» » АУДАН ШЕКАРАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

АУДАН ШЕКАРАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Қазақ жерін тарихи географиялық классификациялаудағы Маңғыстау мен Сыр өңірі және Сарыарқа мен Жетісу аймақтық бөлініс атауының қалыптасуы тарихи тұрғыда сол жердегі жер, су атауымен байланысты болғаны рас. Оның ішінде, «Сыр өңірі» шартты атауы Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойында орналасқан қазақтарға ғана қатысты қолданылған, қолданып та келеді.



«Сыр өңірі» атауы  жалпы Сырдария өзенінің бойын емес, тек  оның төменгі ағысына қолданылуының тарихы тереңде жатыр. ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ресей ғалымдары жазбаларында «присырдаринские» атауының көп қолданылуы оның тарихи атауымен қатар, осы өңірді әкімшілік басқару да Сырдария облысына қарауы негіз болған. Қазақ халқының әр аймақтағы ерекшелігін саралауда алдымен сол өңірдің шекарасын нақтылаудың маңызы зор. Көне жазба деректер «Сыр» атауының осы жерді мекендеген арғы түркілер тіліндегі ежелгі атау екенін дәлелдейді. Ал, Арал теңізінің орта ғасырларда «Жент теңізі» деп аталуы Жент қаласының саяси экономикалық және сауда орталығы ретінде өркендеуімен байланысты. Арал теңізі көптеген орыс жылнамасында «Көк теңіз» деп аталған. Сырдарияның төменгі ағысының оң жақ бетін Қарақұм мен Арысқұм, Дариялықтақыр құмдары, Телікөл, Шөмішкөл сияқты көптеген майда көл, ал сол жақ алқабын Қызылқұм мен Әмудария өзенінің оң жақ бетіне дейінгі жерді «екі өзен аралығы» деген сөзді білдіретін Мавераннахр алқабы алып жатты. Сырдың құмды алқабында, ежелгі қала қоныстарында сақталған арық-каналдар, плотина мен су қоймасы сынды суландыру жүйесінің ізі құмды алқапты өндірісті оазиске айналдыру мақсатында жүргізілген. Оны өңірді мекен еткен тайпалардың жүздеген жылдарға созылған маңдай терінің нәтижесі деп білген жөн. Дала тұрғындарының құрғақ құмды алқаппен күресі Сыр өңірі тарихының басты ерекшелігі. Құмды алқаптардағы арық іздері теңдесі жоқ тарихи ескерткіш. Бұл өңірді қолдан суландыру жүйесінің қалыптасуы ерте дәуірлерге саяды және сөзсіз, суландыру жүйесінің іске асуымен адам қоғамында отырықшы өмір, ежелгі мәдениет қалыптасты. Өлкеге ежелден әлемнің алпауыт жаулаушылары Кир, Александр Македонский, Шыңғыс хан, Темірлан және басқалар көз тікті. Түркістан, Сыр өңірінің Қытай, Үндістан, Парсы мемлекеттерінің Еуропаға барар жолындағы Азия қақпасында орналасуы – ежелден түрлі халық пен мәдениетінің тоғысқан арнасы, қақтығысы, көшпелілер мен отырықшылар мәдениетінің қатар дамыған өңірі болды.
Географиялық жағынан ежелгі өркениеттердің ошағы атанған Орта Азия оазисінің орталығында орналасуы ежелгі мәдениет пен сауданың дамуына қолайлы жағдай тудырды. VI ғасырда Түркістан өңірін ежелгі парсылар жаулап, Персия монархиясы зороастризм ілімін қабылдаса, IV ғасырда Түркістан өлкесіне Александр Македонский 3 жылға созылған әскери жорық жүргізу арқылы Сырдария өзені аңғарына жетті. II ғасырдан бастап, VII ғасырға дейінгі аралықта Орталық Азияның көшпелі түркі тайпаларының қоныс аудару үдерісі жүріп, жергілікті арий тайпаларының түркілермен этникалық араласу құбылысы орнады. Түркі тайпаларының Сыр өңірін қамтыған Қыпшақ пен Оғыз мемлекеті қалыптасты. Сырдария бассейнінен Ұлы Жібек сауда жолының өтуі қала экономикасының дамуына айтарлықтай әсер етті. Х ғасырда Ислам дінін қабылдаған түркілер араб мәдениетін жергілікті өмірге бейімдесе, ХІІІ ғасырда моңғол-татар шапқыншылығынан кейін Сырдың төменгі ағысында гүлденген ежелгі түркі қалалары өмір сүруін тоқтатты, мәдени оазистер көшпелілердің мерзімдік жа­йылымдарына айналды. Сыр өлкесін қамтыған монғол ордалары тұрғындары негізінен түркілер болды. Сыр өңіріне XIV ғасырда Ақсақ Темір ықпал етті. Түркілер ХV ғасырда «қазақ» халқының этникалық қалыптасуына қатысты. 1731 жылы Сыр өңірі Кіші жүз қазақтарымен бірге Ресей патшасының қол астына енген соң Қоқан, Хиуа хандықтарының Ресей патшалығымен күресі Сыр өңірі халқына әсер етті.       
