» » ЕЛЕКЕЙ ХАН ҚАЙДА ЖАТЫР немесе ҰРПАҚТАР ПАРЫЗЫ

ЕЛЕКЕЙ ХАН ҚАЙДА ЖАТЫР немесе ҰРПАҚТАР ПАРЫЗЫ

Біздің халқымыз небір қиыншылықтарды басынан кешіріп, жауларымен қан кешті ұрыстар жүргізіп, бодандық құрсауынан шығып, кең байтақ жерімізді, тіліміз бен дінімізді, рухымызды сақтап қалды. Ол үшін бабаларымызға басымызды иіп тағзым етеміз.
Ұлы көш бастауында болған көреген ата бабаларымыз тек қана бірлікте болған қазақтың бағы жанатынын, баянды ел болатынын қағида етіп айтып кеткен.
Кеңестік дәуір тұсында хан, сұлтандар, төрелер әулеті қараланып, олардың ұрпақтарының жазықсыз қудалауға ұшырағандығы  белгілі.
Міне, осындай қасқа жолда қайсарлы да, батыр, шебер ұйымдастырушы, ақылгөй қолбасшы Жәнібек ханның 9 ұлының бірі  Үсек сұлтанның ұрпағы, 1710 – 1748 жыл аралығында  Кіші жүз ханы болған – төре әулетінің өкілі  Әбілқайыр хан еді. Ол Түркестан қаласында дүниеге келіп, 23 жасына дейін сонда тұрған.
Қазақ хандығы құрылғаннан бастап қазақ хандары тек төре әулетінен сайланыпотырған. Онан бұрын да хандық тек Шыңғысхан ұрпағына ғана тиесілі болған.
Аталық тегі бойынша Жәнібек хан, оның баласы Үсек сұлтан (кіші хан болған), оның баласы Бөлекей ноян, оның баласы Айшуақ сұлтан, оның баласы Ырыс сұлтан, оның баласы Қажы сұлтан, оның баласы Әбілқайыр хан. Тоқтамыс деген ағасы, Бұлхайыр деген інісі болған.
Әбілқайыр хан өзі зор денелі,  өте батыл, зор қайрат күш иесі, соғыс өнерін әбден меңгерген, білікті қолбасшы, мықты шабандоз болған кісі.
Әбілқайыр хандық құрған кезең, ол жоңғарлардың қазақ еліне қайта-қайта шабуылдап, ауыз салуы кезеңімен сәйкес келді.
1726 жылы үш жүздің хандары, би, сұлтандары, батырларының бірауыздан қолдауымен Әбілқайыр хан қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы болады.
1728 жылы Бұланты өзенінің бойында және 1730 жылы Балқаштың оңтүстік шығысындағы Итішпестің Алакөлі маңындағы (Аңырақай шайқасы) жоңғарлармен болған соғыстарда қазақ әскерлерін басқарып, өзінің қабілетті қолбасшы екендігін көрсеткен. Қазақ батырларымен шайқастарды дұрыс ұйымдастырып, Жоңғар басқыншыларын талқандап  жеңіске жеткен. Аңырақай жеңісі қазақ халқының өз тәуелсіздігін сақтай алатын сенімін арттырды.
Әбілқайыр ханның Нұралы, Ерәлі, Айшуақ, Әділ, Қаратай, Шыңғыс, Қожахмет деген балалары болған. Соңғы екеуі ерте қайтыс болған. Жалпы оның үш ұлы (Нұралы, Ерәлі, Айшуақ),  9 немересі, 5 шөбересі, 1 неменесі қазақ жерінде Кіші жүз (кейбір Орта жүз руларының ) хандары болған.  Балалары, немерелері әр кездерде Хиуаның да хандары болған.
Әбілқайыр хан Кіші жүзді және Орта жүздің кейбір руларын басқаруды өзінің 5 баласы, аға, інілерінің балалары Қылышқылы, Досалы сұлтандар, немере ағасы Нияз сұлтан, оның балалары Қарабас, Дұрмұғамед, Ырыс, әйелі Бопайдың ағайыны Дербесалы, жергілікті билер, аталықтар, батырлар арқылы жүргізіп отырған.
Жаугершілік, арпалыспен өткен заманында ол қазақ халқының ел болып қалуын, оның тұрмыс жағдайының, мәдениетінің өсіп, өркендеуін көздеп армандаған.
Әбілқайыр ханның балалары Нұралы, Ерәлі хандардан, немере ағасы Нияз сұлтаннан, Абылай ханның Сыпатай баласынан тараған ұрпақ Қызылорда облысы Қармақшы ауданының бұрынғы Жаңажол (Төрткүл өңірі), Октябрь шаруашылықтары, қазіргі Дүр Оңғар, Иіркөл шаруашылықтарының аймақтарында ата қоныстарында тұрып келген.
