Мәртебелілер марапат биігінде
Ел үшін еңбек етіп, саналы ғұмырын ұрпаққа үлгі болуға бағыттаған жандар ықылым заманнан ел алғысына бөленіп келеді. Ғалымның да, дәрігердің де, өнерімен талайды тәнті еткен ақын мен әншінің де, жеңісімен ел мерейін тасытқан спортшының да сауатын ашып, талантын ұштайтын – ұстаз. Күз айы – еңбек жемісін жегізетін берекелі мезгіл. Бұл уақытта ұлағатты «Ұстаздар күні» тойланатын кез. Білім ошағының дүрсілдеген жүрегі ұстазға көрсетілер кұрмет зор болуы тиіс. Осы орайда ауданда саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жандардың айтулы мерекесі кең көлемде аталып өтті.
Шуағы мол шапағат иелеріне арналған «Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы, Қасиетіңе бас иелік мәңгілік» атты концерттік бағдарламасы Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Салтанатты шарада ұрпақ тәрбиесінде еселі еңбегін аямайтын ұстаздар мен алдыңғы буын ардагер ұстаздарды кәсіби мерекесімен аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Әділ Қошалақов құттықтады.– Ұстаздар күні – барша адамзат үшін ең қымбат күн. Себебі, алғаш білім ұясына қадам басқанда бізді күлімдеп қарсы алған, зердемізге білім гүлін еккен – ұстаз. Өзінің бар уақытын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаздар – мәңгілікке аласармайтын ұлы тұлға, – деді ол.
Сондай-ақ, ұстаздық жолында аянбай қызмет етіп жүрген К.Ақылбекова, Г.Аймаханова, Б.Айтбаева, Н.Амангелдиева, Г.Әлімбаева, А.Алтруова, Г.Бекарыстанова, Е.Жылқыбаев, Р.Ілиясова, Л.Молдахметова, Ғ.Сарсен, Ж.Таширова, С.Рахметқызы, М.Үкішева, Қ.Шымбаеваларды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Алтынға айырбастай алмайтын аяулы сәттерінің бірі – мерейлі жасқа келіп, айналасының құрмет-қошеметіне бөленуі. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Үсен Баймаханов, Керейтбай Дүйсенұлы, Амангелді Тәжімбетов, Ұлмекен Ақшолақова, Тынымкүл Абдыкаримова, Дәріқұл Махамбетов, Әбіл Сейтімбетов, Раушан Серікбаева, Шыназкүл Шаймаханова, Шартай Үсенова сынды ардагер ұстаздар Құрмет грамотасымен марапатталды. Шара барысында республикалық, облыстық кәсіподақ комитетінің бірлескен Құрмет грамотасымен Жарқын Омаров бірқатар сала маманын марапаттады. Сонымен қатар, Шоқан Уәлиханов атындағы №26 мектеп «Үздік білім ордасы» атауына ие болды. 123 жылдық тарихы бар қара шаңырақта 82 педагог-қызметкер еңбек етеді. Пән мұғалімдерінің 100 пайызы дерлік 18 сағаттан төмен емес апталық жүктемемен қамтылған. Мектеп түлектерінің жоғары оқу орнының гранты бойынша былтыр 20 оқушының – 11-і грантқа түссе, биыл 18 оқушының – 13-і грант иегері атанған. Әлеуметтік әріптестік ретінде аудан мектептерінің арасында бұл білім ошағы І орында тұр.
Үздік еңбек әулеттері мен жұмыскерлерін айқындайтын республикалық «Еңбек жолы» байқауы озат ұстаздарды анықтаған болатын. Алдашбай ахун ауылының тамырын тереңге тартқан, ғасырға жуық еңбек өтілімен өнеге болған Қиясовтар әулеті «Үздік еңбек әулеті» атауына ие болды. Байқау жеңімпаздарын аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Жұлдызай Кетебайқызы құттықтап, грамотамен марапаттады. Сондай-ақ, «Жастардың үздік тәлімгері» атауы Күлзира Әбдірейқызы мен Зәуре Жұбанқызына бұйырды. Ал, қоғамдық жұмысқа белсене араласқаны үшін Гауһар Төлебаева, Назарбек Жанұзақұлы, Нұржан Оразалыұлы «Үздік жас маман» атауына ие болды. Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыруда күндізгі тынығу лагерлері арасында «Жаз-2018» байқауының қорытындысы бойынша бірқатар мектеп жанынан құрылған лагерь марапатталды.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Қоңыр күзде көңілге қуаныш сыйлаған салтанатты шарада тілектер айтылып, марапат иелері марқайды. Білім көшін алға жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымы қашан да құрметке лайық жандар.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».