы жылы 2 денешынықтыру және спорт кешенінің құрылысын салып жатсақ, келесі жылға да осындай спорт кешенін салудың жобасы дайындалып отыр. Жағдай жасау арқылы балалардың спортқа деген сұранысын, мүмкіндігін ашамыз. Осы жылы 209 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 17035 адам қатысқан. Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Кубоктарында спортшыларымыз 16 алтын, 6 күміс, 16 қола жеңіп алса, Азия біріншілігінде 1 қола, Әлем біріншілігінде 3 алтын, Әлемдік гран-при турнирінде 1 қоланы қанжығасына байлаған. 2017 жылы Еламан Ерғалиев «Қазақстан барысы» атанса, биыл Мақсат Исағабылов осы межені бағындырды. Зілтемір көтеруден Ерасыл Сәулебеков әлем чемпионы атанып келсе, мектеп оқушысы Әлихан Әлиасқаров баламыз да «Бала барысы – 2022» сайысының жеңімпазы болып, мерейімізді өсірді.
Медицина саласына келсек, аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарына 205 млн теңге қаржы бөлінді. Республикалық бюджет қаржысы және аурухана, емхана өзінің үнемделген қаржысы есебінен газге көшкен болатын осы жылы. Ғимаратты жылыту мақсатында сыртын қаптап, шатырын ауыстырсақ аурухана жақсы кейіпке енеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, Тұрмағамбет, Ақжар, Дүр Оңғар ауылдарына фельдшерлік дәрігерлік амбулатория салынайын деп жатыр. Оған да тиісті республикалық бюджеттен, денсаулыққа байланысты ұлттық жобамен жүзеге асырылады деп күтілуде.
– Мемлекет басшысының әрбір жылдағы Жолдауында кәсіпкерлік саласына басымдық беріліп келеді?
Жасыратыны жоқ, өңірде кәсіпкерлік саласы кенжелеп қалған. Оның бір себебі – ауданымыздың географиялық орналасуына байланысты деп айтуға болар. Өйткені Жаңақорған, Шиелі аудандары Түркістан, Шымкент қалаларымен әрі қарай сауда жа- сайтын болса, Арал, Қазалы ауданы Ақтөбе облысы, әрісі Ресейге қарай жол тартады. Баяу дамып келе жатқан өңірміз. Оның бір дәлелі – алысқа бармай-ақ біздің аудандық орталық базардың өзі ешқандай талаптарға сәйкес келмейді. Біздің тараптан жұмыстар жүргізіліп, қазіргі таңда базарды жергілікті кәсіпкер сатып алды. Алдағы уақытта ол жерден заманға сай сауда орталығын салуды жоспарлауда. Жалпы кәсіпкерлікті қолдауымыз керек. Биылғы жылдың өзінде кәсіпкерлікке 500 млн-ға жуық қаржыға кредит немесе қайтарымсыз несие алған азаматтар бар. Тағы бір қуанышты жайт, Ақтөбе ауылында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін «Қармақшы құс» фабрикасы салынуда. Келешекте оның өнімділігі одан көп болады деген болжам бар. Алыс-жақын шетелдердегі геосаяси жағдайға байланысты кедергілер орын алуда. Десе де, 100 процент құрылысы аяқталып, ішіндегі құрал-жабдықтарын орналастыру 70-80 процентке жетті. Өйткені, құралдары Бельгия, Түркия, Иран, Қытай секілді мемлекеттерден тасымалдануда. Келер жылдың ақпан-наурыз айларында фабриканы іске қосу межеленуде. Одан бөлек, бұл жұмыстар іске асқан жағдайда, ендігі кезекте құсқа жем қажет болады. Сол үшін «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан Іздібаев бізге өтінішін білдіруде. Яғни, жер алу мүмкіншілігін қарастырып жатыр. Жоба бойынша ол азаматқа индустриалдық аймақтың жер телімін табыстайық деп отырмыз. Осы жерде құрама жем зауытын салуды қолға алу жоспарлануда. Жем зауыты салынған кезде ауыл, аудандар мен облыс, алыс-жақын шетелдерге таратылатын болады. Зауыт салынса, ұн диірмені, күріш сақтайтын цех секілді ірі өндіріс орнын салу мүмкіндігі де қарастырылады. Әрине, бірінші кезекте 2-3 ай уақыт көлемінде құс фабрикасын іске қосу, содан соң барып құрама жем зауытын салу көзделуде.
– Аудан тұрғындарын толғандырып жүрген Жосалы кентіндегі автокөліктердің кептелісін тудырып отырған темір жол өткеліне көпір салу, балалардың тынығу лагері мәселелері жайында не айтар едіңіз?
