» » » Тәлімгерлер тәрбиелеген ұя

Тәлімгерлер тәрбиелеген ұя

Ел үшін еңбек етіп, саналы ғұмырын ұрпаққа үлгі болуға бағыттаған жандар ықылым заманнан ел алғысына бөленіп келеді. Қоғамның пайдасы мен ел игілігі жолында еңбек еткен олар Ұлы Отан соғысы жылдарында, тоқырау кезеңдерінде, ел егемендігін алған тұста да жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянбай тер төкті. Өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болған сондай абзал жандарға қасиетті Қармақшы өңірі кенде емес. Ал, тұтас бір әулеттің бір саланы түбегейлі түлетіп, қажырлы еңбек еткені керемет емес пе? Міне, бүгінгі жазылған жайдың жалғасы осыған саяды.
Ғалымның да, дәрігердің де, өнерімен талайды тәнті еткен ақын мен әншінің де, жеңісімен ел мерейін тасытқан спортшының да сауатын ашып, талантын ұштайтын – ұстаз. Осы тұста мәуелі ұстаздар әулеті жайында әңгіме қаузауды жөн көрдік. Олар ауданымызға қарасты ауылдардың бірінде ұзақ жылдар еңбек еткен ағайынды Мәрдісадық және Байұзақ Жұматаевтар еді. Нақтырақ айтқанда, бүгінгі айтылар ой елегі саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге айтулы үлес қосқан, қазір де ұрпақтарының осы бағытта қарқынды қызметін жемісті жалғастырып жүрген – Жұматаевтар әулетіне арналмақ.
Ерен еңбегімен абырой биігінен көрініп, баршаға үлгі болған әулеттің ұйытқысы Мәрдісадық Жұматаев 1927 жылы Қармақшы ауданына қарасты Ворошилов колхозында, қазіргі Алдашбай ахун ауылында дүниеге келіпті. 8 жылдық мектепті бітірген соң 1945-1948 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеде білім алады. Алғаш еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастаған ол 1965 жылы жаңадан құрылған Жаңақала совхозына қоныс аударып, №185 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ауыл балаларының хат танып, өнерге бір табан жақын болуына елеулі үлес қосқан М.Жұматаев 1990 жылы еңбек демалысына шығады. Таланты мен талабы, білімі мен өресі биік жанның біліктілігін, қазақ тілін талдаудағы озаттығын Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессоры Ұлжан Жаңбыршиева жоғары баға берген.
Адал еңбегінің биігінен көрінген Мәрдісадық ұстаздың інісі Байұзақ Жұматаев 1937 жылы Алдашбай ахун ауылында дүниеге келген. 1957 жылы қаладағы 1 май қазақ орта мектебін тәмамдап, Қызылорда педагогикалық институтына химия-биология бөліміне оқуға түседі. Қара шаңырақты 1962 жылы бітірген соң, жолдамамен Шымкент облысының Ленин ауданындағы «Октябрьдің 30 жылдығы» қазақ, орыс, өзбек аралас мектебінде химия-биология пәнінің оқытушысы болып еңбек жолын бастайды. Мұнан кейін ол туған елге оралып, Тұрмағамбет ауылындағы №29 қазақ орта мектебінде мектеп директорының өндірістік оқу жөніндегі орынбасары, ал 1965-1993 жылдары №185 қазақ орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, №29 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі, №185 мектептің директоры, Кекірелі бөлімшесіндегі №254 мектептің директоры болып басшылық қызмет атқарады. Байұзақ Жұматаевтың педагогика жолындағы қызметі жемісті болып «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің үздігі» атанды.
Үш ұрпақ сабақтастығы жалғасқан ұстаздар әулетінің алар асуы көп болды. Соның бірі, 1971-1974 жылдары КСРО-ның химия пәніне үлкен мән берген кезі еді. Осы тұста Өскемен қаласында өткен республикалық пәндік олимпиада да Мәрдісадық ұстаздың қызы Палайым Жұматаева І орынды иеленеді. Сондай-ақ, Воронеж қаласында өткізілген бүкілодақтық олимпиадаға қатысып, 1994 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың құрмет тақтасына суреті ілінді. Т.Көмекбаев ауылынан шыққан алғашқы алтын белгі иегері Палайым Мәрдісадыққызы ҚР Білім беру ісінің үздігі. Сондай-ақ, Байұзақ ұстаздың ұлы Мұхтар Жұматаев та саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз. Еңбек жолын №185 мектептен тарих пәнінің мұғалімі болудан бастаған ол директордың орынбасары, білім бөлімінің әдіскері қызметін атқарды. Ал, 2000-2004 жылдары Алдашбай ахун ауылындағы №111 орта мектептің директоры болса, 2011 жылдан бері Дүр Оңғар ауылындағы №107 орта мектептің директоры қызметін атқарып келеді.
Бір әулеттен шыққан 21 ұстаздың қызметі мен ұстаздық жолындағы еңбегін тізбектеу параққа сыймасы анық. Білеріміз сол, Мәрдісадық пен Байұзақ ағалардың зайыбы мен балалары, немерелері де ел аумағындағы білікті ұстаздар. Әулеттің жетістіктері де аз емес. Ұстаз ағалардың ұрпағы Назгүл Жұматаева жуырда Т.Көмекбаев ауылынан шыққан алғаш ғылым докторы атанды. Сондай-ақ, 2015 жылы Қызылорда облысы бойынша «Ұстаздар әулеті» деген аймақ басшысының алғыс хатымен марапатталған. Ендеше, бұл көрсеткіш жылдар өте келе шөберелерімен де жалғаса беретініне сенім мол.

Ұстаз – шәкірт бойына білім нәрімен қатар ақыл-парасатты сіңіруші жан. Сондықтан болар, ұстаз есімі қашанда ұлағатты. Ал, осы мамандық үлкен бір әулетте ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып жатса, оның орны тіпті ерек. Үлгілі отба­сы – ел тірегі. Олардың ынтымағы мен ауызбірлігі берік болса, еліміздің де керегесі кең болмақ. «Алты алаштың баласы бас қосқанда, төр – ұстаздікі», – дейді Мағжан. Шынын да төр солардікі.

Айнұр ӘЛИ,

«Қармақшы таңы».

17 шілде 2018 ж. 1 931 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031