ҰЛЫ ҰСТАЗ

Ел үшін еңбек етіп, саналы ғұмырын ұрпаққа үлгі болуға бағыттаған жандар ықылым заманнан ел алғысына бөленіп келеді. Ғалымның да, дәрігердің де, өнерімен талайды тәнті еткен ақын мен әншінің де, жеңісімен ел мерейін тасытқан спортшының да сауатын ашып, талантын ұштайтын – ұстаз. Елдің даму тарихында өзіндік орны бар, халықты сауаттандыру ісіне айырықша үлесі қосқан жандар көп. Сондай азаматтардың қатарында елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан, қазақ балаларының білім алуына және оларға арнап жер-жерде мектеп-интернат салу істеріне мұрындық болған Қазақстандағы алғашқы ұстаздардың бірі – Қасымов Ыбрагім Елекейұлы.
Қасымов Ыбрагім (халық Ыбырай төре атаған) 1880 жылдың 13 мамырында Қармақшы ауданы (Төрткөл ауылдық советі) Жаңажол шаруашылығына қарасты аймақта төре әулеті Елекей сұлтанның отбасында дүниеге келген. Тегі бойынша арғы атасы Кіші жүз ханы Әбілқайыр хан, одан Ералы хан, одан Бөлекей хан, одан Қасым хан, одан Елекей хан (сұлтан), одан Ыбрагім тарайды.
Ы.Қасымов 1900 жылы Ташкент қаласындағы ұстаздар дайындайтын семинарияны тәмамдаған соң Әулие-Ата, қазіргі Тараз қаласына жіберіліп, сол жерде мұғалім болып оқушыларға дәріс береді. Жұмысқа деген ынтасы, зеректігі, ұйымдастыру қабілеті ескеріліп, 1903 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданы орталығында 1895 жылы ашылған 2 жылдық орыс-түзем училищесіне ұстаз әрі меңгеруші болып тағайындалады. Ы.Қасымов көзі ашық, орыс тілін жақсы меңгерген, оқу-ағарту ісіне аса мән берген ұстаз болған. Жергілікті халықтың білім алуының қаншалықты маңызды екенін ескеріп, мектеп салу жұмыстарын ұйымдастырады. Жергілікті ауқаттылардан жинап, өзі және әулетінің қаржысын қосып 1909 жылы Қармақшыда тұңғыш мектеп-интернат ғимаратын салады. Осындай ыждағаттылықпен салынған мектеп Қармақшы ауданы орталығында қазіргі Қорқыт және Қармақшы көшелерінің қиылысқан оңтүстік батыс бұрышында ұзақ уақыт бойы тұрып, ауданның үлкен білім ошағына айналады.
Бұл мектепті халық «Ыбырай төре мектебі» атап кеткен. Алғашында мектепте жергілікті қазақ ауқаттыларының балалары, орыс ұлттарының өкілдері білім алып келсе, енді жергілікті елді мекендердегі қарапайым қазақ, басқа да ұлт өкілдерінің балалары оқуға тартылып, оқушылар саны арта түседі.
Бұл мектепте өзінің ағасы Үсен сұлтанның баласы Жүніс Үсенов, немере қарындасы Мадина Қасымова, Айман Өміртаев, Әбдікәрім Жүсіпбаевтар дәріс беріп, тәрбиелік мәселелермен айналысқан. Олар сол кездегі ел төңірегіндегі көзі ашық оқыған кісілер болған екен.
Бұл училище (мектепте) кезінде Т.Кулкашев, Ү.Томанов, А.Эшман, С.Даткин, Н.Мир­манов, Т.Алтыруов, Е.Крекесов, А.Ашибаев, Н.Тасыров, М.Мажпулов, Е.Ибрагимов, Ә.Шегебаев, С.Толыбеков сынды азаматтар білім алған. Осы мектептің түлегі Тайбай Күлкашев КазКСР Жоғарғы сотының төрағасы, Серғали Толыбеков ғылым докторы, КазКСР Ғылым академиясының академигі болған. Жалпы, Қармақшы халқының сауаттандырылуы осы мектептен басталған десе де болады.
1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін де Ы.Қасымов аталған училищеде, кейін мектепте меңгерушілік қызметін жалғастырып, жаңа өкіметтің халықты жаппай сауаттандыру саясатын бар ынтасымен қолдап, оқу-ағарту жұмысына белсене араласады. 1918 жылы Қармақшы учаскелік халық ағарту комиссары қызметін атқара жүріп, атқару комитетінің мүшесі, аудандық жұмысшылар бөлімшелері Орталығының басқарма төрағасы болып сайланады. Осы тұста айта кететін жайт, Ы.Қасымовтың ұйымдастыруымен 1909 жылы салынған мектеп-интернат негізінде Кеңес дәуірінде 1917 жылы аудан орталығындағы алғашқы бастауыш, кейін №26 қазақ орта мектебі құрылып, оған 1962 жылы Шоқан Уәлиханов аты берілді.
