» » » НАЗЫМ СӨЗДІҢ ШЕБЕРІ

НАЗЫМ СӨЗДІҢ ШЕБЕРІ

Ұрпақтан ұрпаққа сабақтастық болып келе жатқан жыраулық өнерді туған әкесі, Сыр шайырлары арасында өзіндік мақамымен ел-жұртына жампоз жырау атанған Жиенбайдан мирастыққа алған Рүстембек өсе келе өзі сияқты ауыл балаларымен бірге діни сауатын ашқаннан кейін әкесі Жиенбай сыйлаған домбырасын алып, алқалы топ алдына шығып, халықтық маңызы бар толғау-термелерді шебер орындап, ел ауызына ілінеді.
Ол алғаш рет әкесі Жиенбаймен бірге үш жүздің ығайы мен сығайы жиналған атақты Шонай байдың асына қатысады. Асқа жиналған игі жақсылар алдында жыр жырлап, бата алады. Осы кезден бастап, ол «бала жырау» деген атаққа ие болады.
Рүстембек Жиенбайұлы Сыр сүлейлері Ешнияз сал, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп,Тұрымбет, Омар мен Тұрмағамбет сынды жыр алыптарының дастан-толғауларымен бірге әкесі Жиенбайдың Көрұғлы дастанын жаттап, халық алдында күндіз-түні ұйықтамай жырлайды. Ол жүрген жер қашанда той-думанға ұласады.
Жігіттік шағын той-думанмен өткізген Рүстембек елімізде Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де елді бірлік, ұйымшылдық пен ынтымақтастыққа үндеп, ұжымдасып еңбек етуге шақырады.
Қызылорда қаласындағы «рабфакта» мұғалімдік оқуды тәмамдап, өзі туып-өскен ауылдағы мектепте шәкірт тәрбиелейді. Содан кейінгі жылдары сол мектепте директорлық қызметті де атқарады. Ол орысша, қазақша өте сауатты болған деседі көзін көрген көнекөз қариялар. Шәкірттерін білімге тәрбиелей жүріп, жыраулық өнерге де баулыған екен. Өзі өткізген әрбір сабақта ол шәкірттерге туған елі мен оның салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, сонымен қатар жыраулық, әншілік өнерді де кеңінен насихаттаған.
Бірақ, отызыншы жылдарғы қазақ зиялыларының басынан өткен зұлмат оған да келеді. Сол жылдары ауылдағы шолақ белсенділердің зұлымдық істерінің арқасында оның туысы, еліміздің тұңғыш прокуроры Сүлеймен Есқараев «халық жауы» атанып ұсталып кеткенде, ол да директорлық қызметін тастап, бір түнде отбасымен Жалағаш ауданына қарасты қазіргі Еңбек ауылына көшіп келеді. Мұнда өзі сияқты есімі сол өңірге белгілі жырау болған туған інісі Дастанбекпен бірге есепшілік қызметті атқарады. Содан кейін 1941-1945 жылдары інісі Дастанбекпен бірге Ұлы Отан соғысына қатысады. Бірақ Дастанбек майдан даласында шейіт болса, өзі аман-есен елге оралады. Соғыстан кейінгі жылдары ол ауылда түрлі қызмет атқарады. Жылдар өте Ақжарға оралып, қалған бар саналы өмірін осы ауылда өткізеді. Өмірлік жары Әнапия анамызбен бірге Ыдық, Ерші, Көшеней және Бидас есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді.
Рүстембек Жиенбайұлы әрі жырау, әрі әнші, әрі сазгер ретінде халық жүрегінде сақталып қалған тұлға. Ол ақын ретінде көптеген өлеңдер жазса, терме-толғаулары тыңдарманнан үлкен қолдау тапты. «Ақ толық-ай», «Жаным моншан», «Желдірмая» және басқа да өлеңдері қазақ даласына тарап, оны халық сүйіп айтатын болды.
