» » Төр ойсырап, төбе босап қалғандай...

Төр ойсырап, төбе босап қалғандай...


2007 жылдың мамыр айы. Арман қуып, көңілім алып-ұшып жеткен, Алатаудың етегінде орналасқан алып шаһардағы ұлттық университеттің бірінде білім алып жүргеніме 1 жылдың жүзі болған. Мамырдың басында бір топта оқитын досымыздың бірі жол апатына ұшырап, ауыр жағдайда ауруханада көз жұмды. Өмірдің мұндай тұстарын көре қоймаған жастар есеңгіреп қалдық. Кураторымыз да жастау болатын. Не істерімізді білмедік, шыны керек. Алда емтихан уақыты. Сонау Қызылорданың Арал ауданында тұратын қатарымыздың үйіне қашан, қалай бармақпыз?
Аудиторияда отырғанымызда куратормен бірге бойы аласалау, иығы жалпақ, жүзі жылы бір кісі кіріп келді. Біздің жағдайымызды естігенін айтып, сабырға шақырды. Өмірдің ағы мен қарасы қатар жүретінін, өмір бар жерде өлімнің де ақиқат екендігін шешен тілмен жеткізіп, өзінің де ауыр жағдайды басынан өткеріп, еңсесін енді тіктеп жүргенін айтты. Аз ғана уақыт бұрын өмірлік жарынан айырылып, қанаты қайырылғандай күйді басынан кешіріп жүрген сәті екен. Бұл сол кездегі қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірхан Сақаұлы Тебегенов болатын. Бұған дейін сыртынан көріп жүрсек те ол кісінің кім екенін біле бермейтінбіз.
2-курстан бастап ағай бізге «Шетел әдебиетінің тарихы» пәнінен дәріс оқып, сабақ берді. Практикалық сабақтарда менің жазуға ебім бар екенін байқады ма, оқығанымды мақала етіп жазуымды тапсыратын. Келесі сабақта сол мақаламды бірге оқыған студенттер алдында оқытып, түзету енгізіп, сол сәтте белгісіз бір адамға қоңырау шалып, мен туралы баяндап жататын. Телефонын қойғасын маған бұрылып, редакцияның мекен-жайын беріп, редактордың аты-жөнін жаздырып, уақыт оздырмай барып, мақаламды шығаруым керек екенін айтатын. Ал осыдан кейін әлгі жерге бармай көр. Менің жазғаным ғана болмаса, басқасының бәрін ағай өзі реттеп берді емес пе?! Енді не тұрыс? Көп уақыт өтпей республикалық басылымда мақалам жарық көрді. Мен мәзбін, менің жазғанымды көріп ағай да мәз.
Уақыт көші алға жылжып оза берді. Темірхан Сақаұлымен байланысым содан бері үзілген емес. 3-курстан бас­тап дипломдық жетекшім ретінде сол кісіні таңдадым. Тақырыбымды елден бірінші болып таңдап, жұмысымның 80 пайызын сол 3-курста жазып қойдым. Ағай бағыт-бағдар беріп, әр­бір жазбамды өзі тексеріп жүрді.
Бұл кезде ол кісі кафедра мең­герушісі болып тағайындалған еді.
Мен де кафедраға емін-еркін кіретін болдым. Ағайдың жеке компьютерінде жұмыс жасап отыра беретінмін.
Өз қағаздарын бастыруға көмек­тесуімді сұрайтын. Менің мақалам шыққан газетті қолына қыстырып, жатақханаға дейін келіп, қуантып кететін. Бала мінезді, ақкөңіл кісі еді ғой.
Бірде топ болып ағаймен теа­трға бардық. Ағай бізбен бірге автобусқа мінді. Автобустың ішін­дегілерге әрбіреуіміздің жақсы қасиеттерімізді, жетістіктерімізді айтып таныстырып жатыр. Біз ұялып тұрмыз. Темірхан ағай жанындағы адамның жасына қара­май, жақсы жақтарын тізбелей жөнелетін. Тыңдап тұрып, өзіңді кәдімгідей көп іс тындырған жандай сезініп, көңілің көтеріліп қалады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық даналығын көкейіне тоқыған нағыз ұстаз дер едім.
