АЛТЫН КӨПІР БОЛҒАН АҚЫН
Мұзарап Жүсіпұлы 1905 жылы 14 қазанда Қармақшы өңіріндегі Қуаңдария болысының №2 ауылында орта дәулетті, атақты ақын Кете Жүсіп Ешниязұлының отбасында дүниеге келген. Нақтылап айтсақ, «Ақтайлақ» елді мекенінде туған. 12 жасқа дейін Жақып Шәмшиев атты жас молдада оқып, мұсылмандық білім негіздерімен сауаттанады, одан кейін өзі ізденіп Шығыс фольклоры мен әдебиеті мұраларын оқиды.
Мұзарап ақын 1958 жылдың 28-мамырында өз қолымен жазған өмірбаянында «Он үш жасымнан бастап ортаға түсіп, домбырамен өлең айттым. 20 жасқа келгенше сол өлең айтумен шұғылдандым» деген. Мұзарап Жүсіпұлы да сол кездегі ауыл балаларының басынан кешкен кезеңдерінің бәрінен де өтеді. Ара-тұра той-томалақтарда «Той бастау», «Ат сыны», «Қыз сыны» сияқты өлеңді шығаруды (айтуға) қолға алса, 25-30 жастың ішінде шағын айтыс-қағысулар, әзіл-өлеңдер шығарады. Ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі 1933 жылы Қармақшы аудандық «Екпінді» газетіне жарияланады. Жалпы Мұзарап ақын алғашқы өлеңдерін 1924 жылы жазғанға ұқсайды. Шығыс халықтарының аңыздары мен ертегілері желісімен «Тамшы» (1925), «Үш насихат» (1926), «Үш жұмыртқа» (1927), «Самұрық» (1948), «Бақытты бала» сияқты қисса-дастандар шығарған.
1936 жылдан бастап ақынның өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жиі жарияланып келді. 1957-1958 жылға дейін ақын жүзге жуық өлең жазған. Оның көпшілігі баспасөз беттерінде жарық көрген.
Мұзарап Жүсіпұлы кезінде Тұрмағамбет Ізтілеуовтен дәріс алып, өзіне ұстаз тұтқан. Өз әкесі Кете Жүсіптен ақындық-азаматтық жолды, өнер мұратын, шабытын сезіне, түсіне өскен-ді. Ақынның өзі жазғанындай өзінше ізденіп, білімін тереңдетіп араб және кириллица әріптерімен жазылған кітаптарды оқитын, жаза алатын дәрежеге жеткен.
1926-1936 жылдар аралығында өзі оқыған мектепте мұғалім, 1937-1943 жылдарда колхозда есепші, 1943-1945 жылдары екінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Соғысқа аттанар алдында, одан кейін майдан даласында да өлеңдер жазған. 1946- 1955 жылдарда Қармақшы ауданының «Ақбел» колхозында есепші, одан кейін Ленин атындағы совхозда 1966 жылға дейін жұмысшы болып істейді.
М.Жүсіпов 1961 жылдан бастап өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қоғамдық тілшісі болып қолжазбалар, музыка бөлімдеріне Сыр еліндегі көптеген ақынжыраудың шығармаларын тауып, жинап тапсырып отырған. Әсіресе, 1965, 1966 жылдары баспадан шыққан «Айтыс» кітабындағы көптеген шығарманы жинағандардың бірегейі осы Мұзарап ақын болатын.
Әкесі Жүсіп сияқты Мұзарап негізінен айтыс ақыны болған. Ол М.Құлмырзаевпен 1927, Ә.Тұрмағамбетовпен 1928, Әбдіуайт Оңалбаевпен 1929, Ш.Шегебаев 1942, 1964, Н.Молыбаевпен 1965, Ә.Әлиасқаровпен және Н.Молыбаевпен 1965-1969 жылдары айтысқа түсіп, аудан, ауыл және қоғамдағы орын алған олқылықтарды, келеңсіз істерді сынап отырған.
М.Жүсіповтің ақындық дарынымен бірге шебер жыршы-жыраулық және сазгерлік қабілеті болған. Оның қаламынан «Тасқын», «Үш бөлім», «Балымша», «Шынар-ай» атты ән-өлеңдері күні бүгінге дейін айтылып, халқымыздың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналған. Тіпті ел арасында «Балымша» мен «Шынар-ай» халық әні деп аталып жүр. Мұзараптың «Балымша» әні сол кезде «Қызыл отау» үйін басқарып жүрген зейінді қыз Балымша Оңалбаеваға арналса, қосымша қосылған «Шынарайы» ол Ерманқызы Тән Түменбаеваға арналыпты. Сол кезде Қосарық ауылына келін болып түскен Тәнге арналып жазылған екен. Жас келіннің атына сөз ермесін деп «Шынар-ай» деп әнге қосқан. Мұны Тән апаның ұрпақтары да растайды. Академия қызметкерлері М.Жүсіпұлының айтуынан 1962 жылы 34 әнді таспаға түсіріп, 20 мың жолдан астам ауыз әдебиеті үлгілерін жинап алған.
Халқымыздың «Тегіне тартып ұл туар» демекші, өз әкесі Жүсіп, оның әкесі Ешнияз салдан бастау алған ақындық, жыраулық өнер Мұзараптың баласы Сабытқа, одан немересіне жалғасқан.
Ақын өмірі тақтайдай тегіс болған жоқ. 1932 жылдың ашаршылығына ұшырап, бірер жыл Өзбекстанда болып келсе, елде қалған шешесі мен қарындасы қайтыс болыпты. Ақын егіле отырып әулет қорымында тұрып, «Анама», «Әкеме», «Қарындасым Мінаураға» атты өлеңдерді шығарып, іштегі дертін басқандай болады. Соғыстан кейін бейбіт өмірге қосылып, ел өміріне белсене араласады.
Мұзарап ақынның үлкен баласы Сабыт та (1920 ж) әскер қатарындағы қызметін атқарып, елге аманесен оралғаннан кейін Жосалыдағы автобазада бухгалтер болады, ұрпақтары бар. Мұзекеңнен Сабыт, Саягүл, Сәулегүл, Жеңіскүл, Мәдина, Сағида, Сағит, Бануша туған. Ақын – немере-шөберелерін көрген адам.
Шабытты шалқар теңіздей, дауысы әсем әуезді ағамыз – Сыр сүлейлерінің алтын көпірі болған ардақты да абзал азамат, үздік ақын-жырау.
Жырау-ақын, сазгер, әнші Мұзарап Жүсіпұлы 1972 жылдың 21-наурызында туып-өскен жері қазіргі Тұрмағамбет ауылында қайтыс болды. Ақынның өзі өлгенмен артында мол мұрасы, талантын таныған халқы қалды.
Бүгінгі күні ақын ағамыздың төл шығармаларын жинап, зерттеп, зерделеп, кітап етіп шығардық. Ел азаматы, жауынгер ақын, Сыр сүлейлерінің жалғасы – М.Жүсіпұлының 120 жылдығына бұл мақала тартуым болмақ. Айтпақшы, 2008, 2009 жылдары ақынның шығармалары жайлы 2 кітап жарыққа шықты. Сол рухани қазыналардың жарыққа шығуына үлес қостым. Ақын тойы құтты болсын!
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер,
«Құрмет» орденінің иегері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы