» » » АЛТЫН КӨПІР БОЛҒАН АҚЫН

АЛТЫН КӨПІР БОЛҒАН АҚЫН

Мұзарап Жүсіпұлы 1905 жылдың 14 қазан айында Қармақшы өңіріндегі Қуаңдария болысының №2 ауылында орта дәулетті, атақты ақын Кете Жүсіптің отбасында дүниеге келген. Нақтылап айтсақ, «Ақтайлақ» елді мекенінде туған. 12 жасқа дейін Жақып Шәмшиев атты жас молдада оқып, кейін молдамен келіспей оқуды тастап кетеді.
Мұзарап ақын 1958 жылдың 28 мамырында өз қолымен жазған өмірбаянында «Он үш жасымнан бас­тап ортаға түсіп домбырамен өлең айттым. 20 жасқа келгенше сол өлең айтумен шұғылдандым» деген. Мұзарап Жүсіпұлы да сол кездегі ауыл балаларының басынан кешкен кезеңдерінің бәрінен де өтеді. Ара-тұра той-томалақтарда «Той бастау», «Ат сыны», «Қыз сыны» сияқты өлеңді шығаруды (айтуға) қолға алса, 25-30 жастың ішінде шағын айтыс-қағысулар, әзіл-өлеңдер шығарады. Ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі 1933 жылы Қармақшы аудандық «Екпінді» газетіне жарияланады. Жалпы Мұзарап ақын алғашқы өлеңдерін 1924 жылы жазғанға ұқсайды. Шығыс халықтарының аңыздары мен ертегілері желісімен «Тамшы» (1925), «Үш насихат» (1926), «Үш жұмыртқа» (1927), «Самұрық» (1948), «Бақытты бала» сияқты қисса-дастандар шығарған.
1936 жылдан Мұзарап ақынның өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жиі жарияланып келді. 1957-1958 жылға дейін ақын жүзге жуық өлең жазған. Оның көпшілігі баспасөз беттерінде жарық көрген.
Мұзарап Жүсіпұлы кезінде Тұрмағамбет Ізтілеу­овтен дәріс алып, өзіне ұстаз тұтқан. Өз әкесі Кете Жүсіптен ақындық жолды түсіне өскен-ді. Ақынның өзі жазғанындай өзінше сауатын ашып ескіше де жаңаша оқитын, жаза алатын дәрежеге жеткен.
1926-1936 жылдар аралығында өзі оқыған мектепте мұғалім, 1937-1943 жылдарда колхоз есепшісі, 1943-1945 жылдары екінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Соғысқа аттанар алдында, одан кейін майдан даласында да өлеңдер жазған. 1946-1955 жылдарда Қармақшы ауданының «Ақжар» колхозында есепші, Ленин атындағы совхозда 1966 жылға дейін жұмысшы болып істейді.
М.Жүсіпов 1961 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қоғамдық тіл­шісі болып қолжазбалар бөліміне, музыка бөліміне Сыр еліндегі көптеген ақын-жы­раулардың шығармаларын тауып, жинап тапсырып отырған. Әсіресе, 1965, 1966 жылдары баспадан шыққан «Айтыс» кітабындағы көптеген шығармаларды жинағандардың бірегейі осы Мұзарап ақын болатын. Әкесі Жүсіп сияқты Мұзарап та негізінен айтыс ақыны болған. Ол М.Құлмырзаевпен 1927, Ә.Тұрмағамбетовпен 1928, Әбдіуайт Оңалбаевпен 1929, Ш.Шегебаевпен 1942, 1964, Н.Молыбаевпен 1965, Ә.Әлиасқаровпен және Н.Молыбаевпен (1965-1969 жылдары) айтысқа түсіп, аудан, ауыл және қоғамдағы орын алған олқылықтарды, келеңсіз істерді сынап отырған. М.Жүсіповтің ақындық ға­на емес, шебер жыршы-жыраулық және сазгерлік қабілеті болған. Оның қаламынан «Тасқын», «Үш бөлім», «Балымша», «Шынар-ай» атты өлеңдері күні бүгінге дейін айтылып халқымыздың сүйіп тыңдайтын ән­деріне айналған. Тіпті, «Балымша» мен «Шынар-ай» халық әні деп аталып жүр. Шындығында, бұл әндердің авторы халық ақыны Мұзарап Жүсіпов. Академия қызметкерлері М.Жүсіптен 1962 жылы 34 әнді таспаға түсіріп, 20 мың жолдан астам ауыз әдебиет үлгілерін жинап алған.
«Тегіне тартып ұл туар» демекші, өз әкесі Жүсіп, оның әкесі Ешнияз салдан бастау алған ақындық, жыраулық өнер Мұзараптың баласы Сабытқа, одан немересіне жалғасқан.
Ақын өмірі тақтайдан тегіс болған жоқ. 1932 жылдың ашаршылығына ұшырап, бірер жыл Өзбекстанда болып келсе, елде қалған шешесі мен қарындасы қайтыс болыпты. Ақын егіле отырып әулет қорымында тұрып, «Анама», «Әкеме», «Қарындасым Мінуарға» атты өлең шығарып, іштегі дертін басады. Соғыстан кейін бейбіт өмірге қосылып ел өміріне белсене араласады.
Мұзарап ақынның үлкен баласы Сабыт ата (1920) әскерде болып, елге аман-есен оралғаннан кейін Жосалыдағы автобазада бухгалтер болады, ұрпақтары бар. Мұзекеңнен Сабыт, Саягүл, Сәулегүл, Жеңіс­күл, Мәдина, Сағила туған. Ақын немере-шөберелерін көрген адам.
Шабыты шалқар теңіздей, дауысы күміс­тей ағамыз – Сыр сүлейлерінің алтын көпірі болған ардақты да абзал азамат, үздік ақын-жырау. Сазгер, әнші жырау-ақын Мұзарап Жүсіпов (Жүсіпұлы) 1972 жылдың 21 наурызында туып-өскен жері қазіргі Тұрмағамбет ауылында қайтыс болды. Ақынның өзі өлгенмен артында мол мұрасы, талантын таныған халқы қалды.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ.
14 қараша 2018 ж. 1 795 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031