Бесаспап маман
qarmaqshy-tany.kz Кей адамдармен әңгімелесу кезінде мамандығына деген адалдығын байқауға болады. Көзі жанып тұрады, бар білімін, күш-жігерін өзге жандарға үйретуге тырысады. Мамандыққа деген адалдық тек өз ісін шынайы сүйетін жандардың бойында болатыны хақ. Жауапкершілік, таза ниет, еңбекқорлық секілді осындай бағалы қасиеттерді өз бойына жинаған бүгінгі кейіпкеріміз – Гүлнұр Қайнарбаева. Бүгінде ол Төретам кенттік клуб үйінің әдіскері болып еңбек етуде.
Бала күнінен әдебиетке, өнерге қызығып өскен ол бойындағы жалынын, өнерін жасырып қалмайды. Анасы Гүлжаһан ән айтса, әкесі Бектұрар домбырада ойнайтын. Ата-анасының осы өнерін көріп өскен жас қыз мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады.
Гүлнұрдың сөз саптауына, өзін өзі ұстауына қарап әдебиеттің ауылынан алыс емесін байқадым. Шыдай алмай қайда жоғары білім алғанын сұрадым. Әңгімеміз осы сәтке келгенде одан әрі жандана түсті. Себебі бір оқу орнын бітіріппіз. Бізден 3 курс жоғары оқыпты. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология мамандығы бойынша білім алған екен. Мен де осы факультеттің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының түлегімін. Студенттік шақты еске түсіріп, сабақ берген профессор ағайапайларды еске түсірдік. Түрлі тақырыптағы лекция мен театрға барған қойылымдарды сөз еттік. Көз алдымызда үзікүзік сол кездегі кадрлар түсіп жатты... Өткен шақты бір парақтап алып, әңгімені қайта жалғай түстік.
Кейіпкеріміздің бойындағы ізденімпаздығы мен жанжақтылығы университет қабырғасында жүргенде де қалыс қалмайды. 2 курс оқып жүрген тұста «Өнерлілер додасы» ұйымын құрады. Осылайша әрбір жанның бойындағы тұмшаланып жатқан өнерін шығаруға, сахнаға төселуге үйретеді. Кейін 2010 жылы Қуаныш есімді азаматпен бірге қол ұстасып үлкен өмірге қадам басады. 2012 жылы оқу бітіріп келген соң алғашқы еңбек жолын №80 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Мектепте төрт жылға дейін ұстаздық қызмет етеді. 20162018 жылдар аралығында «Төретам жастары» қо ғамдық бірлестігінің тө р айымы болса, 2019 жылдан бастап кенттік клуб үйінде әдіскер болып жұмыс істеп келеді.
– Мектеп оқып жүрген кезімде клуб үйінде өткен ісшаралардың бірінде билеп шыққаным бар. Сол кезде клуб үйінің директоры Зейнегүл Сүгірова апайымыз мені шақырып, бойдағы өнерді одан әрі дамыту үшін осындағы үйірмелерге қатыстыра бастады. Қарымқатынасымыз оқу бітіргеннен кейін де үзілмеді. Жалпы сол кезден бастап клуб үйінен алыстамай, сахнада жүрген екенмін ғой. Мектепте қызмет етіп жүргенде өзім сахнаға шығып жүрдім, оқушыларымды да алып келетінмін. Өзге жандар жұмыстың проблемасын айтып жатқанда "Біздің жұмыста артық мәселе жоқ. Өмір тамаша" деп қалжыңдайтыным бар. Себебі жаным осы істі қалайды. Клуб үйіндегі жұмысымда өзімнің орнымды тапқандаймын, – дейді ол.
Кейіпкеріміздің өнері балаларына да берілген сыңайлы. Өйткені өнерлі отбасы ретінде балаларымен бірге сахнаға шығып ән салатын жақсы үрдісі бар. Қызы Аяулым 12 жаста. Ол да өнерге құмар. Домбыра шерткенді, көркемсөз оқығанды жақсы көреді. Ал үлкен ұлы Даниял да әнге жатық. Кенжесі Димаш 9 айлық. «Кішкентайым жүре бастаса оны да қосып квартет болатын шығармыз» де әзілдейді ол әңгіме арасында.
Негізгі жұмысы ісқағаздарды үйлестіру, ұйымдастыру жұмыстары. Бала күнінен ширақ болып қалыптасқан оған бұл жұмысы қиындық туғызбайды. Ісіне шын берілген тынымсыз жан дерсіз. Ал бұған басты себеп – сүйікті мамандығына деген адалдығы.
– Біршама уақыт бұрын өзіміз сахнада жарқылдап жүрдік. Бойдағы жастық жалын болған шығар. Қазір сәл бұл дүниеден тартынамыз. Керісінше соңымыздан еріп келе жатқан жас өрендерді үйретіп, жаңа есімдерді шығарғымыз келеді. Олардың өнеріне қарап еңбегіңнің көрініп, ақталып жатқанына қуанып қаламыз, – дейді ол.
Ақнұр САҒЫНТАЙ