» » » Қазақ ауыз әдебиетінің жанашыры

Қазақ ауыз әдебиетінің жанашыры

qarmaqshy-tany.kz Замандастары «Тірі шежіре» деп атаған қармақшылық Әлқуат Қайнарбаевтың қазақ ауыз әдебиетіне сіңірген еңбегіне баға жетпейді. Өмірінің 40 жылын ХVIII-XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген ақын-жыраулардың өмір жолы мен шығармаларын жинап, бір жүйеге түсіруде айтарлықтай қызмет етті. Бұл іске берілгендігі сондай өзін «Қазақ ғылым академиясының штатты қызметкері» ретінде сезінетін.
Ол жөнінде академик Әлкей Марғұлан: «Әлқуат менің Сыр еліндегі қазынам» дейді екен риза болып. Әлқуат Қошалақұлы бұрынғы Сырдария облысының Қазалы уезіндегі «Қарабастоғай» болысының No5 ауылында «Кеңтүп» (Қармақшы ауданы, Жосалы кенті) деген жерде 1898 жылы туған.
1917 жылға дейін бастауыш мектептен, кейін оқытушылар даярлайтын өлкелік мектептен орта дәрежелі білім алып шыққан шежіреші 15-16 жасында «Мәрді диқан», «Ақтам Сақаба», тағы басқа жырларын жатқа айтып, 1920 жылдан бастап әдеби мұраларды жинаумен айналыса бастайды.
Кеңтүпте 4 жылдай мектепте ұстаз болды. 1928 жылы алғашқы ауыл шаруашылық артелін ұйымдастырушылардың бірі бола жүріп, 1929-1930 жылдары Кеңтүп ұжшарын басқарды. 1930 жылы Арыс аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. 1938-1946 жылдары Қармақшы аудандық партия комитетінде сектор меңгерушісі, 1946-1949 жылдары төрт колхозды қамтыған Төрткүл ауылдық кеңесінің төрағасы, 1949-1953 жылдары сол ауылдағы тұтынушылар одағында инспектор, сонымен бірге аудандық сельпо, дайындау мекемесі мен мейрамхана директоры қызметтерін абыройлы атқарады. Ел алдындағы елеуі еңбегімен құрметке бөленген білікті маман кейінгі жылдарда учаскелік соттың хатшысы, ТОЗ төрағасы, бірнеше ауылдық кеңестік төрағасы, аудандық партия комитетінің бірыңғай партиялық есеп секторының меңгерушісі қызметін де мінсіз атқарған.
Қайсыбір жұмыста, сан-салалы шаруашылықтың басында жүрсе де өзінің сүйікті ісінен айныған емес. Әлқуаттың өз сөзімен (1964 жылдың 10 наурызында жазған өмірбаянында) айтқанда: «Жас кезімнен осындай әдебиет, өлең сөздерге үйір болуыма себепкер болған өзімнің анам Ақбала Меңлібайқызы, ол кісі көптеген әңгіме, ертегі, аңыз, мақалмәтелдерді көп білетін. Молдиман Шантайұлы деген атақты сазгер, ақын кісі, туған құдамыз еді, сол кісінің үлгілі сөздері, менің сөзге, өлеңге құмарлануыма себепкер болды» деп жазуы шын мәніндегі Әлқуат Қайнарбаевтың ауыз әдебиетінің жанашыры ғана емес, адалдығын паш етеді.
Ә.Қайнарбаев Молдиман Шан тайұлынан 1920 жылы белгілі ғалым, шығыстанушы Ә.Диваевтың көптеген шежіре деректері мен ауыз әдебиет үлгілерін жазып алғанын айтып кеткен. Міне, осындай білгір адамдар ортасында өскен руханият жанашырының жастайынан-ақ құймақұлақ болып өсуі ешкімді таңдандырмаса керек.
Ол өзі турасында:
«Тарихта талайлардың қалған аты,
Белгілі аты түгіл арғы заты.
Артында қалар сөзі, кетсе өзі,
Алжаспас ғалымдардың жазған хаты.
Жан болса жетермін деп етер талап,
Әркімнің кеуілінде бар бір мұраты,
Ойға, орда, өтті не бір тілге жорға,
Солардың сөзін баққан біз жұраты.
Шамаша өтініштеріңді орындауға,
Құмартқан халықтың қоштар азаматы.
Қазақтың шежіресін жинастырып,
Жазушы Қайнарбайдың Әлқуаты».
Ұлт мұрасына қызмет етуші өмірінің ақырғы күндеріне дейін жинаушылық-зерттеушілік кәсібінен айныған емес. Ол 100 мың жолдан астам жыр, аңыз, шешендік сөздер жинаса, оның 60 мың жолдайы өлең, қалғаны қара сөздер жинақтап, оның бәрін Ұлттық академияға тапсырған. Жиналған осы материалдар кейін «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Пернедегі термелер», «Айтыс», «Батырлар жырлары», «Ғашықтық жырлары», «Ертегілер» кітаптарына енді. Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуов мұралары жеке жинақ болып шықты.
Ә.Қайнарбаев академияның штаттан тыс тілшісі ғана емес, шын мәнінде ғылыми қызметкер дәрежесінде де қызмет атқарды. Ағамыздан Қалжан Қоңыратпаев, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Есмағамбет Ысмайылов, Асқар Тоқмағамбетов, Мардан Байділдаев, Серғали Толыбековтер көптеген құнды қолжазбалар алғандығы да айтылып жүр. «Қазақ қолжазбасының ғылыми сипаттамасы» атты төрт томдық кітапта ағамыз тапсырған дүниелер туралы деректер молынан жазылып, Ә.Қайнарбаевты онда жинаушы, зерттеуші деп әділ баға берген болатын.
Ақырын жүріп, анық басқан Әлқуат Қайнарбаев өмір бойы халқымыздың рухани бай қазынасын толтырумен болды. Ел игілігіне жасаған еңбегін бағалап, жерлестері көшеге есімін берді.
Халқымызда «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Жазушының артта қалдырған әдебиет мұралары, атқарған ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды.
Б.САХИЕВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы
02 ақпан 2023 ж. 395 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031