Ауылдас ағай

2011 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түстім. Алғашқы дәрістердің бірінде бізге Темірхан Тебегенов ағайдың сабақ бергені бар. Жан-жақтан барған студенттер танысып-білісіп жатқанда «Қызылорда» десе бір бүйрегіміз бұрып тұратын еді. Оның ішінде ағайдың «қармақшылық» екенін біліп туғанымды көргендей қуанғаным әлі есімде. Себебі үйден жырақтап кеткен біз үшін ауылдың бір адамын көрудің өзі үлкен қуаныш болатын.

Ағай үнемі күліп жүретін. Ашуға беріле бермейді. Өзін мейлінше салмақты ұстайды. Дәрісті те беріле түсіндіретін. Жүзі жылы жанның солбір бейнесі көз алдымда әліге дейін тұр. Университет қабырғасында жүргенімізде түрлі тақырыпта кездесулер ұйымдастыратын. Оның барлығы қазір естелік болып қалды ғой.

Иә, адамның бойына жақсы адамгершілік қасиеттердің сіңуі мен өнер-білімді игеру тәрбиеге, өскен ортаға, үлгі-өнеге берер ұстазға байланысты. Осыны жақсы түсінген халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы», «Тәрбиесін тапса адам болар, оқуын тапса білім қонар деп» ұлағатты ұстаздың еңбегінің текке кетпейтінін өсиет еткен. Жақсы ұстаз шәкіртіне әрқашанда үлгі болып қалатыны сөзсіз.

Бүгінгі мақаламның тақырыбына арқау болған жан Темірхан Тебегенов ағай өз кәсібін шексіз сүйетін, студенттерді білім нәрімен сусындатқан ғалым-ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясының академигі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіндегі Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы болды.

Ол 1949 жылы 18 қарашада Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, қазіргі Ақжар ауылында дүниеге келген. 1958-1968 жылдары Ақжардағы №28 «Қазақстан комсомолының XXV» жылдығы атындағы, сол кезде халық «Бестам мектебі» деп атап кеткен орта мектепте оқып шыққан. 1968-1972 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетінде «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын оқып жоғары білім негіздерін игерді. Еңбек жолын 1972-1974 жылдары Қуаңдария кеңшарындағы №186 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады.1974-1981 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы №10 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, тәрбие жұмыстарының ұйымдастырушысы (мектеп директорының орынбасары) қызметтерін атқарды. Орта мектептегі қызметтік өсу жолы 1981-1991 жылдары Н.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтында (кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті деп аталды) жалғасты. Осы жылдары (1986-1987ж ) С.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып, «Ақындық дәстүр және Нартай Бекежанов поэзиясының ерекшеліктері» тақырыбында филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.

Аталған институттың бастауыш оқытудың педагогикасы мен методикасы, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында аға оқытушы, доцент, қазақ әдебиеті мен араб тілі кафедрасының меңгерушісі сияқты қызмет баспалдақынан өтті. 1989-1992 жылдары Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы республикалық басқармасының мүшесі, Қызылорда облыстық ұйымы басқармасының төрағасы қызметін де абыроймен атқарды. Қазақ тілінің мемлекеттік мертебеде қолданылуы бағытындағы көсемсөздік мақалалары облыстық, республикалық баспасөзде жиі жарияланып тұрды.

Темірхан Сақаұлы еліміз Тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері қазақ білімінің қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы, кафедра меңгерушісі, Ұлы дала тұлғалары орталығының ғылыми қызметкері, академик Серік Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры қызметтерін атқарды. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың аспирантурасында оқып, кандидаттық диссертация қорғаған ол Абай атындағы ҚазҰПУ-да 2002 жылы докторлық атағын алды.

Ол өзі жұмыс істеген барлық құрылымда жауапкершілігімен, талапшылдығымен, іскерлігімен. еңбекқорлығымен, адамгершілік қасиеттерімен дараланды. Педагогикалық қызметті ғылыммен тығыз ұштастырған ол 600-ден астам ғылыми еңбек,оның ішінде ауызша авторлық поэзия, әдеби шығармашылық өнер психологиясы, әлем әдебиеттерінің поэтикалық үндестіктері мен ұлттық ерекшеліктері, Тәуелсіздік дәуірі әдебиеті, шетелдегі қазақ әдебиеті мұраларын жинау және зерттеу сияқты мазмұнды еңбектер қалдырды. 6 монография, жоғары оқу орындарына арналған 30-дан астам оқу құралы мен оқулықтары жарыққа шықты. Шетелдік импакт-факторы бар журналдарда да ғылыми мақалалары жарияланған.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен еліміздің білім саласын дамытуға арнаған Темірхан Тебегеновтің қажырлы еңбегі жоғары бағаланып Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы», ҚР БжҒМ шешімімен «Ыбырай Алтынсарин» медалі, ТҮРКСОЙ-дың «Тоқтағұл Сатылғанов – 150» медалі, Түркі Әлемі Халықаралық «Қызыл Алма» сыйлығы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың «Үздік Түлек» медалі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Ана тілі» арнайы медалімен және Абай атындағы ҚазҰПУ ректорының, кәсіподақ ұйымының шешімімен «Үздік ұстаз» медалдарымен марапатталды.

Қашанда шәкірт жүрегіне жол тауып, оның қанатының қатаюына өлшеусіз үлес қосқан ұстаздық еңбегінің өзі том-том еңбек. Аса білімді, парасатты ғалым, ардақты азамат, ақкөңіл, ақжарқын ағай  Темірхан Сақаұлының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Баршагүл САХИЕВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы
31 қаңтар 2024 ж. 457 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 014

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031