» » » Тұрмағамбет Ізтілеуовтың өмірі мен шығармашылығы

Тұрмағамбет Ізтілеуовтың өмірі мен шығармашылығы


Тұрмағамбет Түркістан өлкесіне қарасты Сырдария облысының Қазалы уезінде, сол уездегі Қуаңдария болысының 2 ауылында «ақтайлақ-кезең» атанған мекенде дүниеге келді. Тұрмағамбет ақынның балалық шағы Сырдария өзені бойында, оның жағасындағы су жол, керуен жол, әрі осы өңірдің әкімгершілік орталығы- Ақмешіт, Қармақшы, Қазалы қалаларында өтеді. Жасы он алтыға шыққанда әкесі дүние салады.

Алғашқыда өз ауылындағы Қожабай, Алдашбай, Ораз деген ишан молдалардың көшпелі мектебінде оқып, мұсылманша білім алады. Шығыс тілдерін үйрену, білуді үлкен өнер санаған Тұрмағамбет таудай талаппен ұшқан құстың қанаты талған, сағымданған сусыз шөл дала- «Қызылқұмның» шағыл құмын толарсақтан кешкен керуеннің соңынан еріп, өзегі тала, еріні кезере, қазіргі Өзбекстанның Бұхара қаласына әрең келіп жетеді. Сол кездегі Таяу, Орта Шығыс, Орта Азия елдері үшін ұлық саналатын, қабырғасы ХҮІ ғасырда қаланған Бұхарадағы әйгілі оқу орны- «Мир араб» медресесіне оқуға түседі. 1899 жылдан бастап сондағы «Көкелташ» медресеінде оқиды.
Белгілі мәдениет қайраткері, Тәжік Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик жазушы Садриддин Сайдамұратұлы Айни да /1878-1954/ осы жылы Көкелташ медресесінің шәкірті болған. Айнимен жақын болу оның шығармашылық бағытына үлкен әсер етеді. Олар моллабача /студенттер/ арасында әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, оған жол- жоба көрсетіп, жетекшілік етеді. Көкелташ медресесін екеуі бір мерзімді хатым етіп, /бітіріп/, хатиршатты /дипломды/ бірге алып шығады.
Көшпелі қазақ жерінен Орта Азияның атақты қаласына білім іздеп, шөліркеп келген Тұрмағамбет, оның бай кітапханасынан шығыстың ежелгі мол мәдени мұрасы- дархан шығармаларын тауып, мейірлене оқиды. Әсіресе, арабтың «Мың бір түні» мен үндінің «Тотынамасын», парсының «Шаһнамасы» мен Омар Хаям, Хожа Хафиздің сұлу сазды нәзік лирикасын, Шайқы Сағдидың «Гүлстаны» мен «Бостанын», Низамидың «Ескендірнамасы» мен «Қысырау- Шырынын», «Навоидың «Ләйлі- Мәжнүні» мен «Жет шұғыласын» , Рудаки мен Физулидің, Жәми мен Бедилдің қисапсыз мол дүниелерін бас алмай қызыға оқып, қмарта сусындайды. Бируни, Мұхамед Әл Фараби, Әбу- Әли ибн сина, Бабур, Ұлықбек сияқты философтар мен тарихшылардың асыл қазыналарын ерінбей ақтарады.
Медресені үздік бітіріп, шығыс тілдері- араб, парсы, түрік- шағатайшаны емін-еркін меңгерген Тұрмағамбет осы тілдерді жазылған Шығыстың классикалық шығармаларын өз халқына жеткізуді алдына мақсат етіп қояды. Революцияға дейін жазған көп шығармаларының іәшінде «Мәрді дихан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану», «Әшкәбус», «Лұқпан Хакім», «Сүлеймен мен кірпішешен», «Ата мен бала», «Төрт дос», «Өгіз бен есек», «Ескендір», «Үш бәңқор», «Білімсіз бай», әЕсер мен естіә, «соқыр мен ақсақ», «Әділетсіз әкім», «Көкқұтан мен шымшық» және тағы басқа мысал, хикая, дастандары шығыстық көркем әдебиеттің атақты шығармалары – «Шаһнама» мен «Тотынаманың» , «Мың бір түн» мен «Ескендірнаманың» , Рабғузи мен Мақтұмқұлы кітаптарының бөлімдері. Тұрмағамбет ақын сол кітаптарды оқып, өзін қызықтырған сондағы сюжеттерді негізге алып, қазақтың өз өлеңіндей, тыңдаушыларын тамсандыра оқиғалы мысал, хикая, дастандар жазды.
Өмірін дін жолы емес, дүниетану ғылымына, өнер жолы- ақындыққа арнайды. Өзі шыққан езілген тап- өзегі талған кедейдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды.
Қатамыр заманның қыспағында жүріп, ондаған хикая- дастан, жүздеген жыр- өлеңдерді тудырса да, ақынның революцияға дейін еңбегі баспа бетін көрмеді. Бірақ қалың ауылдың қақ ортасында өсіп, ел өмірімен етене боп кеткен Тұрмағамбеттің жырлары жыраулар арқылы қалың қауымға қеңінен таралған.
1934 жылы Алматыда өткен Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш съезіне және көркем өнерпаздардың республикалық І-ші слетіне Оңтүстік Қазақстан облысынан делегат боп қатысады, осылай талантын танытқан Тұрмағамбет ақынды, келесі 1935 жылы Қазақстан Өлкелік партия Комитеті Алматыға шақыртып алды.