2009 жылы университеттегі Сәкен Сейфуллин атындағы өнер бірлестігінің мүшелері болып ағайдың 60 жылдық мерейто­йын ұйымдастырдық. Мен жүр­гізуші болдым. Ағайдың сон­дағы қуанғаны әлі есімде. Балаша жадырап, мәз-мейрам болды. Қайта-қайта алғысын жаудырып, өзін сыйлаған шәкірттерінің іс-әрекетіне шынайы қуанды. Кештің қалай өткендігі жөнінде мақала да жарияладым. Тек осыдан 2 жыл бұрын өткен 70 жылдық мерейто­йында кішкентайлы болғандықтан, алдындағыдай жүгіріп, ұстаз жанынан табыла қоймадым. Арнайы барып құттықтадым.
12 сәуірде таңертең телефон арқылы суық хабарды естідім. Темірхан ағай қасиетті айда мәң­гілік мекеніне аттанып кете барыпты. Фейсбук желісі ағай туралы естеліктер мен жылы лебізге, көңіл айтуға толып тұр. Есеңгіреп қалдым. Ағаймен соңғы кездескен кездегі бейнесі көз алдыма келе берді.
Темірхан Сақаұлы Тебегенов­ 1949 жылы 18 қарашада Қармақ­шы ауданының Ақжар ауылын­да дүниеге келген. 1972 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институт­тың филология факультетін біті­ріп, еңбек жолын Қуаңдария ауы­лындағы №186 орта мектепте ұстаз болудан бастайды.
1974-1981 жылдары Қызылорда қаласындағы Ы.Алтынсарин атын­дағы №10 мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды.
1981-1991 жылдары Қызылорда педагогикалық институтының қа­зақ тілі мен әдебиеті кафедрасында аға оқытушы, қазақ тілі мен араб тілі кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Халықаралық қазақ тілі қоғамы республикалық басқармасының мү­шесі, Қызылорда облысы ұйы­мы басқармасының төрағасы қызметтерін атқаруда да абырой биігінен көріне білді.
1991 жылдан бастап Абай атын­дағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Әдебиеттану және қоғамдық-әлеу­меттік түрлі мәселелерге арналған 600-ден астам мақала, 6 монография, жоғары оқу орындарына арналған 10 оқу құралы мен оқулықтардың авторы. ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Жамбыл атындағы Халықаралық сый­лықтың лауреаты, филология­ ғылымдарының докторы, профес­сор, Қармақшы ауданының Құр­метті азаматы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, ТҮРКСОЙ-дың «Тоқтағұл Сатылғанов – 150» медалінің иегері, Түркі Әлемі Халықаралық «Қызыл Алма» сыйлығының лауреаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Үздік түлек» медалімен, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының арнайы «Ана тілі» және Абай атындағы ҚазҰПУ-дің «Үздік Ұстаз» медалімен марапатталған.
Шетелдегі қазақ ақын-жазу­шыларының еңбектерін қазақ жұрт­шылығына таныстыру бағытында да біршама игі іс атқарды. Ақын-жазушылардың шығармаларын талдап, қалың көпшілікке ұсына білді. Арнайы шақыртумен Қытайдағы Ұлттар университетінде дәріс оқып, тәжірибе алмасып келді.
Осыншама атақ-абыройға ла­йық Темірхан Сақаұлы адаммен тез тіл табысатын, жанындағы адамды өзіне баурап алатын ашық мінезді, түсінігі мол, адамгершілігі бір бөлек жан еді. Әрбір студентпен емен-жарқын араласып, жабырқаған көңілді бір серпілтіп тастайтын. Ақылын айтудан, жол көрсетуден еш жалықпайтын. Адам баласына жылы лебізін білдіруден көш бастаушылардың бірі болғандығына еш шүбәміз жоқ. Кішіпейілділігі сонша, әрбір мереке сайын өзі жақын тартқан жандарға бірінші болып құттықтау жолдап, телефон шалып отыратын. Осындайда өзімнің бірінші болып хабарласпағаным үшін ұялып қалатынмын. Жұмысы қанша қауырт, қарбалас болса да шақырған жерден қалмауға тырысып, университет, кітапхана, қоғамдық қорлар мен мектептер ұйымдастырған іс-шараларға қатысып, өзінің ой-пікірін ашық айтып жүретін.
