МЕДИАЦИЯНЫҢ ЖҰМЫСЫ – КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕН КЕЛІСІМГЕ БАСТАУ
Қоғам қай кезде де келісім мен түсіністікке зәру. Бір үйдің баласы бір-біріне қабақ шытып, соттың табалдырығын тоздырған заманда, бітімнің қадірін білетін бір маман ол – медиатор. Ол – екі араға алтын көпір салушы, дау мен тартыстың дауысын басып, ортақ шешімге бастар жолды көрсететін шын мәніндегі мәмілегер. Оның қолында соттың мөрі жоқ, бірақ сөзі салмақты. Оның қаруы – сабыр, ақыл, тыңдай білу мен жүрекке жетер сөз.
Қазақтың ертеден келе жатқан билік дәстүрі – бүгінгі медиацияның тамыры. Төле би, Қазыбек би мен Әйтеке билер даулы жұрттың дауысын емес, жанын тыңдайтын. Қазіргі медиатор да сол үрдістің заңды жалғасы – бітім мен бейбітшілікке шақырушы. Иә, бүгінде отбасылық кикілжіңнен бастап, еңбек дауы мен көршілер арасындағы түсініспеушілікке дейін медиатор араласады. Ол ешкімге үкім шығармайды. Олар тараптарды тыңдап, түсіністіру, жүректерге жол табуды көздейді. Елімізде жыл сайын 5 тамызда Медиация күні аталып өтіледі. Осы орайда ауданымыздағы белгілі заңгер, медиатор Лиза Діңкешовамен әңгімелесудің сәті түсті.
– Лиза Ысқаққызы, әуелгі сұрақты медиацияның мақсатынан бастасақ. Оның сот процесінен айырмашылығы қандай?
Медиацияның басты мақсаты – өзара тиімді әрі қолайлы келісімге келуі. Медиацияның маңызы уақытты үнемді пайдалануға бағытталған. Сот процесінен оның айырмашылығы – медиацияның нәтижесінде «кінәлі» мен «кінәсіз» деген тараптар болмайды, дауларды сотқа жүгінбестен, сотқа дейінгі сатыда қарау сотқа жеткізбестен, өзара бітімгершілікпен шешуге, татуластыруға, аяқтауға бағытталған. Сондай-ақ медиацияның сотта қаралатын істерден айырмашылығы қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төменділігі мен уақытының үнемділігінде.
Медиатордың негізгі міндеті – екі тарапты татуластырып, тараптарды өзара келісімдері арқылы мәміле жасауға көзделген. Тағы бір айта кетерлігі, сот шешімді заңға сәйкес қабылдайды, ал медиатор тараптардың мүдделерін ескере отырып, заң аясында қабылдайды, яғни, шешімді екі тараптың өздері қабылдайды десе де болады.
– Дауларды шешу үшін әдетте қанша уақыт кетеді?
– Дауларды шешу үшін медиация заңы бойынша 30 күн берілген. Ал кейбір жағдайларда, яғни 30 күн аз болған жағдайда 60 күн беріледі. – Медиация арқылы отбасылық проблемалардан басқа қандай мәселелерді шешуге болады?
– Медиация арқылы отбасылық проблемалардан басқа корпорациялық даулар, банк пен сақтандыру компаниясы саласындағы, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы, яғни еңбек саласындағы даулар, авторлық құқыққа және зияткерлік меншікке қатысты даулар, білім беру саласындағы медиация, қылмыстық істер бойынша даулар, әкімшілік істер бойынша даулар қарастырылған.
– Медиатор болып жұмыс жүргізіп жатқаныңызға қанша уақыт болды? Ауданымызда медиация тәртібімен көбіне қандай мәселелер шешімін табуда?
– Медиатор болып жұмыс жасап жатқаныма биыл он бірінші жыл, мен кәсіпқой емес санатындағы медиатормын.
Көбіне ерлі-зайыптылар арасындағы бір-бірімен келіспеушілік, түсінбеушіліктің, жетіспеушіліктің салдарынан ұрыс кейде жанжалға дейін апаратын жағдайлар орын алады. Сондай кезде тараптармен жай ғана әңгімелесіп, араларында өсіп келе жатқан балалар барын, алдағы уақытта оларға қандай тәрбие беретінін түсіндіруге тырысамын. «Бала болашағың» деген дүниені тереңінен ұғындыруға күш жұмсаймын. Осындай әңгімелесу, сұхбаттасудан соң өзара түсінісіп, татуласып кеткен қаншама отбасы бар!
Одан бөлек, екі жақ яғни тараптар бір-біріне қарыз берген, алған жандар да кездеседі. Тіпті көршілер арасындағы даулар, яғни бір-бірінің өздеріне мемлекет тарапынан бөлінген жеріне кіріп, құрылыс салдың деген даулар да жиі жолығады. Оларға да түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде бір-бірімен татуласып, келісімге келіп жатады. Медиация тәртібі осындай дауларда әрі қарай сотқа жүгінбей өздерінің де уақытын алмай үнемдеуіне бірденбір себеп болып отыр.
– Сіздердің тараптан қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Осы 11 жыл ішінде медиация тәртібімен көптеген жұмыс жүргізілді. Оның ішінде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерге қатыстым. Есебі жоқ десем де болады. Барлығы дерлік оң шешімін тапты. Медиацияның көмегімен көптеген отбасының сақталып қалғаны, көршілердің бір-бірімен ауызбіршілікте, татулықта болғаны мені қатты қуантады.
– Жеке тәжірибеңізде кездескен қызықты жағдайлар туралы айта аласыз ба?
– Ондай жағдай болды, мені сотқа шақыртқан болатын. Екі тарап, яғни жауапкер мен талапкер бір-біріне қарыз берген, алған іс бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп екеуін татуластырып, қол алысып, он шақты күннен кейін маған жауапкер ұялы телефоныма қоңырау шалып «Сіз біздің іске қатыстыңыз, талапкермен келіспей қалдық. Сіз енді сол жұмысты бастадыңыз енді аяқтап, ақшамды алып беріңіз, міндеттісіз» деп айтқаны бар. Медиатордың жұмысы – екі тарапты тыңдап, келіспеушіліктен келісімге бастау. Біз сот процессінде тараптарды татуластырып тұрмыз. Екеуара қол алысып келісімге келіп тұр. Осылайша іс қысқарды. Ары қарайғы жұмыс біздің құзыреттілікте емес. Халықтың көпшілігі мұны түсіне бермейді. Осыған мән беріп қараса екен деймін.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге үлкен рақмет!
Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