Казрайкомның сол кездегі секратары Л.И.Мирзоян жолдас Тұрмағамбетпен сөйлесіп, оның қазақ әдебиетіне күрделі еңбек қосуына сенім білдірді. Ол сол кезден Қазақ ССР Оқу халық комиссариатында ғылыми қызметкер боп істеді.
Осы кезден бастап Тұрмағамбеттің өмірі мен еңбектері оқулықтар мен бағдарламаларға енгізіліп, орта мектепте оқытылды. Шығармаларының бірқатары орыс тіліне аударылып, орталық газет - журналдар мен жинақтарда және А.М.Горькийдің инциативасы бойныша «Правда» редакциясы бастырған «Творчество народов СССР» кітабында басылып шықты. Сөйтіп орыс оқушылары халық ақындарының ішінде Тұрмағамбет шығармасымен тұңғыш танысты. Қазақ ақынының алғаш аударылған бұл еңбектеріне 1937 жылы «Литературный критик» журналында жан- жақты талдау жасалынды. СССР Ғылым академиясы «Совет дәуіріндегі орыс халқының поэтикалық творчествосының очеркі» деген еңбегінде Тұрмағамбетті халық шығармашылығын дамытуға еңбегі сіңген еліміздегі белгілі қайраткерлердің қатарына қосады.
Отызыншы жылдардың орта шені- ақынның самайын едәуір қырау шалып, тарлан тартқан шағы еді. Осыған қарамастан тәукелге бел буып, қолына қалам алып, әлем оқушысының мейірін сусындатып, «Шығыс Иллиадасы» атанған «Шаһнама» шығармасының сюжетін алып дастан ғып жазуға кірісті.
Бойындағы қуатын сарп ете сарыла отырып, он айда жазып бтіріген дарынды ақынның бұл үлкен- үлкен үш бөлімнен тұратын әдеби мұрасының саны- елудей поэма. Яғни қырық мың жолға жуық өлең. Бірінші бөлім – «Жәмшиднама» /12 мың жол/, екінші бөлім – «Рүстем- Дастан» /24 мың /, үшінші бөлім «Дарапнама» /4 мың жол/. Сөзі реті келгенде айта келгенде айта кетейік, ақынның адал еңбек маңдай терімен біткен 45 қалың дәптерге араб әрпімен жазылған бұл сияқты қария ұзақ уақыт ұқыпты сақтаған. Республикамыздың жоғарғы өкімет орны- Қазақ АССР Орталық Атқару комитетінің Президумы 1936 жылы 21 декабрьдегі /желтоқсан/ №77 қаулысында Тұрмағамбеттің сіңірген бұл еңбегін ерекше атап көрсетті. Орта жастың ор қабағынан асып, алпысты алқымдап егде тартқан шағында, мұндай аса жауапты жұмыстың міндетін мойынға алу- шынында қиын еді. Шығыс тілінің тірі сөздігі атанған Тұрмағамбет бұл борышты өтеу жолында бойындағы барлық өнері мен ақындық қуатын сарқа жұмсап азаматтық парызбен атқарып шықты.
Қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің және Орта Азия халықтарының көркем әдебиет үлгісі, дәстүрлерін Тұрмағамбет жақсы білген, оны қадір тұтып бойына сіңірген. Соларды бір- бірімен шебер ұштастырып, өзінің шеберлігімен танылған ақын.
Тұрмағамбет ақын осы тұста Шығыс әдебиетін жақсы білетін бірқатар мамандармен кездеседі. Осы туралы «Айнимен де ақылдастым» - дейді ол. «Шаһнаманың» шығыс тілдерінде тараған поэзиялық, прозалық үлгілерін таңдап алып, оны Фирдоуси үлгісі бойынша қайтадан жырға айналдырады.
Шығыстың әйгілі эпопеясы «Шаһнаманы» шығармашылық құрал ретінде кәдеге жаратып, оны қазақ ұғымына үйлестіре жырлап шығу Тұрмағамбеттің ақындық өміріндегі шоқтығы биік елеулі ерекшелігі. 
Көпті көрген саңлақ ақын Тұрмағамбет өз өмірбаянын, асқан асуларын, жүрген жылдарын жүрегінің қасиетті қанымен жырлап, күнделікті дәптеріне тіркеп кетті.
Академик жызушы Ғабит мүсірепов 1958 жылы жазушылардың республикалық ІІІ пленумында жасаған баяндамасында Тұрмағамбетке арнайы тоқталып: «Шынын айту керек, бқл жөнінде Қазақстан Жазушылар одағы да түрткі салмаған, баспа орындарының алдында талап қоймаған, қадағаламаған. Бұдан былайғы жерде бұл ұятымызды жууға тиістіміз»- деген еді.
Тұрмағамбет өзінің қанасын қақ жарып шыққан пәк перзенті төл шығармаларының тас баспамен теріліп түптелген жинағын көзімен көріп, қолымен ұстап оқи алмай, 1939 жылы дүниеден көшті.







Мардан БАЙДІЛДАЕВ,
қазақ ауыз әдебиетін жинақтаушы, зерттеуші
18 мамыр 2020 ж. 4 175 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031