Жыраулық өнердің жүйрігі
Жуырда К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің ұйымдастыруымен белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шәмшат Төлепованың құрметіне арналған «Домбырасын моншақтаған жыр жауһарлары» атты қыз-келіншектердің облыстық жыр фестивалі өтті. Оның басты мақсаты – әйгілі Сыр сүлейлерінің тұяғы, шайырлардың тоқсан толғамды жыр дастандары мен жыраулардың мың сан иірімді мақам-саздарын өмірінің соңына дейін қолынан ақ домбырасын тастамай туған халқына жеткізіп кеткен, күміс көмейінен ән төгілген Шәмшат Төлепованың жарқын бейнесін мәңгі есте қалдыру, дәстүрлі жыраулық өнерді дәріптеу, ұлықтау.
Жыр фестивалі жыраудың қасиетті домбырасын өзінен кейінгі қыздарына, ұрпақтарына аманат еткен мағыналы, тәрбиелік қойылыммен шымылдығын түрді. Жыр кешін аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов ашып, қатысушы өнерпаздарға сәттілік тіледі.
– 2010 жылдан бастау алған фестивальдің биыл кезекті жыр кешіне жиналып отырмыз. Шәмшат Төлепова апамыз – біздің мақтанышымыз. Қай ел, қай жер болсын өзінің даңқты перзентімен мақтанады емес пе? Өзінің артынан үлкен мұра қалдырып, ізбасар қыз-келіншектерді тәрбиелеген дара тұлғаны осылай еске алып жатырмыз. Он төрт жыл бойы облыс аймағына қарасты қаншама қыз-келіншек осы фестивальде талабын ұштап, қанатын қомдады. Дәстүрлі өнеріміз жалғаса берсін. Сыр брендіне айналған жыр өнері дами берсін! – деді Әділ Үсенұлы.
Фестивальге Шәмшат жырау салған сара жолды жалғаушы, дәстүрлі өнердің ұлағатты ізбасарлары – мәдениет саласының ардагері Зәуре Кәрібаева, Қызылорда қаласынан Майра Сәрсенбаева, Аңсаған Ділдәбекқызы, айдынды Аралдан Айна Тұяқова, қазыналы Қазалы ауданынан Сандуғаш Бисембаева, шырайлы Шиелі ауданынан Тоғжан Өтенова, қармақшылық жыршы қыздар Айгерім Ешбаева, Ақсұңқар Бүркітбай және жас жыршылар Айдана Амантай, Нұрсезім Сағатова, Еркеназ Аманқос, Аяулым Маратқызы құт қонған қасиетті Қармақшы аспанын жақұт жырларымен әуелетті. Жыршы қыз-келіншектер Сыр өңірінің ақындарының Шәмшат Төлеповаға арнау жырларын Сыр мақам-саздарында нақышына келтіре орындап, Шәмшат есімі мақтанышпен жырланды. Әрбір қатысушыға ұлы өнерді ұлықтап, ұрпаққа насихаттап жүргені үшін аудан әкімінің арнайы Алғыс хаты табысталды.
Жырау анамыздың ұрпақтары осындай керемет шараны ұйымдастыруға ықпал жасаған аудан әкімдігіне, Жыраулар үйінің ұжымына, қатысушы талапкер қыз-келіншектерге өз алғыстарын айтып, барша қатысушыға сый-сияпаттарын табыстады.
Облыстық деңгейде өткен жыр фестивалі арқылы ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен баба өнерінің өміршеңдігі мен баға жетпес құндылығына тағы бір көз жеткіздік. Ш.Төлепова белгілі жырау ғана емес, қаншама шәкірттерді өнер жолына баулыған ұлағатты ұстаз, ұл мен қыз өсірген ардақты ана. Талантты жыр жақұты туралы әлі талай дастан жазылар, әлі талай тарих ақтарылар. Ол уақыт еншісінде. Ал біз жыр әлемінде Шәмшат жыраудың ізбасарларының көбейіп келе жатқанына қуандық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