Әбілқайыр ханның баласы   Ерәлі(1721-1794) Кіші жүздің ханы, Ерәлінің баласы  Бөлекей 1780-1808 ж. Шөмекей және төменгі қарақалпақ елінің ханы, Бөлекейдің баласы Қасым(1809-1827ж.) Шөмекей тайпасының ханы болған. Қасым ханның баласы Елекей (Ермұхамед) хан (1845-1852)  Сыр бойы Кіші және Орта жүз руларының ханы болған. 1868 жылы қайтыс болған.
Әбілқайыр хан баласы Ерәлі сұлтан 1733 жылы Әбілқайыр ханның Ресей империясына жіберген елшілігін басқарады. Ресей патшайымы Анна Иоановна салтанатты түрде қабылдайды. Елшілік құрамында немере ағасы Нияз сұлтан да болады. Санкт Петербургте Нияз сұлтанмен бірге аманаттықта қалады. 1938 жылы елге оралған соң, өзіне қарасты елден қарулы күш жинап, Сырдың арғы бетіне, Қызылқұм жағына билік жасап жатырған хиуалықтарға шабуыл жасап, оларды ығыстырады.
1740 жылы Орта жүздің түстігін алып жатырған Сырдың екі жақ өңіріне Ерәліні хан көтереді. Ерәлі 40 жылдан астам Сыр бойының екі жақ өңірінің ханы болады. Ағасы Нұралы хан қайтыс болғаннан кейін зеңбіректерден салют атылып 1791жылдың 4 қыркүйегінде Ерәлі Кіші жүздің үлкен ханы болып сайланады (1994 жылға дейін). Хан болып сайланғанымен де ол өз ордасын Сыр бойынан көшірмейді.
Әбілқайыр хан баласы Нұралы ханның шөбересі Ғұбайдулла қазақтың тұңғыш генерал-лейтенанты,1894 жылы атты әскер генерал армиясы болған.
Төрткүл өңірінің тумасы Құлымбайұлы Баспан (1853 – 1916) жырау «Төребай би туралы» толғауында  ...
Сағынғандай күн боп тұр,
Ерәлі, Сұлтан, Бөлеген,
Қасым, Елкей ханымды.
Құшақтап отын жаға алмай,
Қаптаған малын баға алмай,
Заманым сөйтіп тарылды.
Абырой беріп сақтай көр,
Төрт Шөмекей, бес Бозғұл,
Енді қалған барымды... деп жырлап, заманның қиын-қыстау кезеңін, өзгерістерді бұрынғы кезеңмен салыстырады, аңсағанын білдіреді.
Төрткүл өңірінің түлегі Елекей ханның Үсен баласынан тараған Айманша Үсенов 1934-1937 жылдары «Төрткүл» колхозының басқарма төрағасы болған. Қазіргі Дүр Оңғар елді мекенінің шығыс беткейінде Сырдария өзенінің жиегінде кендір жібегін өндіретін зауыт салып, өнімін үкіметке өткізіп отырған. Осы тұста дарияның екі беткейінде Елекей хан баласы Үсен төренің ауылы жайлап отырған. Үсенов Айманша 1937 жылы хан, сұлтан ұрпағына  тағылатын сол кезеңдегі қаралау айыбымен ұсталып, репрессия құрбаны болған.
Төрткүл өңірінің түлегі Елекей ханның баласы Ыбырай төре Қармақшы ауданының орталығы Жосалы қыстағында өз қаражатына мектеп салып, өзі орыс тілінде дәріс берген. Әкесінің қасына жерленген.
Осы өңірде 1884 жылы туылған Елекейдің немересі Үсенов Жүніс ұстаз, мектеп меңгерушісі болып ағарту жұмыстарымен айналысқан. Алғашқы білімін Қармақшы орталығындағы орыс-түзем мектебінде 1902 жылы оқып алған.
Иіркөл шаруашылығындағы үлкен қорымда, Дүр Оңғар шаруашылығы аймағындағы ескі «Комсомолда», «Қара мола», «Томар үйген» қорымдарында төре әулетінің осы аймақтарда (Сұлтан ағашы, Ақарық колхозы, Төрткүл колхозы, Ескі комсомол, Шыңғыс түбегі, Қожан түбегі, Тартүбек, Қара ой т.б. аттармен аталған мекендерде)ерте заманнан мекендеген ата бабаларының, ал Дүр Оңғар шаруашылығының тұсындағы Сырдарияның шығыс беткейінде (Қармақшы шаруашылығы мен Қызылтам елді мекен аралықтары) Елекей хан, оның ұрпақтарыныңзираттары орналасқан. Сол сияқты, Қармақшы ауданының орталығы Жосалы қыстағының солтүстік беткейлерінде орналасқан «Бодан» және төрелер қорымдарында өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бермен қарай қайтқан төрелер әулеттерінің ұрпақтары қойылған.
Хан, сұлтандар, төрелер әулеті кеңес үкіметі кезінде қараланып, олардың елімізді қорғау, мемлекетімізді қалыптастыру, халқымыздың әл-ауқатының өсіп өркендеуі бағытындағы ерен еңбектері дұрыс ескерілмей, қайта бұрмаланып, кері ұғым таратылып, ел бірлігіне кері әсерін тигізетін саясаттың болғаны мәлім.
Атап өтсек, Қазақ елін басқарған тарихта белгілі 14 ханның 7-уі шайқаста, елін, жерін қорғау соғыстарында шейіт болған. Олар үнемі ат үстінде қолдарына найза ұстап, қылыш асынып жаугершілік өмір өткізген. Бұл туралы Елбасымыз Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты Астанада өткізілген салтанатты жиылыста өз сөзінде атап өтті. Тарихта хандардың шайқас алдында жекпе-жекке шыққандары да, ұрыстарда отыз, қырықтап сұлтандардың, кейде түгел бірнеше әулеттердің шейіт болғандары да белгілі.
Міне осындай, жаугершілік дәуірлерде Керей, Жәнібек хандардан бастап Қасым хан, Хақназар хан, Есім хан, Жәңгір (Салқам Жәңгір) хан, Тәуке хан, тағы да басқа хандар сияқты өз дәуірлерінде тарихта орын алған Кіші жүз ханы Әбілқайыр хан, Орта жүз сұлтаны, кейін үш жүз мойындаған Абылай хан мен олардыңұрпақтары еді. Би, аталық, сұлтандарымен, батырларымен өз кездерінде кең байтақ жеріміздің талан-таражға салынбай, еліміздің сақталып қалуына өз орасан үлестерін қосқан.
Ата-баба салт, дәстүрі ұрпақтарымен жалғасын тауып хан, сұлтан, төре әулеті ұрпақтары бүкіл елмен бірге Ұлы Отан соғысында қан кешіп елін қорғауда, соғысқа дейінгі және онан кейінгі бейбіт өмірде облысымыздың, ауданымыздың әл-ауқатының жақсарып, өсіп өркендеуіне, мәдениетінің дамуына, болашақ ұрпақ тәрбиелеуде аянбай ерлік көрсетіп, еңбек етіп өздерінің зор үлестерін қосып келді.
Аталған аймақтарда туып өскен, тұрған  төре әулетінің ұрпақтары, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері Изжанов Дүйсен, Изжанов Махмут (мектеп директоры), Медешов Боханбай (мектеп директоры, мекеме басшысы), Дүйсенов Әмір, Есен ұрпағы Мананбай, Манғал, Ахмет, Жүніс ұрпағы Рай,Ташен ұрпағы Исатай, Бертай, Орынбектер (мекеме басшылары), Шамшатов Ибрагим (академик), Шақым молда, Жүсіп ұрпағы Жұмахан (Деней төре), Шахмадияр (Шакен төре), Сүлеймен ұрпағы Асқар, Ысқақ, Сәду, Махмудов Сапабек (аудандық газет редакторының орынбасары), Мұхамеджан (ұстаз), Шопанов Раушанбек (мекеме басшысы), Шарапи ұрпағы Сәкен (мекеме бас қызметкері), Шыңғысов Қали (ақын, ұстаз), Зиядинов Әнауша (ұстаз, полковник), Қозжанов Жәкеш, Әбжалиев Әбдіғани (күрішші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты), Қопаш ұрпағы Мәнсүр, Жармұхамедов Сламша, Жаханша аталарымыз әр түрлі салаларда еңбек етіп, халық алғыстарына бөленді. Олардың жақсы істері  ел аузында қалды. Атап өтіп еске алу ұрпақтық парызымыз деп есептеймін. Есімдері аталған және аталмаған ата- бабаларымыздың жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқалы болсын.
Әбілқайыр хан өзінен жасы кіші, 1710 жылы туылған Орта жүз сұлтаны Абылаймен өзара түсінік, сыйластықта болған. Бір қызын Абылай сұлтанға ұзатқан.
Әбілқайыр хан 1948 жылы бұл өмірден өткен соң 23 жылдан кейін, Орта жүздің ханы Әбілмәмбет қайтыс болған соң Абылай 1771 жылы үш жүздің ханы болып сайланады. Абылай хан жөніндегі мәлімет бөлек беріледі.
Ата-бабаларымыздан келе жатырған әдет- ғұрып, дәстүрлердің, шынайы тарихқа негізделген олармен атқарылған ерен еңбектері мен ерліктері жөнінде тәрбиелік мәні бар насихат шараларының кең жүргізілгені дұрыс деп есептеймін.
Кейінгі ұрпаққа, еліміздің болашағына мұндай    шараның елеулі орын алатыны белгілі.
Рахат МЕДЕШОВ.
04 қаңтар 2018 ж. 2 307 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031