– Жосалы кентінде 22 мыңға жуық тұрғын болатын болса, соның тең жартысына дерлігі темір жолдың арғы бетінде орналасқан. Сондықтан да темір жол өткелі қазіргі таңда әр отбасында жеңіл автокөліктердің көбеюіне орай кептелістің орын алуы жиілей түскен. Оған тұрғындардың ұсыныстары мен наразылықтары туындап жатыр. Осыған сәйкес, біз жобалық сметалық құжаттамасын дайындау үшін облыстық бюджеттен қаржы сұрағанбыз. Алайда, оған ең бірінші техникалық-экономикалық негіздеме жасауымыз керек. Сол себепті де биылғы жылы ауданнан осы темір жол өткелінің тұсынан арғы бетке қатынайтын көпір құрылысын салу үшін 9 млн теңге қаржы бөлдік. Оған көпірдің алғашқы техникалық-экономикалық негіздемесін жасаймыз. Одан кейін жобалық сметалық құжаттамасы келеді. Сосын барып құрылысы жүреді. Осы 3 этаптан өтеуі керек. Темір жол өткелінен түскен кезде жолдың арғы бетінде 2 көшеге бұрылатын қиылыс бар. Осы жерлерде жол апаты орын алу қаупі жоғары. Сондықтан бұл жерге де көпірді 3 жылда бола ма, әлде 5 жыл ма, оның құжаттары жүре береді, қаржысы жасала береді. Дегенмен де темір жолдың арғы бетіне өткенде бірден көлік кептелісін болдырмау мақсатында ол жерге айналма жол салу мүмкіндігін барынша ойластырудамыз. Оның жобалық сметалық құжаттамасын демеушілердің есебінен жүргізудеміз.
Балалардың тынығу лагерінің құрылысы толығымен аяқталды. 2023 жылы пайдалануға береміз. Жазғы демалыста 3 ай балалардың тынығу лагері болады. Бүгінде ол лагерь заңды негізде дарынды балалардың "Мамандандырылған No284 мектеп-лицей интернаты" болып ашылды. Келесі жылдың ақпан айынан бастап мамандарды қабылдап, жұмыс жасауға мүмкіндігі бар.
– Облыс көлемінде бірқатар басшылық лауазымдарда қызмет еткен азаматсыз. Ұзақ жылғы тәжірибеде қандай ой түйдіңіз, қызмет барысында нені басты назарға аласыз?
– Қармақшы – туып-өскен ауданымыз. "Туған жерге туыңды тік" дегендей, туған еліме келгесін соның дамуына, көркеюіне өз үлесімді қоссам деймін. Осы жерде өскесін тұрғындардың бәрі туыстарым, жерлестерім, өзімнің ортам. Қызметке елді көркейту-дамыту мақсатында келдім. Өмірдегі басты ұстанымым – қарапайымдылық. Елмен бірге болу, елмен етене араласу. Алдағы күндерге ел игілігіне асатын үлкен жобаларымызды жасап, инвестиция тарту – мақсатымыз. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың мүмкіндіктерін қарастыру басты бағытымыздың бірі. Ауданда шаруашылықта күрішке көп мән беріп кеткенбіз. Ал мал шаруашылығына енді ден қоюдамыз. Күрішті шикілей сатсақ, малды да тікелей сатып жүрміз. Бір қойды 70-80 мыңға сатсақ, егер өнімін өңдейтін цех болатын болса, онда одан 100 мың теңге көлемінде пайда табуға болар еді. Терісін илеп, жүнін, сүйегін өңдейтін болсақ, ұтар едік. Осы жұмыстар бізде кенжелеп қалған. Мал шаруашылығын дамытпай, одан толыққанды пайда таба алмаймыз. Мысалы бір мал 70 мың теңге болатын болса, осындай олқылықтың кесірінен біз 30 мың теңгенің затын далаға тастап жатырмыз.
– Күз – тоқшылық айы. Биылғы науқанның аудан халқына берекелі болғаны анық. Агросекторда келер жылы қандай игі істер орын алмақ?
– Ауданда егіс көлемі 24326 гектарды құраса, оның ішінде 316 гек- тары бақшалық жерге арналған. Осы жерлерге 837 отбасы бақша өнімін егіп, игілігін көрді. 12773 гектарға күріш дақылы егіліп, 76,043 мың тонна Сыр салысы қамбаға құйылды. Агросектордағы негізгі кәсібіміз – күріш. Ауылшаруашылығы саласын әртараптандыруға болады. Бірақ табиғатымыз оған көне бермейді. Көктемде қауын-қарбыз ексек, гүлдеп тұрғанда немесе пісуге сәл қалғанда басқа облыстың қауын-қарбызы нарықты жаулап алады. Еккен өнімі арзан бағада саудаланатын болғасын, еңбекке татымайды деген де пікір бар. Әйтсе де бұған қарамастан еңбек етіп, бақша дақылдарын егіп жатқандар аз емес. Бұл жағынан Төребай би, Алдашбай ахун ауылдарының еңбеккер тұрғындары үлгі десем артық емес. Суды келтіру мақсатында көмегімізді бердік. Диқандар Төретам, Байқоңыр өңірлерінде саудаларын жақсы жүргізіп жүр. Дүр Оңғар ауылы бірер жылдан бері бұрынғы күріштіктің орны- на бақша дақылдарын егіп, әдісін алып келеді.
– Туған жердің түлегісіз. Оны түлетуде алда қандай жоспарларыңыз бар? Келер жылы қармақшылықтарды қандай жаңалықтармен қуантпақшысыздар?
– Аудандағы 4 елді мекенде, атап айтқанда Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Иіркөл, Ақтөбе ауылдық округтерінде электр желілерін ауыстыру мақсатында жобалық сметалық құжаттары дайындалып қойылды. Осы ауылдық округтердің аталған жұмыстарын атқаруға 900 млн-ға жуық қаржы қажет етіледі. Жоба демеушілердің есебінен жасалды. Бүгінде мемлекеттік сараптамадан өткізіп, бұны да қосымда келесі жылға ақпан айында өтетін бюджетке ұсынып отырмыз. Сонымен қатар, Жосалы кентін абаттандыруға, елді мекендерді суландыруға орай ұңғымалар (скважиналар) қазуды ойластырып жатырмыз. Сол арқылы көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жандандыратын боламыз. Демеушілер есебінен 24 ұңғымаға жоба сметалық құжаттамасы дайындалды. Осы ұңғымалардың 11-і облыстық бюджеттен қолдау тауып тұр. Ұңғымалар әр елді мекенде және Жосалы кентінде қазылатын болады. Бұлардың барлығы келесі жылы атқарылатын жұмыстар.
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы негізінде 500 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға Жосалы кентінде 14 көшеге және Ақтөбе, Ақжар, Ақай ауылдарындағы көшелерге асфальт жүргізілетін болады. Оған қоса, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы әр ауданға көркейту - көгалдандыруға , инфрақұрылымды дамытуға 150 млн теңгеден қаржы бөлген болатын. Осы қаржының биыл да игілігін көрсек, келесі жылға да қаржы бөліп отыр. Елді мекендердің ішінде Қуаңдария ауылында 2 көшені асфальттауға облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Тағы да атап өтетін болсақ, алдағы жылға аудан бойынша 2 мектепті ұлттық жобаға енгізіп отырмыз. Оның бірі – «Жайлы мектеп» жобасы бойынша No105 мектеп-лицейі болса, бірі – No108 орта мектеп. Кент орталығындағы No27 орта мектепті, Тұрмағамбет ауылындағы No29 орта мектепті жаңадан салуға тиісті орындарға ұсыныстар берілді. Елді мекендерге байланысты біз осыған дейін атап өткендей, 115 көшеге 3 млрд-қа жуық қаржыға жобаларымыз дайын. Осы жобалардың барлығын тас төсеуге, асфальттауға байланысты ұсынатын боламыз. Жоба жүзеге асып жатса, Жосалы кенті мен ауылдық округтердегі көшелердің 90 процентке жуығы асфальттанатын болады.
Осы жылы Жосалы кенті мен Ақай ауылында денешынықтыру және спорт кешені салынуда. Кешендердің аяқталу мерзімі келесі жылдың еншісінде. Құрылыс жұмыстары аяқталғанда біздің өлкенің балалары әрі қарай да спорт саласында үлкен жетістіктерге жетелейді деген ниеттеміз. Сонымен бірге осы елдің азаматтары «31 мамыр – саяси қуған-сүргін құрбандарын еске алу күніне» орай тарихи мәні терең жоба жасауда. Біз оларға тізімдерін нақтылауға көмектесіп жатырмыз. Жосалы кентінде саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналып ескерткіш-белгі орналастырылады. Бұл іс-шара да келесі жылдың еншісіне тиіп тұрған дүние. – Біздің өлкеміз өнермен құт қонып, ырыс дарыған мекен екенімен ерекше. – 22 қазанда аудан әкімдігінің қолдаумен К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің ұйымдастыруымен Сыр сүлейі, есімі алты Алашқа мәлім Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туғанына 140 жыл толуына арналған "Жасымнан назым сөзге шебер едім..." атты республикалық жыршы-жыраулар фестивалі өткізілді. Оған Бидас Рүстембеков бастаған жыршы-жыраулар қатысып, арнайы алғыс хатпен марапатталса, Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында 25 қазан – Республика күніне арналған "Егемен ел – қазыналы Қазақстан" атты мерекелік салтанатты кеште аудан атынан жыраулар үйінің үйірме шәкірттері шақыртылып, Тұрмағамбеттің "Тәлім" шығармасын Жиенбай жыраудың мақамымен орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді. 7-8 қазан күндері Т.Көмекбаев ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен "Құрмет белгісі", "Еңбек Қызыл Ту", "Қызыл жұлдыз" ордендерінің иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Жаңақала ауылының іргетасын қалаған алғашқы директоры Қаратай Қуаңбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған "Ұлағаты ұрпаққа үлгі" атты мерейтой кең көлемде аталып өтті.
– Көзді ашып-жұмғанша жаңа жылдың да табалдырығын аттағалы тұрмыз. Аудан халқына тілегіңіз болса?
– Жаңа жылда аудан халқына қуаныш тілеймін. Еліміз көркейе берсін. Келер қоян жылы өңіріміздің әрбір отбасына құтымен, берекесімен кірсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты арта берсін. Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, тек жақсы күндерде, "Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманда" өмір сүруді нәсіп еткей!
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбаттасқан Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК

31 желтоқсан 2022 ж. 870 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 099

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031