» » ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

Алты Алаштың басы қосылғанда төр ұстазға беріледі. Себебі, ұстаз – елдің болашағын тәрбиелеуші, білім нәрімен сусындатушы. Келешектің қандай болатынын да осы ұстаз қауымының еңбегімен өлшеуге болады. Еңбек демекші, ауданымызда ұстаздықты ұлық тұтып, ұлағатты мамандықты еншілеген әулеттер аз емес. Соның бірі – Алдашбай
ахун ауылындағы Қиясовтар әулеті. Ауыл тұрғыны Ра­йымбек Қиясов отбасын құрғанда бүкіл ауылы мен ағайын-туысы қуанғаны бар. Өйткені, иман жүзінен мейірімі төгіліп тұрған жас келін Сәрсенкүлге қарап риза болмау мүмкін емес еді. Әлбетте өзі жас ұрпаққа тәлім мен тәрбие берер ұстаз болса. 
Міне, содан беріде қанша уақыт артта қалды. Десе де бұл кісіге деген елдің сый-құрметі артпаса, кеміген емес-ті. Сәрсенкүл Н.Гоголь атындағы педагогикалық инсти­ту­тының химия-биология факультетін 1969 жылы бітіріп шығады. Оның алғашқы ұстаздық жолы Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектепте басталды. Ал 1970 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін №111 орта мектепте химия-биология пәнінен балаларға сабақ берді. Ауыл тұрғындары Қиясовтар отбасын бекерге «ұстаздар әулеті» атамайды.
Айгүл Қиясова Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық университетінен  химия-биология мамандығын алып, қа­зір №23 орта мектепте ұстаз. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған. Осы әулеттің келіні Нағима Пірімжарова Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық университетінің «География» факультетін тәмамдап, ол да №111 орта мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Баласы Амангелді Қиясов болса, «Болашақ» университетін бітіріп, №107 орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен шәкірт шыңдап жүрген жайы бар. Еңбегі жемісті ұстаздың кеудесінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік медалі жарқырайды. Келіні Дәрікүл Ақбаева да мұғалім. Ол да аталған №107 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті, сондай-ақ технология пәнінен бала жанына білім сәулесін құюда. Ержан  Қиясов ағасы секілді алғашқы әскери дайындық сабағынан дәріс береді. Осы шаңырақтың ибалы келіні Жайна Күзекова халықаралық қазақ-араб университетінің «ағылшын тілі» мамандығын бітірген маман. Ол да ауыл мектебінде мұғалімдік етсе, Нұрболат Қиясов Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық университетінен «Денешынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығын аяқтаған. Ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінен мектеп оқушыларын саламатты өмір сүруге қалыптастыруда. Отбасының тағы бір келіні – Ақерке Қалпиева Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық университетінен  физика-информатика мамандығы бойынша диплом алған. Ақерке де айтулы ауыл мектебіндегі білікті ұстаздың бірі.
Қиясовтар әулеті ұстаздық мамандықты келер буын өкіліне де аманат еткендей. Әулеттегі немерелер де өз қатарының алды, оқу озаты. Олардың бірқатары қазірдің өзінде жақсы жетістікке қол жеткізуде. Мысалы Дәулет Ержанұлы математика пәнінен ҚР Астана қаласында өткен бастауыш сынып оқушыларына арналған олимпиада да топ жарып, І дәрежелі дипломды иеленсе, «Бастау» республикалық математикалық турнирінің аудандық кезеңінен жүлделі орыннан көріне білген жас математик. Сондай-ақ ол, «Дарынды бала», «Бояулар құпиясы» атты республикалық байқауынан «Менің сүйікті мультфильмім» номинациясы бойынша да жеңімпаз танылған талантты бала. Ал Ислам Амангелдіұлы гуманитарлық сала жағынан өз қатарласынан қара үзіп келеді. Республикалық ақын Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқу, сонымен қатар ақын өлеңдеріне жазылған әндерден балалар мен жасөпірімдер байқауында бақ сынаған жас көркемсөз оқу шебері бас жүлдені қанжығасына байлады. Ғибрат Райымбеков болса, «Ақбота» инттелектуалды марафонының ІІІ орын иегері. Міне, көріп тұрғанымыздай балалардың бәрі дарынды, болашағынан үміт күттіретін шамшырақтар. Тек тіл-көзден аман болғай.
– Байназар Қаражанов деген ұстазымыз болды. Ол өте байыпты әрі білімдар кісі еді. Турашыл, не нәрсені де әділ шешетін. Алдына келген шәкіртін баурап алатын. Сол кісіге ұқсасам деген ниетте мұғалім мамандығын таңдадым. Өзі химия-биология пәнінен сабақ берді. Сондай ұлағатты жанның ізін жалғастырғаныма өзімді бақытты сезінемін. Мен де ауылдағы №111 орта мектепте 1970 жылдан бастап, 1997 жылға дейін балаларға білім нәрін септім.  Талай шәкіртімді үлкен өмірге қанаттандырып, үкілі үмітін жақтым. Олар да өмірден өз орнын тауып, бірқатары ұстаздық жолына түсті. Олардың арасында өз перзентім Айгүл Қиясова бүгінде №23 орта мектепте химия-биология пәнінен сабақ берсе, Нұрила Әбілқайырқызы «Болашақ» университетінде химбиолог болып жұмыс істейді, – дейді ардагер ұстаз Сәрсенкүл Тоғызбаева.  
Әулеттің қайсыбір ұстазын алмайық, бәрінің де аудан әкімі мен аудандық білім бөлімінен алған марапаттары бар. Әрине, марапат та керек, дегенмен «шәкіртің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып жатса, ұстазға одан асқан бақыт бар ма?» – дейді ұстаздар әулеті.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА.
«Қармақшы таңы».
24 мамыр 2019 ж. 1 768 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031