1920 жылы Түркестан Орталық атқару комитетімен (төрағасы Т.Рысқұловпен берілген №7702 мандат) Ы.Қасымов Шымкент қаласында құрылған мұғалімдер дайындайтын мектептің бөлімшесіне өлкелік мектеп меңгерушісі болып тағайындалады. Тұңғыш өлкелік мектепте 2 жыл ішінде 800 адам оқытылып, оларға мұғалім мамандықтары беріледі. 1922 жылы Ы.Қасымов Қазалы уездік Советтер сьезі шешімімен Қармақшы аудандық атқару комитетінің сайланбалы тұңғыш төрағасы болып сайланады. Бұл салада да өзінің біліктілігін, жұмысты ұйымдастыру қабілеттігін көрсетеді.
Мұнымен қоса, ол Қазақ еліндегі аштыққа ұшырап жатқандарға көмек көрсету жөніндегі Түркістан ОАК Кирсекциясының ерекше өкілі болып тағайындалады. Ол мектеп қарауылы Жекбай Мажитовпен бірге күнделікті елді мекендерді аралап, аш, жағдайы төмен, ауру-сырқауларды анықтап, оларды өзі ұйымдастырған мектеп-интернатқа әкеліп жатқызады. Көптеген адамның аштықтан, науқастан аман қалуына қол ұшын созады.
Елдегі ауыл шаруашылық саласын қалып­тастырудағы және аштыққа ұшыра­ған­дарға көмек көрсетудегі сіңірген еңбегі үшін Ы.Қасымовқа КазКСР Үкіметінің (30.10.1923 ж.№1028) алғысы жарияланған.
1903-1926 жылдар аралығында оның негізгі жұмысы Қармақшы ауданындағы білім беру саласы болды. Әсіресе, Кеңес үкіметі дәуіріндегі сайланбалы саяси, қоғамдық органдар, комиссариаттардағы қызметтері өзі ғимаратын салдырған мектептегі меңгерушілік, ұстаздық қызметімен қатар ұштасып жүргізіліп отырған.
Ыбрагім Елекейұлы Қасымов өмірінің соңына (1937 жылға) дейін халыққа білім беру, оқу-ағарту ісін ту етіп көтеріп, өз еліне, ұлтына, оның болашағына өмірін сарп еткен ұстаз, кемеңгер азамат. Батрактық, цехтік, кооперативтік курстарда, Аралгосрыбтрест, Қызылордадағы педагогикалық техникум, совет­­тік сауда техникумы, ауыл шаруашылық техникумы, КазИНПРОС-та, мектептерде мең­геруші, ұстаз болып дәріс беріп, шәкірттерін біліммен шыңдаған.
1927 жылы РСФСР НКП пенсиялық коммиссиясы халыққа білім беру саласында атқарған 25 жылдық ұстаздық қызметіне сәйкес, ұстаз ретіндегі , республика алдындағы революциялық және қоғамдық еңбектері үшін 47 жастағы Ыбрагім Елекейұлына Одақтық дәрежедегі дербес зейнетақы тағайындады. Сонымен қатар, «Қазақ КСР-не еңбегі сіңген мұғалімі» атағы беріледі. Еліміздің саяси өміріне кең араласқан Ыбрагім Елекейұлы Сырдария облысынан депутат болып сайланып, 1917 жылдың 21-28 шілдесі аралығында Орынбор қаласында өткен Бірінші Бүкілқазақтық сьез делегаты болады. Бұл сьезде «Алаш» партиясын құрудың ұйымдастыру шаралары рәсімделеді.
Дүрбелең кезінде көрші өзбек еліне кетіп мектеп директоры қызметін атқарғанымен Кеңес өкіметінің ұзын құрығы ол жаққа да жетіп хан, сұлтан ұрпағы ретінде жалған жаламен 1937 жылы қамауға алынып, үштікпен ату жазасына кесіледі.
Өзбек ССР-нің Жоғарғы сотының қыл­мыстық істер жөніндегі алқасының 1957 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен Ыбырай Елекейұлы Қасымов Өзбек ССР-нің НКВД-сы 1937 жылғы 21-қарашадағы үштік қаулысымен тағылған айыптардан ақталған (16.08.1957 жылғы №1-24 Өзбек ССР-нің Жоғарғы сотының анықтамасы).
Екі дәуірде өмір сүрген, бірақ халқына, ұлтына деген ықыласы, ісіне деген сенімі өзгермеген «Ыбырай төре атанған» Ыбрагім Елекейұлы Қасымовтың атқарған ісі, есімі әлі күнге дейін ел аузында. Зайыбы Далихан Сыздыққызымен бірге Шыңғыс, Мұхамеджан, Мақсұт, Хадиша, Марьям есімді 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген.
Осындай өнегелі ғұмыр кешкен Ы.Елекейұлының өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі, жастарды адалдыққа, шыншылдыққа, енбекқорлыққа, Отансүйгіштікке тәрбие­лейтіні анық.
Рахат Медешов,
ардагер-заңгер.
07 қыркүйек 2018 ж. 1 280 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031