Тыңдаушы құлақ болса, қарттарда айтар ақыл көп
АТА ЖОЛЫН ЖАЛҒАП КЕЛЕ ЖАТҚАН АҚСАҚАЛ АТАЛАРЫМЫЗ БЕН АҚ ЖАУЛЫҚТЫ ӘЖЕЛЕРІМІЗДІҢ МЕРЕКЕСІ ДЕ КЕЛІП ЖЕТТІ. ОЛ – 1 ҚАЗАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР КҮНІ. ҚАРТТАР – БІЗДІҢ АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗ. АЛ ДАНАЛЫҚТЫҢ АЛТЫН КІЛТІ – АТА-БАБАМЫЗ. «ҚАРТЫ БАР ҮЙДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР» ДЕГЕН ТӘМСІЛ ОСЫ ОЙДЫ МЕҢЗЕЙДІ. ҚАРТТАР БҮКІЛ САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН, ҚАЖЫР-ҚАЙРАТЫН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ, ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ ЖҰМСАҒАН ЖАНДАР. ОЛАРДЫҢ САЛҒАН САРА ЖОЛЫН КЕЙІНГІ ҰРПАҚ ӨНЕГЕ ТҰТЫП, ҰЛЫҚТАУҒА ҰМТЫЛАДЫ. МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ АСҚАР МЕРЕКОВ АҒАМЫЗБЕН ӘҢГІМЕЛЕСКЕН ЕДІК.
– Асқар аға, сұқбатымыздың алғашқы сауалы етіп өзіңіздің еңбек жолыңызға бір шолу жасасақ?
– Ол кезде ауыл Чапаев атында. Қаладағы Гагарин атындағы мектеп интернатты жақсыға бітіргеніммен оқуға түсе алмай, ауылға келіп ерте еңбекке араластым. Комбайнердің көмекшісі болып, бір жыл жұмыс істедім. Кейін екі жыл әскерде борышымды өтеп келіп, қайта оқуға тапсырдым. Сөйтіп еліміздегі ауыл шаруашылық институтының «Ауыл шаруашылықты электрлендіру» факультетіне оқуға түстім. Оны 1981 жылы қызыл дипломмен бітірдім. Ауылға келіп аға инженер болып жұмыс істедім. 1987 жылы Ауыл шаруашылығы энергиясы деген мекеме құрылып соған басшылық қызметке конкурсқа түсіп, өттім. Сол мекемеде 1997 жылға дейін қол үзбей қызмет еттім. Өте жақсы жұмыс істедік. Ауыл шаруашылықты электрлендіру мәселесі қолға алынып, қырмандар механикаландырылды. Фермаларда сиыр сауу, тіпті шөптердің өзін аппаратпен турайтын етіп электрмен жабдықтадық. Сол жылдары комплекстің ең көбі Ақжар ауылында болды. Онда Израилден келген қондырғы жұмыс істеді. Яғни сүттен бірнеше өнім түрін шығарды. Қой қырқымның бәрі электрмен жұмыс істеді. Әрбір қойшының үйіне электр энергиясын апардық. Оны бақылауда ұстадық. Егер бір күн жарық сөніп қалса соны жөндеп беру үшін орталықтан Кекіреліге дейін көлік жіберіп жөндеп жүрдік. Қойшыларға сондай жағдай жасалды. Қырманның өзі электрмен үздіксіз жұмыс істеді. Соның басы-қасында тынымсыз жүрдік. Ауданда сым орайтын, тері илейтін цех аштық. Тері илейтін цех та өте жақсы жұмыс істеді. Рязань қаласынан маман шақырып, жұмысшыларымызға өнім шығаруды үйреттік. Қойдың терісін илеп одан тон шығардық, балаларға байпақ тіктік. Керек құрылғыларды жан-жақтан жинадық. Төрт тон тігетін машинамыз болды. Тіпті кейбір аппараттарды қолдан жасадық. Кейін Одақ тараған соң әртүрлі жағдайларға байланысты цехымыз талан-таражға кетті. Одан соң бұл жұмыстың аяқ алысы тоқтағаннан кейін 2002 жылға дейін Ақтөбе ауылына төраға болып бардым. Ол уақыт өте қиын кезең болды. Ауылдың жағдайы төмендеп кеткен. Көлікке май, техникаға бөлшек іздеумен жүрдік. Менің өмірімдегі ең қиын кезең сол болды. Одан кейін ауданда терминал ашылып сонда инженер-энергетик болып жұмыс істедім. Рзақұл Нұртаев ауданға әкім болып келген тұста коммуналдық шаруашылық мекемесіне басшы болып, одан кейін Жосалы селолық тұтыну кооперативіне директор болдым. 2008 жылы бүкіл ауылды сумен жабдықтайтын Қармақшы техсервиз мекемесі ашылып, сонда ауыстым. Кейін директор болдым. Ол кезде ауданда ауыз су мәселесі қиын. Кент жанындағы құбырлардың суын зерттедік. 2011, 2015 жылы екі рет Жосалы кенті әкімі болып сайландым. Еңбегіме қарай Қармақшы ауданының құрметті азаматы атандым. Сөйтіп екі жылдан кейін зейнет демалысына шықтым. Осылайша қиындығы мен қызығы мол қызметтер атқардым. Қызметте жүріп жақсы адамдармен аралас-құралас болдым. Былайынша айтқанда біреуден үйреніп, біреуге үйреттік. Ал енді зейнетке шықсам да қоғамнан қол үзбедім. Түрлі іс-шаралардың басы-қасында жүріп, жастарға ақыл-кеңесімізді айтудан жалықпадық.
