» » "Алтындары" көп ұстаз

"Алтындары" көп ұстаз

Мектептегі басты тұлға – мұғалім. Тіпті қазір технология қарыштап дамыған заманның өзінде де білім сапасын қамтамасыз етудегі ұстаздың рөлін ауыстыруға келмейтінін пандемиямен өткен бір жыл анық дәлелдеді. Білімді ұрпақ пен бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, жан-жақты ұстаздар ғана тәрбиелеп шыға алады.  Осындай білікті ұстаздың бірі – Гүлмира Қазтуғанова. Ол Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.
Білікті ұстаз Арал қаласындағы көпбалалы отбасының тұңғыш перзенті болып дүниеге келген. Әкесі Алдаберген – әскери қызметкер, анасы Ұлмекен – бас­тауыш сынып мұғалімі болған. Аралдағы №15 мектепте ұзақ жыл қызмет еткен жоғары санатты ұлағатты ұстаз-анадан тәлім алған соң, ана жолымен ол да ұстаздық етуді қалаған. 1991 жылы №197 орыс мектебін бітірген соң Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы педагогикалық институттың «Қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түскен.
– Еліміз тәуелсіздік алған жылы отбасыма әрі ата-анама көмек ретінде мұғалім болып жұмыс істедім. Себебі мен үйдегі сегіз перзенттің ең үлкенімін. Алғашқы жұмысымды Арал ауданындағы №57 орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастадым. Әрине, ұстаздық ету оңай жол емес, бірақ анамның үлгі-өнегесін алып, мен де осы саланы таңдадым, – дейді Гүлмира Алдабергенқызы.
Білім бағбанының еңбек жолы Арал қаласындағы №15 мектепте жалғасса,  1994-2013 жыл аралығында  Байқоңырдағы №8 мектепте ұстаздық етеді. Ал 2013 жылдан бері ғарышкерлер қаласындағы №277 мектеп-лицейінде оқушыларды білім нәрімен сусындатуда.
Ұстаз еңбегі қашанда шәкірт жетістігімен өлшенеді. Әрбір мұғалім өз оқушысының жеткен жеңісіне қуанады, оны мақтанышпен айта жүреді. Білікті ұстаз да білімді оқушыларын әсте ұмытпайды. Айдана Оңдасова, Дәулет Санатов, Айбек Атамқұлов, Нұрлыбек Спандияр, Мәдина Қараманова, Жадыра Есбаевалар – ұстаз, мектеп, қала абыройын асқақтатқан талантты оқушылары. Олардың кейбірі Ресей, Англия елдерінде, тағы бірі өз еліміздегі белгілі жоғары оқу орындарын тәмамдап, білікті маман атанып, өмірден өз орнын тапқан. Сонымен қатар ұстаз мерейін асқақтатқан оқушының бірі – Карина Құндызбаева. Ол аудандық, облыстық, республикалық орыс тілі мен әдебиеті пәнінің олимпиададан жеңімпазы.  2017 жылы республикалық олимпиадан І орын алса, қазіргі таңда Мәскеу Мемлекеттік Университетінің грант иегері, филология факультетінің студенті. Былтыр мектеп бітірген Айұзақ Жұмабаев көптеген қалалық мәнерлеп оқу сайыстарының жеңімпазы, орыс филологиясы факультетінің студенті, Абай атындағы ҚазҰПУ грант иегері болса, Арайлым Аманжолова – аудандық, облыстық мәнерлеп оқу сайысының бас жүлде иегері.
– Осы жылғы мектеп бітіргелі отырған өз сынып жетекшілігімдегі оқушыларыма да үмітім зор. 5 оқушым «Алтын белгіге» үміткер. Олардың ішінен орыс тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқитын оқушыларым да бар. Айдана Домақбаева – аудандық, облыстық, республикалық орыс тілі мен әдебиеті пәнінің олимпиада жеңімпазы, биылғы республикалық олимпиадада ІІ орын иеленді. Наурыз айында өткен "Мен мамандықтар әлемінде" атты эссе сайысында орыс тілі пәнінен облыстан І орын, рес­публикадан ІІІ орын жеңіп алды. Ал Алия Жұмасаева – көптеген қалалық мәнерлеп оқу сайыстарының жүлдегері, болашақта орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, менің ізбасарым болуды мақсат етті. Биыл Қорқыт ата университеті өткізген пәндік олимпиадада орыс тілі пәнінен 57 оқушының арасында І орынды жеңіп алып, грант иегері атанды. Мұндай мақтан тұтар оқушыларым жетерлік. Шәкірттерімнің әрбір жетістігі мені де жеңіске жеткізіп, үлкен құрметке лайықты етуде, – дейді білікті ұстаз.
Талай түлекті қанат қақтырған ұстаздың ұзақ жылғы жемісті еңбегі жоғары бағаланып 2016 жылы облыс әкімінің құрмет грамотасымен, 2017 жылы Білім және Ғылым министрінің құрмет грамотасымен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Жылдың үздік ұстазы» номинациясымен марапатталған. Жоғары санатты педагог-зерттеуші көпке бұйыра бермейтін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін тағынуы – сан жылдардағы тынымсыз еңбек­тің көрсеткіші.
Гүлмира Алдабергенқызы 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз болуымен қатар, аяу­лы жар, өнегелі келін және үш баланың сүйікті анасы. Сабырлы, салмақты мінезі, ұйымдастыра білу қабілеті бойынан анық көрінеді. Адамдықтың асыл қасиеттеріне еңбекте де, тұрмыста да кір келтірмей жүрген өнегеге толы өмір жолы жастарға, ұстаздарға үлгі-өнеге. Бір айта кетерлігі оның тұңғыш қызы ана жолын қуып, ұстаздық қызметті таңдап, білім алуда.
– Жас ұрпаққа білім, тәрбие беру оңай жұмыс емес. Себебі олардың психологиясы, мінез-құлқы, сезгені мен білгені, жанұяда ата-анадан алған тәрбиесі бірдей бола бермейді. Әр баланың өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан әрбір ұстаз еңбекқорлығымен, мол ізденісімен шәкірт көңіліне жол таба білуі шарт. Менің жұмыста, өмірде табысқа жетуіме ата-анам берген тәлім-тәрбие үлкен рөл атқарды. Олар өмірде оңай жолды іздемеуге, кез келген қиындықты еңбекпен жеңуді үйретті. Соған сай мен де Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» даналығын өмірлік ұстаным етіп, ұрпақ тәрбиесіне өз үлесімді қосудамын, – дейді ол.
Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы екені айдан анық. Ендеше елдің баласын тәрбиелеуді өзіне мақсат еткен әрбір мұғалім кейіпкеріміздей мамандығына адалдық танытса, ұстамды, саналы, өрелі ұрпақтың өсері анық.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
18 мамыр 2021 ж. 1 007 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 248

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 349

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930