Университетте сабақ берген кезінде дәрісті Әнұран айтудан бас­тайтын. Ұлтжанды ұстаз шәкірт жүрегіне ұлттық құндылықтарды сіңіруді өзінің азаматтық борышы санайтын. Әнұран айтып тұрған сәтімізді телефонына түсіріп, жас балаша шаттанатын.
Қаламды өзіне өмірлік серік еткен ғалым-ұстаз жазудан да еш шаршаған емес. Өмірінің соңына дейін ғылыми-танымдық, әдеби-ақпараттық мақала жазумен болды. Сол жазбаларының біршамасын компьютерде теру менің үлесіме тиетін. Жаңалыққа жаны құмар Темірхан ағай компьютерге келгенде шорқақ болды. Қаламмен жазғанды қалайтын. Ол кісінің жазуын түсінетін адамдар да сирек, санаулы шәкірттері ғана.
Соңғы жылдары сыныптастары, Кете-Байсары руының елге белгілі адамдары жайлы кітаптар жазып, сол іске барынша кіріскен болатын. «Осыны тезірек бітіруім керек, менің мойнымдағы үлкен істердің бірі» деп, жауапкершілікті барынша сезінетін.
Ағайын-туыстың жағдайын біліп, елмен жиі хабар алысып, жүрегінің түкпіріндегі туған жерге сағыныш сезімін айқын білдіретін. Әрдайым қанаттандырып, адам­ға жігер бере сөйлейтін. Жылдам, бәріне үлгеруге тырысып жүретін ағайдың бойынан өмірге құштарлық, жан тазалығы менмұндалап тұратын. Өмірден ертерек өткен жары Сапураны аузынан тастамай, оған арнап кітап та шығарды. Балаларының әрбір жетістігіне қуанып, әкелік тілегін ақтарып, әрбір мерекеге, атаулы күнге айрықша мән беретін. Сол күндерді отбасымен бірге атап өтіп, жақын адамдарына айтып, бөліскенше асығушы еді. Телефонмен сөйлескен сайын ақжарма тілегін үйіп тастайтын.
Темірхан Сақаұлымен отба­сы болып араластық. Үйімде қонақ болды. Ағайдың қағаздарын алып кетуге барғанымда қасымда кішкентай балаларым болса, құр қол жібермейтін. Мұны ағайдың көрегендігі, үлкеннің кішіге жол көрсетуі дер едім. Төрт жыл бұрын кіші қызының ұзату тойына шақырды. Жасымның кішілігіне қарамастан, төрдегі сыйлы қонақтармен қатар отырғызып, ерекше күтті. Жиі хабар алмасып, сөйлесіп тұрушы едік. Тек күнделікті тірліктің қарбаласына еніп, соңғы бір ай көлемінде хабарсыз қалыппын.
Темірхан ағаймен соңғы рет ақпан айының 26-жұлдызында кездестім. Жерлесіміз, Темірхан Сақаұлының сыныптасы, ақын-жур­налист Ибрагим Бекмаханұлының жылдық асына бардық. Астан кейін ағайдың мендегі қағаздарын бердім. Жаңалықтармен бөлісті. Жол бойына дейін бірге жүріп, шығарып салды. Тұрақтағы көлігіме жете беріп, артыма бұрылып қарап едім, ағай маған қарап күлімсіреп тұр екен. Қоштасу көзқарасы екенін білсемші.

Лаура БАҚТЫБАЙ,
Шәкірті
16 сәуір 2022 ж. 1 042 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 019

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031