» » » ЖЫР ЖАМПОЗЫ ЖИЕНБАЙ

ЖЫР ЖАМПОЗЫ ЖИЕНБАЙ

Мына жалған дүние иесі адамзат өмірінде болып жатқан кейбір сәтсіздіктер, оның ішінде надандық пен аяусыздықты, бай мен кедей арасындағы әділетсіздікті, адамгершілікті өлең-жырмен өрнектеп, туған елінің еңсесін көтерген, сол еңбегі үшін де биліктен қудалауға ұшыраған өнер адамдары көп.
Солардың бірі – атадан балаға мирас боп қалған жыраулық, ақындық өнерді арқалап өмірден өткен жыр жүлдүлі Дүзбенбет жыраудың баласы, сол кездері қарт Қуаңның бойында мекен еткен халыққа билік айтып, елді егіншілікқа баулыған, орақ тілді Шораяқ бидің (шайыр Омардың әкесі) қызынан туған Жиенбай жырау.
Бала жасынан әкесі Дүзбенбеттің ән-жырын тыңдап өскен, жастайынан ауыл-аймақты өзінің өнерімен тәнті етіп, ел сыйлысы атанған Жиенбай – 1864 жылы қазіргі Тұрмағамбет ауылында өмір есігін ашқан.
Жоғарыда айтқандай, Жиенбай бала жасынан әке ықпалымен ақындық өнерге ықыласы ауып, зеректігімен, алғырлығымен бала болса да Алла Тағала сыйға берген дауысымен халықтың жүрегінен орын алып, жас жырау атанады.
Тіпті, ол ауыл мешітінен діни сауат ашып, арабша үйренген. Кейіннен сол араб тілінде өлең де жазған.Көнекөз қариялардың айтуынша Жиенбай Түркіменстан асып, сол елде Көрұғлы дастанының арабша жазылған нұсқасын қазақ тіліне, яғни қарапайым халық түсінетін тілде аударып, оны ауыл-аймаққа жырлаған.
Міне, жүрек тереңінен шыққан жауһар өлең-жырмен халықты сусындатқан жыр жампозы, шашасына шаң жұқтырмайтын ақын деп халқы айдарлап атақ берген Жиенбайдың шығармашылығы негізінен сол заманғы ақын-жыраулардың бай-манап езгісінде болған кедей өмірі, махаббат пен арнауларға арналады. Ақынның шығармашылығында түрлі тақырыпта дастандар мен қиссалар, өлеңдер мен арнаулар бар.
Жыраулық және ақындық өмірді қатар ұстаған Жиенбай жырау талай рет айтысқа түсіп, қазақ даласында осы өнерді дамытуға көп еңбек сіңірген айтыс ақтаңгері.
Айтыскер ақын өзінің тіл өрнегі арқылы айналасында болып жатқан оқиғаларды суреттеу шеберлігімен, көркемдік тәсілімен айтыстың қазақ елінде кең жайылуына еңбек сіңірді. Ақының Тұрмағамбетпен, Кете Жүсіппен, Тұрымбетпен, сондай-ақ Алтын руынан шыққан Тобжан ақынмен айтыстары бізге дейін жетті.
Жиенбайдың жыраулық өнерін сынамақ болғандар да көп. Бірде Төребай би дүр Оңғар, Жиенбай және Тұрымбетті сынамақ болып: – Жырауларым ажал ескертусіз келеді. Егерде сол ажал мені алып кеткен жағдайда сіздер мені қалайша жоқтайсыздар, соны көзім тірі кезінде естіп қалсам деген ойым бар, – дейді. Сонда Төребай бидің өтінішін алғашқы боп орындаған Оңғардан кейін жоқтау кезегін алған Жиенбай:
Қайтейік, пендеде арман таусылған ба.Айбатты ең шеңіңе жау кіре алмаған.
Тілейміз тұлпар ізін тайы басып,
Халықтың болса ұлы деп мейірі қанған.
Қайран ер айта-айта торығамыз,
Құтылып кеткен жан жоқ сұм ажалдан, – деп жанында отырған Тұрымбет жырауға өзің жалғастыр дегендей ымдаған екен.
Сондай-ақ, 1926 жылы Қызылдың қиясында осы өңірге есімі белгілі бай, төрт түлігі төскейде жайылған бақуатты Бектібай бай әкесі Шонаққа ас береді. Міне, үш жүздің жайсаңдары жиналған аста Бектібай түйе балуан күресін ұйымдастырып, 40 жырауды жырлатады. Талай жыр дүлдүлдері қатысқан жыр додасында Жиенбай жүлдеге тігілген 300 жылқыны жеңіп алып, сол заматта ұтысының басым бөлігін сол маңда жүрген халыққа таратып жібереді. Ал, қалғанын ауылдағы жарлы-жабықай мен ағайын-туысқа үлестіреді.
Жиенбай жыраудың өнегелі ісін көптеген ақын-жыраулар өз шығармасына қосты.
Омар Шораяқұлы Жиенбай жиені туралы:
Дүзбенбетұлы Жиенбай,
Ақ домбыра қолға алып.
Ұшатын құстай қомданар,
Ерегіскен ер болса,
Екі талай жер болса,
Аянбай шауып жолды алар, – деп оның өнегелі өмірін елге насихаттаса,
Даңғайыр ақын Тұрмағамбет:
Есенжол, Жүсіп, Жиенбай,
Жүйріктері заманның.
Отарбадай әр жерден,
Көрінетін бірақ бұрқұлы, – дейді.
Сондай-ақ, Бұқар жыраудың баласы ақын Жүнісбек Жолдинов Жиенбай жырларын оқып: – Жырлағанда Жиенбай,
Құлақтың құрышын қандырған.
Өрен, өнер өтпепті,
Ұрпағына қалдырған» деп бағасын берсе, ақын Қуаныш Баймағамбетов:
Жиенбай жыр бұлағы Кетедегі,
Шәкірт қып көп шайырлар жетеледі, – деп жоғары баға берген екен.
«Жол анасы тұяқтан, сөз анасы құлақтай» деп қазақ данагөйлері айтқандай, Жиенбай жырлары халық ауызында кеңінен айтылып, ол ұрпақтан-ұрпаққа жетті.
Жампоз жырау жыр жазып қана қоймаған, ол өзі сияқты ақындардың шығармаларын нақышына келтіре халық алдында насихаттап, оны тыңдаушы қауымға нақышында жеткізді. Ол жазба ақындар айтысында да өзіндік орнымен танылған тұлға. Жыраудың шығармаларын оқи отырып және оның өнегелі өмірінен сөз қозғасақ, өз дәуірінде оның өнеріне ел сүйсінген, көпшілік сыйлаған жырау болғанын білеміз.
Иә, өз заманның дүлділі атанған сөз зергеріТайқоңырдан бастау алған жыраулық өнер оның баласы Дүзбенбетке, содан кейін оның немересі Жиенбайдан шөбересі Рүстембекке, әрі қарай Көшеней мен Бидасқа және одан кейінгі ұрпағы Ақнұрға атадан балаға сабақтасып келеді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
02 шілде 2018 ж. 2 970 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031