» » Темірхан Тебегенов тағылымы

Темірхан Тебегенов тағылымы

qarmaqshy-tany.kz 18 қарашада қасиетті Сыр елінің талантты перзенті, ғалым, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тебегенов Темірхан Сақаұлының туған күніне орай Алматы қаласындағы Қазақстан Жазушылар кітапханасында еске алу кеші өтті.
Осыдан жарты жыл бұрын дүниеден өткен, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеп, оқу-білім, ғылым мен тәрбие-тәлім жолына арнаған ғалым-ұстазды еске алуға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ұстаз-ғалымдары, Жазушылар одағының мүшелері, әріптестері, әр жылдардағы шәкірттері, жанына жақын сырлас достары мен өзі ұстаздық еткен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенттері қатысты. Кеш барысында мағыналы, ой саларлық, көңілді дір еткізер естеліктер айтқан адамның қарасы мол болды.
Кешті Темірхан Сақаұлының көзі тірісінде етене араласқан досы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш жүргізді. Кезекпен сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ханкелді Әбжанов, ҚР «Білім беру ісінің үздігі» Рахима Бөлекбайқызы, ақын, ҚР «Ақпарат саласының үздігі» Саят Қамшыгер, филология ғылымдарының кандидаты Ақманат Ыбырайқызы, жазушы, республикалық «Таң-Шолпан» журналының редакторы Нұрлыбек Саматұлы, тағы басқа есімі елге белгілі тұлғалар Темірхан Сақаұлының ұстаздық, ғалымдық, тәлімгерлік, шынайы дос, жолдастық тұлғасын сөз етіп, өткен күндерден сыр шертті. Өскелең ұрпаққа өнеге боларлық үлгілі әңгімелер айтылды. Өмірінің соңына дейін ғылым жолында үздіксіз ізденіс үстінде болған ғалымның еңбекқорлығын, білімге, ғылымға құштарлығын айту арқылы жас буынның санасына сілкініс жасалды деп білемін.
Ақын Ғалым Жайлыбай «Темағамның жарығы» атты арнау өлеңін жолдапты.
«Көңілінің ұнайтын хошы маған,
Ақ дүниеге ақындай ғашық адам.
Сұлу Сырдың аптыққан толқынындай,
Қайда асығып барасың, досым-ағам?!
...Кездескенде ән едік, өлең едік,
Сен кеткенде бәріміз: «Неге?» – дедік. Жиындардың алқалы арасынан, Көрінбейді Темірхан Тебегенов. Ғылымның да құрысқан керегесін, Өрендерге қалдырған өнегесін. Көз көргеннің жүреді көңілінде, Тебегенов Темірхан деген есім», – деген жыр жолдарында әдебиет өнеріндегі ағаға деген наз, еркелік пен сыйластық тұтасып тұр емес пе?!
Мен де Темірхан Сақаұлының алдынан дәріс алып, дипломымды да сол кісінің жетекшілігімен сәтті қорғадым. Студент кезден танитын ағайыммен он жылдан астам уақыт жақын араласыппын. Сол мерзім ішінде ағайдың тынымсыз ізденісіне, көсіліп жазудан шаршамайтын, талмайтын қабілетіне, үлкенге ізет, кішіге қамқор бола білген азаматтық, ағалық болмысына, балаларына мейірбан әке тұлғасына куә болдым. Кешегі өткен кеште де ұстазымның көптің көңілінен шыға білген, айналасын нағыз жанашыр достары қоршаған жан екеніне тағы көзім жетті. Межелеген уақыт шеңберінен асып, естелік айтуға ұмтылған жандардың көп болуы осы сөзімнің дәлелі бола түседі. Еске алу кеші барысында «Темірхан Тебегенов тағылымы» атты көлемді әріптестері мен шәкірттерінің естеліктер жинағының тұсауы кесілді. Мектеп оқушылары күмбірлетіп күй ойнап, студенттер ұстаздары жайлы толғаныс-тебіреністерін жеткізді. Сондай-ақ, Темірхан Сақаұлының поэзиясын мәнерлеп оқып, ғалым шығармашылығының жаңа бір қырын ашқандай болды.
Темірхан Сақаұлы әдебиет теориясынан бастап түрлі тақырыптарды, түрлі кезеңдерді зерттеп, баспасөз беттерінде ақпараттық- танымдық мақалалар жариялаумен қатар, өлең де шығарған екен. Бірақ ағайдың ол қабілетін ет жақындары болмаса, көпшілік біле бермейді. Тұла бойындағы талантының бір қырын тұмшалап жүруін қарапайымдылығынан болар деп топшыладым. Тіршілік тынысындағы тақырыптарды толғай отырып, өзінің азаматтық, адамдық ұстанымын білдірген жырлары тыңдарман қауымды ой иіріміне, теңіздей толқынына батырып әкеткені анық. Сол жыр шумақтарының ішінде «Қызмет етем еліме» атты өлеңі Темірхан ағайдың өмірлік ұстанымын, мақсат-мүддесін айқындап тұрғандай.
«Келем талмай халқым жүрген жолменен,
Алдымда әлі асулар көп көлденең.
Ұлы еліме қызмет етем мәңгілік,
Қашан істен шыққанша аяқ, қол, денем», – деп сонау 1979 жылы ой толғаған Темірхан Сақаұлы өзі айтқандай, ақтық демі шыққанша Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде ұстаздық етті. Қолына қалам ұстауда шашасына шаң жұқтырмаған Тебегенов Темірхан Сақаұлының ғалымдық тұлғасы, ғылыми еңбектері мен шығармашылығы жайлы болашақта дипломдық жұмыстар мен ғылыми- зерттеу жобалары қорғалып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл енді шәкірттерінің міндеті деп білемін. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген халық нақылын ескерер болсақ, Темірхан Сақаұлының есімі туған жерінің төсінде, ол еңбек еткен білім ордаларында жаңғыра берері сөзсіз.
Лаура БАҚТЫБАЙ,
шәкірті
28 қараша 2022 ж. 480 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 131

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 141

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 285

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930