МҰЗАРАП ЖЫРАУ

​​​​
Өткен ғасырдың жиырмасыншы және жетпісінші жылдарында өңірімізде ақындық, жыраулық, сазгерлік, күйшілік өнердің ұрпақтар сабақтастығын ұлықтап, өзінен кейінгілерге жыр керуенін аманаттап, өмірден өткен дарын иелерінің бірі– Мұзарап Жүсіпұлы.
«Тегіне тартып ұл туар» деп дана халқымыз айтқандай, Сыр шайырларының абызы атанған Ешнияз сал, оның баласы Кете Жүсіппен жалғасқан ұлы жыраулық өнердің аса таяғын ұстаған Мұзарап ақын бала кезінен ән салу, өлең жазуға кұштар болып өсті. Бала ақын атанған Мұзарап сол кездері өздерінің шайырлық өнерімен елге танылған әкесі Кете Жүсіптің, ұстаздары Омар Шораяқұлы мен Тұрмағамбеттің, басқа да жыр дүлдүлдерініің жыр-термелерін жаттап, ел алдында жырлайды. Сондай-ақ, өзінің «Балымша», «Шынар-ай» өлеңдері халық ішіне кеңінен тарап, той-томалақтың сәніне айналды. Тіпті, ауыл жастары арасында айтыс өнерін алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болды. 25-30 жасында түрлі тақырыпта қисса, толғау мен арнаулар, сонымен бірге шығыс халқының аңыздары желісімен «Тамшы», «Үш насихат», «Бақытты бала», «Самұрық», тағы басқа да қисса- дастандар жазып, тыңдарманның қошеметіне бөленді.
Мұзарап ақынның алғашқы өлеңі 1933 жылы ауданда ашылғанына бір жыл болған «Екпінді» газетінде, ал кейіннен кейіннен облыстық, республикалық басылымдарда жарияланды.
Еңбек жолын 1926-1936 жылдары өзі туып-өскен ауылда ұстаздықтан бастаған ол кейін келе шаруашылық жұмысына ауысып, ауылда есепші болып жұмыс істейді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы зұлмат жағдай қазақтың көптеген атпал азаматтары сияқты Мұзарап ақынның өміріне де кесірін тигізді. Елде белең алған ашаршылықта анасы мен қарындасы қайтыс болса, өзі біршама жыл отбасылық күнкөрістің қамымен Өзбекстанда жұмыс істеді. Осындай қиын да азапты күндерді басынан өткерген ақын өзі жоқта өмірден өткен туысқандарын жоқтап өлең де жазады. Қаншама қиындықты басынан өткерген Мұзарап ақын 1943-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына да қатысып, туған жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысты. Майдангер-ақын ұрыс даласында өткен қанды шайқастар мен Кеңес әскері жаужүрек жауынгерлерінің ерлігі жайлы бірнеше жыр-дастан жазды. Ақынның өлеңдерінің көпшілігі соғыс жайлы болғандықтан оны майдангер-ақын деп те атайды жұртшылық.
«Көптен көрген ұлы той» демекші, төрт жылға созылған сұрапыл соғыс та аяқталып, майдан даласынан елге оралған қазақ жауынгерлері соғыс жылдарында тұралап қалған халық шаруашылығын қайта қалпына келтіруге атсалысады. Әрине, мұндай игілікті іске кірісіп кеткен Мұзарап Жүсіпұлы шаруашылықта есепші, колхозшы болып жұмыс істейді.
Бірақ, ақындық, жыраулық, әншілік қасиетті бойында шалқытқан талант иесі шаруашылықта еңбек ете жүріп, Алматы қаласындағы Әдебиет және өнер академиясының тілшісі ретінде Сыр бойы өңірі ақын-жырауларының шығармаларын ел арасынан жинақтап, оларды академияға тапсыруда көп еңбек сіңіреді.
Мұзарап Жүсіпұлы ақын ретінде өңірімізде айтыс өнерін жандандыруда да көп еңбек етті. Тіпті, өзі де көптеген айтыс ақындарымен сөз сайысына түседі. Ол әр жылдары М.Құлмырзаев, Ә.Тұрмағамбетов, Ә.Оңалбаев, Ш.Шегебаев, Н.Молыбаев, Б. Өтепов, Н. Айтураұлы және Ә.Әлиасқаровпен айтысып, сол жылдарда ел мүддесі үшін атқарылып жатқан игі істер мен қоғамда орын алған кемшіліктерді сынаған. Республикалық Әдебиет және өнер академиясының ғылыми қызметкері, ел жанашыры Мардан Байділдаевтың тындырымды істерінің арқасында Мұзарап ақынның айтуымен 24 өлеңін таспаға түсіріліп, 20 мың жолдан астам ауыз әдебиеті үлгісін жиналды.
Жоғарыда айтып өткендей, Мұзарап Жүсіпұлы ұстаз ретінде өзі туып-өскен ауыл маңындағы «Күйеу асардағы» мектепте шәкірт тәрбиелейді. Сол жылдары аталмыш мектепті ақын Әбзәли Егізбаев басқарған болса, өзі Рүстембек Жиенбаев, Тілеген Әбдікешов, Қасым Ерлібеков, Алтынбек Ешов сияқты білікті ұстаздармен қоян-қолтық еңбек етіп, есімі елге танымал болған Далабай Ешпанов, Қасым Жүсіпов, Әбжан Айсауытов сынды азаматтарды білім нәрімен сусындатты.
Ақын, жырау, күйші, сазгер, ұстаз Мұзарап Жүсіпұлы халық ақыны деген атақты да иеленді. Оның түрлі тақырыпта жазған өлеңдері мен дастандары, сонымен қатар сықақ, әзілдері, «Тәнтен қыз», «Көркем» және «Мұңлы қыз» атты күйі ел-жұртқа кеңінен танылып, халық сүйіп тыңдайтын болды.
Ақынның шығармалары негізінен тәрбиелік мәні зор танымдық, махаббат, достық пен зорлық, ерлік пен патриотизмге бақытталған.
–Тумайды ақын жұртын жылатуға,
Туады көңілдерін нұрлантуға.
Өлеңін орамал қып өтеді олар,
Көз жасын адамзаттың құрғатуға, – деп ақындар жырлағандай, Мұзарап ақынның өнегелі өмір жолы жайлы Шәймерден Шегебаев, Әлімбаев Әлиасқаров, Әбілахат Жанәділов, Тоқболат Еңсегенов сынды ақындар-жазушылар өлең-жыр, очерктер жазды.
Міне, бар саналы ғұмырын жыршылық, әншілік, сазгерлік пен күйшілік өнерге арнап, қазақ халқының қастерлі жыр керуенін ұрпақтан ұрпаққа жеткізген Мұзарап Жүсіпұлы екі ұл, 5 қыз өсірді.
«Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деп қазақ данагөйлері айтқандай, ақын отбасында дүниеге келген ұл-қыздар ішінде Сабыт ата-баба жолын жалғастырып, ол да ақындық-жыраулық өнерді өміріне серік етті. Бірақ, шабыты шалқыған жасында өмірден озды.
Сыр шайырларының алтын көпірі атанған сөз зергері, ақтангер айтыскер Мұзарап Жүсіпұлы 1972 жылы өзі туып-өскен қазіргі Тұрмағамбет ауылында мәңгілікке көз жұмды. Артында өшпестей мұра қалдырған ақынның өмірін бүгінде ұрпақтары жалғастыруда.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
14 тамыз 2018 ж. 1 699 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031