ЖЫР ЖАМПОЗЫ

«Сыр елі-жыр елі» деп күллі қазақ елі үкілеп айдар таққан Сыр бойы өңірінің жыраулары Алла тағала берген мақамдарымен ел-жұртты қазыналы жырларымен тамсандырып, ұлт рухын асқақтатты. Міне, туған халқы үшін өмірін сарп еткен жандардың бірі – Сыр елі жырауларының жампозы атанған Балқы Базар.
1842 жылы «Жүз шайырдың Отаны» атанған қасиетті Қармақшы өңіріндегі Қызылқұмда орналасқан Қарақ тауы маңында Оңдас есімді шаруа отбасында дүниеге келген Балқы Базар әкесі қайтыс болған соң Өтеміс нағашысынан тәрбие алады. Бала жасынан ән-жырға әуес болып өскен Базарды сол өңірге билік еткен Тәспен би тәрбиесіне алып, оның жыраулық өнерді жалғастыруына көп көмек береді. Оны әрдайым жанына ертіп жүріп, ақын-жыраулармен таныстырады. Бидің үйіне келген жыр дүлдүлдерінің жырын тыңдап, өзі де жыр-терме айтуға машықтанған оны ауыл жұрты «бала жырау» деп атап кетеді.
Баланың ақындық-жыраулық өнер­ге деген ұмтылысын аңғарған Тәспен би оның талабын қанаттан­дыруда той жасап, ат мінгізіп, батасын береді.
Міне, осы кезден бастап Базар өзіне серік еткен домбырасымен ауыл-аймақты аралап, ел өміріне араласа бастайды. Жас жырау Қарақалпақ пен Ырғызды, Сырдың жоғары және төменгі жағын түгелімен, тіпті Арқаны аралап, сол аймақ тұрғындарын жыраулық өнерімен сусындатады. Ел алғысына бөленіп, құрмет төрінен көрінеді. Шернияз, Қарадос, Серәлі мен Садыр Нысанбай, Ешнияз, Бұдабай сынды Ақтөбе, Қостанай, Арқа және Сыр өңірі ақындарының өлең-жырларын елге насихаттап, жырлайды.
Балқы Базар өзінің шығарма­шы­лығында елді имандылыққа шақырып, бір-біріне деген сүйіспеншілікті арт­тыруға, туған жерді аялауға, діни сауаттылыққа насихаттайды. Кедей мен бай арасындағы қарама-қайшылықты, үстем тап өкілдерінің озбырлығын әшкерелейді.
Жыраудың екі жас арасындағы махаббат, табиғат пен туған жер және басқа да тақырыптарда жазған терме-толғауларын халық ықыласпен қабылдап, тыңдаған.
Жыр жампозының өнеріне тамсанған қазақ ақын-жазушылары жыраудың өнегелі өмірін болашақ ұрпаққа өнеге етуде көп еңбек сіңірді. Алаш қайраткері Сәкен Сейфуллин Базар жырауды Бұқар жыраудан кейінгі ірі жырау деп жоғары баға берсе, ақын Мағжан Жұмабаев: «... Бірақ, шерлі елдің баласы ғой Базар. Өз шерін толғап отырып, елдің шеріне түсіп кетеді: Осы аз ғана өлеңдерден Базардың бірталай терең ақын екені байқалуға тиісті...» деп бағалаған.
Қазақ халқының өмірін зерттеуші ғалымдар арасында Базар жырау туралы өз пікірін білдіріп, жоғары баға бергендер қатарында Ә.Диваев пен Ә.Марғұлан және жерлестеріміз Ә.Қайнарбаев пен М.Байділдаевтар бар.
Жоғарыда айтқандай, Сыр сүлейлерінің Отаны атанған киелі Қармақшы өңірінде өмір сүрген жыр саңлақтары Ешнияз сал мен Қарасақал Ерімбет, Дүр Оңғар мен Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары мен даңғайыр ақын Тұрмағамбет жыр жампозы Балқы Базар Оңдарұлының жыраулық өнеріне бас иіп, оны өздеріне ұстаз еткен. Тіпті, «Жыраулардың жүйрігі» деп атақ берген.
