Жаңажол жарқын жолда
Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановтың халық алдындағы есепті кездесуі аудан дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген іргелі ауыл – Жаңажол ауылдық округінде жалғасты.
Халыққа сүйінші жаңалықтан бастайық. Ауылды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Жаңажол» ЖШС демеушілігімен жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұйырса, жаңажолдықтар жаңа өмірге қадам басып, отын жарып, күл шығарудан құтылмақ.
Бүгінде аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін қолға алып, қарапайым халыққа қолжетімділігін арттыруда мақсатты қадамдар жолға қойылған. Әділбек Бөрібайұлы және Әділ Үсенұлы бұл ретте Жаңажол ауылдық округіндегі «Айман» шаруа қожалығының сүт өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Ауылдағы ағайынның аузын аққа жеткізіп отырған игі бастаманың өміршеңдігі бүгінде айқын дәлелденген. Төрт түліктен алынған өнімдерді тікелей шикізат күйінде емес, оны өңдеп, түрлі өнімдерді халыққа сапалы әрі таза табиғи күйінде жеткізуді мақсат еткен игі бастаманың жемісін ауыл халқы көріп отыр.
Елді мекендегі ауылдық клуб үйінде жұртшылықпен жүздескен аудан әкімі аймақтың даму динамикасын саралады. Қоғамның түрлі салаларындағы алға жылжу жайына тоқталды. Мәселен, ауылдық округте дәрігерлік амбулаторияның құрылысына жоба-сметалық құжаттамасына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құжаттама әзірленді. Алдағы уақытта жоғары тұрған бюджеттерден қаржы сұратылып, жұмыстар атқарылатын болады. Оған қоса, ауылдағы №11 балабақшаның қазандық ғимаратының құрылысына тоқталып өтті.
Кездесу барысында ауыл халқы аудан әкіміне көкейкесті сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Есеп беру жиынынан соң Әділбек Бөрібайұлы елді мекен халқына жеке қабылдау өткізді.