1853 жылы Сыр өңірінде Қоқан хандығының бекінісі Ақмешітті Перовский әскері жаулап алды. Қазақ даласын патша үкіметінің отарлау саясатымен 1845-1853 жылдар аралығында Сырдария әскери бекіністері 1853 жылы Перовск форты, №1 форт – Қазалы, №2 форт – Қармақшы, №3 форт – Қуаңдария болып құрылып, олар 1865 жылы жаңадан құрылған Түркістан облысы құрамына енді. Перовск, Қазалы форттары 1867 жылдың 11-шілдесінен Сырдария облысының уездік қалаларына айналды. 1868 жылы құрылған Түркістан губернаторлығы құрамына Сырдария облысы және Жетісу облыстары еніп, орталығы Ташкент қаласы болды. Сырдария облысының құрамына Әулиеата, Голодно Степский, Қазалы, Перовск, Ташкент, Түркістан, Шымкент уездері кірді.
Қазіргі Қызылорда облысының әкімшілік аумағына қарасты аймақ Перовск және Қазалы уездерінің әкімшілік бөліністеріне қараған болса, оның ішінде Қармақшы ауданының әкімшілік бөлінісінің Қуаңдария бойындағы Қаракөл Қуаңдария болысы Перовск уезіне, ал Қазалы уезінің оңтүстік шығысындағы Аққыр болысына, оңтүстік батысында Ақтөбе болысы Сырдария мен Қуаңдария өзендерінің аралығында Жамансыр және Қуаңдарияның төменгі ағысындағы Қуаңдария, Көшербай, Заңғар, Қалымбас болыстары Қазалы уезі құрамына кірген.
Сондай-ақ, Қазалы уезі Сырдария облысының солтүстік батыс қиырында Сырдарияның төменгі ағысы бойында орналасты. Қазалы уезінің батыс және солтүстік шекаралары Арал теңізінің жағалауларымен жалғасып, солтүстік батысында Торғай облысының Ырғыз уезімен, солтүстік шығысында Торғай уезімен, оңтүстігінде Әмудария бөлімімен, оңтүстік шығысында Перовск уезімен шектесті. Қазалы уезінің аймағы Сырдарияның солтүстігінен Қарақұм құмынан басталып, Орынбор өлкесі аймағына дейін жетті. Оңтүстігіндегі Қуаңдария сағасынан Қызылқұм құмы бастау алса, сағалары Қуаңдария, Жамандария, Жаңадария алқаптары Перовск және Қазалы уездерін қосып жатты.
Сонымен қатар, Орал өңірі мен Түркістан өңірінің жаңа шекарасының Қарақұм үстінен өту себебі біріншіден, №1 форт-Қазалы қазақтары жазда Орынбор аумағына көшіп, жыл мезгілінің көп уақытын сонда өткізген болса, екіншіден Бұхара, Хиуа сауда керуендері Орынбор, Орск, Тройцкіге №1 форт-Қазалының үстінен өткен.
Қазалы өңірі орыс әкімшілігінің Түркістан өңіріндегі алғашқы әскери базасы және оңтүстік шығыс бөлігінде Перовск уезімен шекарасында орналасқан Қармақшы болыстығы 1867 жылғы әкімшілік өзгеріс бойынша Перовск уезі құрамында болды. Қазалы уезі Қазалы және Қармақшы учаскелеріне бөлінген. Қармақшыдан оңтүстік батысқа қарайғы 50 шақырым жердегі Жетіасар қалашығында ертедегі тіршіліктің ізі сақталған. Яғни, Сырдың төменгі ағысы қазақ халқының тарихында маңызды орын алатын аймақ, атап айтқанда бұл өңір ежелгі арийлердің, сақтардың, қаңлылардың, Тұран ойпаты ежелгі түркі мемлекетінің отаны, дешті Қыпшақ конфедерациясы, «Алтын Орда», «Ақ Орда» мемлекеттері, одан кейін қазақ хандығының құрамында болған қазақ жері. Сыр өңірі қазақтарының тарихи этнографиясы сол өңірді мекен еткен ежелгі тайпалардың археоэтнографиясының заң­ды жалғасы. Өңір қазақтары осы жердегі атақазақтардың тарихи танымдарын қабылдап, үрдіс дәстүрін қазір ұрпаққа жеткізген.
ХХ  ғасырдың 20-жылдары елімізде Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Перовск, Қазалы уездері, әкімшілік аймақтық бөліністер ретінде қайтадан құрылып, 1928 жылы Қармақшы ауданы қалыптасты. Аудан аумағынан Сырдария өзеніне теміржол көпірі түскеннен кейін осы  төңіректегі теміржол бекеті әйгілі жоса бояулы тасы шығатын Жосалы төбесінің атауымен Жосалы аталып, бригадалық стансаға айналды. Кейін қыстақ та Жосалы атауын алып, Қармақшы ауданының орталығы болды. Қармақшы ауданы – Қызылорда облысының орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік бөлініс. Облыс аумағының 13,7 пайызын алып жатқан жеті ауданның бірі. Аудан 1927 жылы құрылған. Жері 31,0 мың шаршы шақырым. Оңтүстік-шығысында Жалағаш, солтүстік-батысында Қазалы ауданымен, оңтүстік-батысында Өз­бек­станмен, солтүстік-шығысында Қара­ғанды облысымен шектеседі.
 Ә.Бақтыбаев,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері.  
21 желтоқсан 2018 ж. 1 649 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031