– Аудандық ардагерлер кеңесіне төраға болып келгеніңізге екі айдан асты. Осы уақытта ұйым жұмысында қандай ізгіліктер, өзгерістер қосылды? Қарттарымыздың хал-жағдайына қатысты қандай іс-шаралар іске асуда?
– Сұраққа жауап бермес бұрын мынаған тоқталсам. Қазір ауданда 5300 зейнеткер болса, 53 бастауыш ұйымда 4200 ардагер есепте тұр. Қалған ардагерлермен жұмыс істеу үшін Төретам кенті мен Ақай ауылындағы мектептердің жанынан ардагерлер ұйымын құруға жұмыс істеп жатырмыз. Одан бөлек ауданда есепте жоқ ардагерлер көп. Соларды ұйымға тартып, қоғамға пайдалы жұмыстарға бағыттау керекпіз. Енді бір жаңалығымыз – қазір әрбір ардагерімізде есеп картасы бар. Сол арқылы барлық қартымызды есепке алып жатырмыз. Бұл үлкен жұмыс. Онда ол кісінің білімі, отбасылық жағдайы, компьютерге бейімділігі, денсаулығы көрсетіледі. Бұйырса жылдың аяғына дейін бітіріп қаламыз. Жалпы ардагер қолдаусыз қалмау керек. Зейнетке шыққаннан кейін үйде отырмаған жөн. Қоғамның белсенді бір мүшесі болу керек. Олардың әлі де беретіндері бар. Жастарға ақыл айту керек. Біздің мақсатымыз – ардагерлерді жалғызсыратпау.
– Ардагерлерді жалғызсыратпау керек деп айтып қалдыңыз, енді осы қарттарымыз қаншалықты жиі бас қосып тұрады?
– Өзіміздің әрбір айға бөлінген жылдық іс-жоспарымыз бар. Мәселен, қарттарды патриоттық негізде жастармен кездестіріп отырамыз. Онда олар әскерге баратын жас сарбаздарға өзінің әскердегі өмірін айтып, ынталандырып, батасын береді. Одан кейін мектептің жоғары сынып оқушыларымен ауданның өнегелі де құрметті азаматтарын кездестіріп, тәрбиелік мәні бар сұқбат жүргіземіз. Кеше аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен 30 ардагерімізді Түркістан қаласына саяхат жасап, демалуға жібердік. Қарттар күнінде Қорқыт ата, Марал бабаның басына апарамыз. Балық аулау, мылтық ату, шахмат ойнаудан жарыс өткізу ниетіміз бар. Әр ауылдың өзіндік ерекшелігіне қарай жарыстар ұйымдастырудамыз. Осыған сай Төретам кентінде ардагерлердің сайысы өтті. Онда бата беру, ғибратты әңгімелер айтудан қарттары- мыз бақ сынасты. Тұрмағамбет ауылында Тасберген жырауға арналған кеште ардагерлеріміз бас қосып, рухани әсер алып қайтты. Қуаңдария ауылындағы «Олжа» шаруашылығының төрағасы Болат Бөгетовтің шаруа қожалығын көріп, жұмысымен танысты. Одан бөлек қоғамдық жұмысқа араласып, ауданда, кентте жүріп жатқан құрылыс нысандарының жұмыс сапасын бақылап отырады.
– Қазір шыны керек жастарға ақыл айтып, жол көрсетіп жөнге салатын ақсақал қарияларымыз азайып бара жатқандай. Ер балалар теріс жолға түсіп, сырғалы жігіттер көбейіп кетті. Бұған не дейсіз?
– Сұрағыңның жаны бар. Мұндай жағдайлардың орын алуына фактор көп. Біріншіден отбасындағы тәрбиенің дұрыс еместігі. Бұрын ер бала дүниеге келсе найза ұстар, қамшыгер келді дейтін. Қазір ондай сөз айтылмайды. Сосын білім ошақтарында 80-90 пайыз әйел азамат сабақ береді. Бұл жерде әйелдерді төмендеткенім емес, керісінше ер адамның тәрбие беруі аз рөл атқаруда. Осыдан кейін ер бала жасық болып өседі. Бұрын біз ауылдың баласы болғанда ала таңнан кеш батқанға дейін қара шаң болып ойнайтынбыз. Сонда әке-шешеміз алаңдап іздемейтін. Қазір ата-ана баласын көзден таса қылудан қорқып қалған. Жалғыз жібергісі келмейді. Баяғыда Ақан сері бір ауылға жол салып барған екен. Ауылдың бүкіл кәрі-жасы оның әнін таңға дейін тыңдапты. Сонда бір ақсақал «Ай Ақанжан, сен сияқты ән айтатын адам енді тумайды ғой» десе сері тұнжырап отырып, «Мен сияқты ән айтатын талай Ақандар әлі-ақ дүниеге келеді. Менің бір қорқатыным, соны тыңдайтын адам болмай қала ма деп қорқамын» деген екен. Сол сияқты өсиет, ақыл айту үшін де тыңдаушы керек. Мен өзім кішкентайымнан аңыз әңгімелерді көп оқып, тыңдағандардың бірімін. Бір болған жайтты айтайын. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Ақтөбе ауылында Нұрлан Іздібаев ініміз сырттан адам шақырып, ат жарысын өткізді. Содан кешке қарай адамның басы жиналып бір түн өсиет әңгіме айтқаным бар. Сол кезде марқұм Тұрғанбек ағамыз «Арамызда әңгіме айтатын адам бар екен-ау» деп айтқаны бар еді. Міне, сол сияқты тыңдаушы болса, жастарға ақыл айтатын қарттарымыз көп.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Ерсін ӘБЛӘКИЕВ