Рүстембек жырау өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер де ақынның өнегелі өмірін халық жүрегінде мәңгі сақтауда көп еңбек етті. Елімізге белгілі ғалым-этнографтар Ә.Қайнарбаев, Ә.Қоңыратбаев, М.Байділдаев, Т.Дайрабай және басқа да азаматтар жыраудың мұрасын жинақтады. Сол ғалымдардың еселі еңбегінің арқасында бүгінгі ұрпақ есімдері ұмытыла бастаған көптеген ақын-жыраудың шығармаларын қайта жандандырды. Ал, сол аға буын өкілдерінің ізін жалғастырушы, бүгінде елге танылған жыршы-жыраулар қатарында Жұмабек Аққұлов, Бидас Рүстембеков, Алмас Алматов, Серік Ыдырысов, Қасарбек Кәрібаев, Зәуре Кәрібаева, Дінислам Тоқсанбаев, Берік Саймағамбетов, Серік Жақсұғұлов, Майра Сәрсенбаева, Айкерім Ешбаева және басқа да жыр майталмандары бар.
Рүстембек Жиенбайұлының өнегелі өмірін көптеген ақын-жыраулар өз жырына қосты.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Алматы қаласында мәдениет және өнер тарландары бас қосқан үлкен бір жиын өтеді. Міне, сол алқалы жиынға киелі Қармақшы өңірінен даңғайыр ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов бастаған, құрамында Рүстембек жырау, Мұзарап Жүсіпов және басқа да ақын-жыраулар бар өнер сарбаздары қатысады. Ауылдан барған делегация қонақ үйге орналасып болған соң, Тұрмағамбеттен басқасы, яғни жастар қаланы аралауға кетеді. Біршама уақыт өткен соң қонақ үйге оралған олар ақын ағаларына көрген-білген қызықтарын айта бастайды. Содан олардың сөзін ұйып тыңдап болған Тұрекең, барлығы өз бөлмелеріне кеткен соң Рүстембекті шақырып алып, оған: «–Стол үстінде тұрға ана қағазды алып оқы», – дейді.
Ақын ағасының бұл сөзіне түсінбеген Рүстембек жырау дереу қағазды алып оқи бастайды.
Аға жырау қағазға:
– Жеріңді сұра шырақ танымаған,
Қиял көз, қиын емес әлі мған.
Атақты Алла берген байларға ұят,
Қонсысы қасындағы жарымаған.
Әнің үшін жаныңды аямашы,
Деп қойсаң мынау бір гәп дәрі маған.
Қырқы рет қысқа күнде шабылмашы,
Тұлпардың тұқымысың арылмаған.
Озғай деп өз табынан атасындай,
Тілекті қай уақытта ғарип ағаң, –деп жазыпты. Өлеңді оқып болған соң Рүстембек жүрегіне басып, ағасына інілік ризалық ниетпен бас иген деседі қариялар.
Сондай-ақ, Рүстембек жыраудың өнеріне тәнті болған ақын Қуаныш Баймағамбетов те өз арнауында:
Жиенбай жыр бұлағы Кетедегі,
Шәкірт қып көп шайырды жетеледі.
Баласы Рүстембек әлі де бар,
Демейді Жиенбайды өтеп еді, – десе,
Ақын Сабыт Жүсіпов:
–Рүстембек көп жыраудан үздік еді,
Әкесі Жиенбайды жүз біледі.
Шын жүйрік шыға шапса шаң ермейтін,
Аз қалды әндерінің біз білмейтін.
Тондары дауысының биік еді,
Ойын-той, жүрген жері жиын еді.
Үйреніп толғауларын қанша айтсаңда,
Келтіру тап өзіндей қиын еді, – деп жырау ағасының абыройын ел алдында асқақтады.
Сонымен қатар, ақын Әлиакбар Жұматаев та жырау ағасы жайлы өз толғауында:
–Рүстембек жырдың дүлдүлі,
Мұзарап әннің бұлбұлы,– деген теңеу берген екен.
Рүстембек Жиенбайұлы жоғарыда айтқандай, өзінің тума талантымен, ән-жырға деген сүйіспеншілігімен ел-жұртының мақтанышына айналды. Оның әрбір жазған өлең-жыры мен терме-толғауын халыққа мол мұра болып қалды.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп Төле би айтқандай, жыраулық өнерімен өз заманында жұртынан дүлдүл деген атақты иеленген Тайқоңыр жырау баласы Дүзбенбетке тапсырған ұлы жыраулық өнер оның баласы Жиенбайға, одан кейін Рүстембекке дарыған болса, Рүстембек балалары Көшеней мен Бидас, одан кейін бүгінде Арнұрға өтеді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
10 шілде 2018 ж. 2 375 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031