Ал, енді жыраудың шығарма­ла­рына зер салсақ. Балқы Базардың «Айман-Шолпан», «Жүсіп пен Ахмет», сондай-ақ «Мақпал мен Сегіз», «Әмина қыз», «Айна-тарақ» атты қисса-дастандарын жырсүйер халық жылы қабылдап, тыңдаудан жалықпаған.
Міне, осы дастандардың, оның ішінде «Айман-Шолпан» және «Мақпал-Сегіз» шығармасында жас­тардың махаббаты суреттелсе, «Жүсіп пен Ахмет» жырында түркпен батырлары Жүсіп пен Ахметтің ерлікті істері, «Айна-тарақ» дастанында хан қызына ғашық болған ағайынды үш жігіттің қыз жүрегін жаулап алудағы іс-әрекеттері суреттелген. «Әмина қыз» атты дастанының желісіне үңілер болсақ, Бағдат шаһарының жас тұрғыны Әмина есімді бойжеткенмен отау құрып, оны бақытқа кенелткісі келеді. Алғашқы кезде екі жас отбасылық бақытқа бөленгенімен, біршама уақыт өткен соң оның әйелі, яғни Әмина күйеуіне қарсы ерсі қылықтар көрсете бастайды. Ақыр соңында ол жарын дуалау арқылы итке айналдырып жібереді. Әйелінің жауыздығымен ит кейпіне енген жігіт біршама жыл басынан небір қиыншылық пен азапты өмірді өткізіп, бір арудың көмегімен дуадан арылып, қайтадан адам қалпына түседі.
Жырау шығармаларының түпкі мақсаты – қан­дай да болсын адам баласы қаншалықты қиын­дыққа ұшырағанымен, әділдік пен адалдықты өмі­ріне серік етсе, ол қашан да өз бақытын табады.
Балқы Базардың шығармаларын өскелең ұрпаққа жеткізуде мана жоғарыда айтқанымдай, көптеген зерттеушілер жылдар бойы жұмыс істеді. 1925 жылы Ташкент қаласында жарыққа шыққан «Терме» және 1931 жылы ақын Сәкен Сейфуллиннің «Ескі әдебиет нұсқалары» атты жинақтарында жыр дүлдүлінің бірнеше өлеңі мен жыр-дастаны, толғауы жарық көрсе, 1965 және1984 жылы қазақ ақын-жыраулардың өмірі жайлы жарыққа шыққан «Үш ғасыр жырлайды», сондай-ақ «Бес ғасыр жырлайды» атты кітапқа бірнеше шығармасы енді.
Жыраулық өнерімен елге танылған Балқы Базар Оңдасұлы өзгелер сияқты отбасылық бақытты да басынан өткізді. Жарымен бірге төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Базар Оңдасұлының үкілеп өсірген ұрпақтары арасында басына жыраулық бақыты қонған ұлдары Әмзебек пен Балзаданың талпынысы енді шарықтап келе жатқанда қыршын кетті.
Міне, екі баласының мезгілсіз о дүниелік болуы жырауды біраз шөктіріп те тастады. Тіпті, оны төсекке де байлады. Домбырасын ұмытып, қайғыға көшті. Болашағынан көп үміт күткен балаларының артынан, турасын айтқанда ортаншы ұлы Әмзебекті жер қойнына тапсырғаннан кейін үш жылдан соң, яғни 1911 жылы 69 жасында өзі де бақилық болды. Оның мүрдесі Қарақалпақстандағы Тамдыбұлақ ау­да­нына қа­расты Жалпақтау ауы­лын­дағы қорымнан мәңгі­лікке мекен тапты.
«Адам өлген соң оның екінші өмірі басталады», – дейді дана халық. Міне, өзінің өнегелі өмірімен ел-жұртының есінде қалған жыр жампозы, Сыр сүлейлері арасында шоқтығы биік Балқы Базар Оңдасұлының ұрпаққа қалдырған құнды шығармасын бүгінде туған халқы өскелең ұрпаққа мирас етіп қалдыруда аянбай еңбек етуде.
Жыраудың есімін ел есінде сақтауда Жал­пақтау ауылындағы орта мектепке есімі берілсе, Тамдыбұлақ пен Қызылорда қаласы мен Жосалы кенті орталықтарынан көше атауы берілді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
08 маусым 2018 ж. 2 407 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031