» » » ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖАЛҒАСЫ

ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖАЛҒАСЫ

Қазақ халқының өткен тарихында есімі аңызға айналған өнерімен қалың жұртшылықты тамсандырып, қазақ әйеліне тән қалыппен талайды таңғалдырған аналар аз болмаған. Сол аналардың жалғасы, Сыр бойының жыраулық дәстүрі мен мәдениетінде ерекше тұлға, қайталанбас қас талант иесі, белгілі жырау, қаншама шәкіртті өнер жолына баулыған ұлағатты ұстаз, ұл мен қыз өсірген ардақты ана, Сыр сүлейлерінің мұрагері – Шәмшат Төлепова.
Ол 1930 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Әкесі Төлеп Байпақов – күйші, әнші, ақын болған. Белгілі Кете Жүсіптің жиені. Анасы Тұрсын да әнші, бишілігі асқан кісі екен.
Өнер әлеміндегі жолын небәрі 12 жасында бастаған талант иесі 1948 жылдан бастап Нартай ақын басқарған эстрадалық өнер тобында жүйрік жырау Рүстембек Жиенбаевпен бірге қызмет жасайды. Аға буыннан тәлім-тәрбие алып, өнердің қыр-сырына қаныққан жыршы аз уақытта өзінің табиғи талантымен танылып, қызығы мен қиындығы мол өнердің сара жолына түседі.
1986 жылы аудандық Мәдениет үйі жанынан «Жиенбай жырау» мектебін ашып, Сыр бойы мақамының кең таралуына ықпал етеді. 1987 жылы Алматыда өткен Бүкілодақтық Халықтар шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанды. 1997 жылы Алматы қаласындағы «Лорд» конференциясында ән салып, еуропалық саз мамандарының құрметіне ие болған. Ал 1999 жылы «Ғасырдың өнер шебері» атағын иеленген жырау апамыздың есімі кейіндеу аудандық мәдениет үйіне берілді.
Тектіліктің алтын арқауы болған жыраулық өнердің бұл күнге үзілмей жетуі ұлын – нарға, қызын – арға балаған, бабадан мирас болған қасиетті өнерді қадір тұтқан елдің арқасы. Терме айту өзге жерлерде жоқ емес, бірақ Сыр бойының жыршы-термешілеріне тең жырлайтындар жоқ болуы мүмкін. Аттыға жол, ауыздығы сөз бермейтін, шашасына шаң жұқпаған жүйрік жыраулардың қатарын Шәмшат апамыздың толықтырғаны біз үшін мәртебе. Бойында бұлқа таланты бар Шәмшат ананың жырларын бір кездері жапондық мамандар «Алтын дискіге» жазып алыпты. Қарапайым қазақ қызының талантымен танылуы өскен ортасы мен алған тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты екенін де естен шығармауымыз керек.
Шәмшат жыраудың туғанына биыл – 95 жыл. Ғасырға жуық уақыт өтсе де елінің есінен есімі ұмытылар емес. Ұлы өлкеміздегі жырау қыздар көшін бастаған айрықша талант иесі, артына сарқылмас мұра қалдырған ел ардақтысы. Анамыздың атында дәстүрлі түрде өткізілетін «Домбырасын моншақтаған жыр жауһарлары» атты облыстық қызкеліншектер фестивалінің де жас ұрпақ тәрбиесі мен өнерінде рухани мұрамызға қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз.
Әнсая ӘЗИЗҚЫЗЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері
12 тамыз 2025 ж. 80 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№60 (10428)

12 тамыз 2025 ж.

№59 (10427)

09 тамыз 2025 ж.

№58 (10426)

05 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 203
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031