Өнердің жарық жұлдызы
qarmaqshy-tany.kz Көшеней жырау – көңіл арнасын жыр атты өзенге бұрып, өмір достығын қатарластарымен қазынадай бөліскен, текті жердің топырағында талайлармен тел өскен, бел мен белестен қатарласа өтіп, дүние үнін тыңдаған, ұзан жыраулардың жалғасы еді.
Жуырда аудан әкімдігінің қолдауымен К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің ұйымдастыруымен даңғайыр жыраулар Жиенбай, Рүстембектердің мұрагер ұрпағы, даңғайыр жырау Көшеней Рүстембековтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақтың күміс көмей Көшенейі» атты облыстық жас жыршылар байқауы өтті.
Жыр байқауын аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов ашып, өмірден ерте кеткен қазақтың жырау-әншісі, жеті атасынан өнер дарыған сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі Көшеней Рүстембекұлының артына қалдырған өнегелі ісі туралы және өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен айтып, байқауға қатысушы жас жыршы-термешілерге додада сәттілік тіледі.
Іс-шара барысында бүгінгі күннің аспанын жыр жауһарымен әуелететін, талай шаршы топта шашасына шаң жұқтырмай жұртшылықты жыр жаһұтына бөлейтін, жасампаз жырауларымыздың көшінің алтын бұйдасын қолына ұстаған жас өнерпаздар жыр сүйер қауымға жырдан шашу шашып, халықтың шөлін басып, рухани демалыс сыйлады.
Жас жыршыларға жырау, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Серік Жақсығұлов, жырау, аудандық К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің директоры Айгерім Ешбаева, ақын, сазгер, аудандық Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінің мұғалімі Жарқынбек Тұрымбетовтер төрелік етті.
Байқауға қатысушылар Көшеней жырауға арналған арнау жырлар мен Сыр сүлейлерінің шығармаларын қазақтың қара домбырасында Сырдың сырлы мақамсаздарына салып нақышына келтіре орындады.
Бақ пен бабы қатар шапқан жалындыда дарынды жас жыршылар қазылар алқасының шешімі бойынша арнайы алғыс хат, сыйлықтармен марапатталды.
Нәтижесінде қармақшылық Әлішер Мырзағалиев бас жүлдені иеленсе, жалағаштық Думан Ахметов І орын, қазалылық Айдос Тұрар ІІ орын, қызылордалық Байбол Көшеней, аралдық Абылайхан Бектасов, сырдариялық Ғасырбек Шәпиевтер ІІІ орынды өзара бөлісті. Ал қармақшылық Руслан Өтегенов, қызылордалық Қуаныш Алғазиев, Жұлдызай Тұрлығұловаларға арнайы алғыс хат тапсырылды. Сондай-ақ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының арнайы жүлдесі Жұлдызай Тұрлығұловаға табысталды.
Елінің жарық жұлдызы болған, Қазақстан аумағын жыраулық өнерімен дүр сілкіндірген Көшеней Рүстембековтің есімі мәңгі жүрегімізде сақтала бермек.
«Қт» ақпарат