БҰЛ ДА ӨНЕРДІҢ ТОЙЫ
Сыр сүлейлерінің көшінің басында тұрған даңғайыр өнер иесі Ешнияз сал Жөнелдікұлының ұрпағы Мұзарап Жүсіпұлының 120 жасқа толуына байланысты оның ақындығына, жыраулығына, сазгерлігіне, сонымен қатар фольклортанушылығына арналған салтанатты жиын Тұрмағамбет ауылында өтті.
Күннің аптап ыстығына қарамастан бұл ауылға ағылған өнер жанашырлары мен ұрпақтарында есеп жоқ. 9-тамыздың сенбісі – күннің аптап ыстықтығымен бірге Мұзараптай сан қырлы өнер иесінің ұлықталуымен, құрметтелуімен жиналған көптің есінде қалып, әсерлі рухани демалыс сыйлады.
Мұзарап Жүсіпұлының мұраларын көпке ұсыну бағытында қадам жасап отырған аудандық Жыраулар үйінің ұжымымен бірлестікте жұмыс жасаған ақын ұрпақтарына деген көрермендердің ризашылықтары ерекше болды.
Сан қырлы өнер иесі Мұзарап Жүсіпұлына арналған салтанатты жиынның беташары оның тұрған үйіне қойылған ескерткіш тақтаны ашу рәсімімен басталды. Бұл жақсы рәсімге лайықты құттықтау сөз сөйлеген аудан ардагерлері Ш.Құндақбаев, С.Мырзабаев, ақын ұрпақтары Т.Кенебаев, Р.Жүсіпова, ауыл тұрғыны Ж.Дәулетовке көпшілік ризашылықпен қол соқты.
Мұнан соң жиналған көпшілік ауылдағы Қ.Бүрлібаев атындағы клуб үйіне бет алды. Әсіресе, рухани байлықты биік ұстайтын ауыл тұрғындарының көтеріңкі көңіл-күйлері өздерінің ортасынан шыққан М.Жүсіпұлының мұрасына деген құрметтерін айғақтап тұрғандай. Клуб үйінде ине шаншар бос орын қалмады. Өнерпаз ата-бабаларына деген қызметі болса керек. Ұрпақтары тік тұрып қызмет етіп жүрді.
Жиынның негізгі бөлімін аймаққа танымал белгілі жыраулар қолдарына алды. Бұл жыраулардың қызметіне сәттілік тілеп құттықтау сөз сөйлеген ауыл әкімі Сабырхан Зайыров Мұзарап Жүсіпұлының өмірі мен шығармашылығы туралы тартымды мағлұмат берді.
Жыр фестиваліне С.Жақсығұлов, Б.Саймағанбетов, Қ.Кәрібаев, З.Кәрібаева, К.Қосбармақов, М.Сәрсенбаева, Б.Бедебаев, Ә.Ешбаева, Т.Бақытова сияқты талантымен топ жарып келген кәнігі жыршы-жыраулар келіп қатысты.
Тыңдармандарына мерейтой иесі М.Жүсіпұлы туралы, оның атасы, әкесі туралы мазмұнды айтылған естеліктерден кейінгі жырланған өсиетті сөз, тартымды толғаулар бұл өтіп жатқан кештің рухани дәрежесін байыта түсті.
Жырау Қ.Кәрібаев желілі жырды меңгерген өнер иесі ғана емес, шебер шежіреші екенін танытып отырды. Жыраулар фестивалінің тізгінін қолға алған С.Жақсығұлов өз қазынасына жинаған тағылымды рухани дүниелерді ақтара әңгімелеп, Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Мұзарап, Сабыт болып жалғасып келген өнердегі дәстүр жалғастығын үлгі етіп ұсынып отырды.
Ешнияз салдың «Айтжан-ай» әнін нақышына келтіріп Б.Бедебаев орындаса, бұрын орындалмаған «Сырдуан» әнін Б.Саймағанбетов ерекше сазбен орындады. Фестивальге қатысушыларға М.Жүсіповтің ұрпақтары Т.Кенебаев, Р.Аршабекова, К.Кенебаева, С.Мырзабаев Алғыс хат пен сый-сияпат жасады.
Фольклорист ғалым Т.Дайрабаевқа, өнертанушы ғалым Б.Жүсіповке мерейтой медалін тапсыратынын хабарласа, жырау С.Жақсығұлов пен Б.Саймағанбетовтің кеудесіне мерейтой медалін тақты.
Кеш барысында ауыл ардагері, ақын Ү.Өндібаева жырау, сазгер, Сыр өңіріндегі жазба ақындары айтысын негіздеуші М.Жүсіпұлына арнаған өлеңін оқыды. Мұнан кейін де арнау өлең оқушылар толастамады.
Салтанатты жиын соңында ауыл мейрамханасында өнердің өрен жүйріктері, өнерлері атадан балаға мирас боп кеткен Ешнияз сал, оның ұлы Кете Жүсіпке, Ешнияз салдың немересі Мұзарап Жүсіпұлының және шөбересі боп келетін Сабыттың аруақтарына арналған ас беріліп, құран бағышталды.
Кеш соңында түйіндегеніміз, өлең сөздің Құлагері атанған І.Жансүгіровтей қас жүйрік ақынның жазып қалдырған мына бір өлең жолдары көкейден кетпей қойғаны рас.
«...Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді», – демеуші ме еді.
Төрт ұрпаққа жалғанған өнер көші ел ішінде сақтаулы, тарих парағындай қаттаулы. Осы дарын иелерінің атын ел есінде сәт сайын жаңғыртып тұратын не бар?! Ел атауы, жер атауы, мекеме атауы бар ма?!
Шерхан Мұртазаша, біз де: «Әттең бір кем дүние дейміз бе? Болашаққа үміт артқан елміз ғой, ештен кеш жақсы – деп әзірге өз-өзімізді жұбата тұрамыз ба, қалай?»
Т.ДОСЫМОВА,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы