Ерлік даңқы өшпейді
qarmaqshy-tany.kz «АҚТАЙЛАҚ КЕЗЕҢІ» АУЫЛЫ. ЖАСЫ КЕЛГЕН КӨМЕКБАЙ АҚСАҚАЛ БАЛАСЫ ТӘЙІМБЕТКЕ: «АЙНАЛАЙЫН ТӘЙІМБЕТЖАН, ҚЫСТАН АМАН-ЕСЕН ШЫҚТЫҚ. ЕҢ БОЛМАСА МЫНА КЕЗЕҢДЕГІ БІР ЖЕРГЕ БІР ПҰТ БОЛСА ДА САЛЫ ЕК. ҚҰТЫМ БАЙДЫҢ РЕТІ БОЛАР, АШТАН ӨЛТІРМЕС», – ДЕДІ. РАСЫНДА ДА, БИЫЛҒЫ ЖЫЛҒЫ ҚЫС АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА АУЫР БОЛДЫ. КҮЗДЕ ЖИНАҒАН АСТЫҚТАРЫ ТАУСЫЛҒАН СОҢ КҮН КӨРІСТЕРІ НАШАРЛАП ҚАЛЫП ЕДІ, ЕНДІ МІНЕ КӨКТЕМНІҢ ЛЕБІ СЕЗІЛГЕННЕН ОЛАР ЖЕР ТЫРБАНУҒА ШЫҚТЫ.
Манағы Көмекбай ақсақалдың баласы Тәйімбетке салған ойы жұртпен бірге ертерек қимыл жаса дегені болар. Күш-қуаты бойында тасып тұрған жалынды жас әке сөзін естіген соң қорадағы қос өгізге жер ағашын жегіп, жер жыртып, қолда бар салыны жерге сеуіп тастады. Енді тырмалауға дайындалып, жұмысын бастайын деп жатқанда жер астынан шыққан сұр жыландай шұбар атпен Құтым байдың баласы Құлтын шауып келді.
Құлтынның жай келмегені Тәйімбетке бесенеден белгілі. Оның жүзі суық, мінген атының үзеңгісін қос қолдап ұстап алып, шіреніп отыр. Үндемейді. Бірақ қазір біреу бірдеңе деп сөйлей қалса жарылып кетуге дайын тұр. Оған да себеп табылды. Қолында ұстап тұрған алтын сағаты абайсызда жерге түсіп кетіп, абайсызда деймін-ау, мүмкін әдейі түсіріп жіберді ме? Оны өзі ғана біледі.
«Әй, Тәйімбет, менің сағатым жерге түсіп кетті. Алып бер», – деді сесті дауыспен.
«Сағат сенікі, керек болса өзің аттан түсіп ал» деп бұл алдында тұрған бай баласына деген ыза-кегін кеудесінен шығара алмай тұрған қайсар Тәйімбеттің дауысы еді.
Құлтынға да керегі осы болатын. «Мә саған, әкеңнің бізден алар қандай құны бар. Бұл менің жерім. Рұқсатсыз егін егуге сенің қақың жоқ», – деп айқайға басып, қолындағы қамшымен Тәйімбетті сабай жөнелді. Сабағанда да бас-көз демей аямай сабады. Тіпті, ол қайта айналып келіп, қолындағы қайың құрығымен жерде ессіз жатқан Тәйімбетті тағы да соғып-соғып жіберді.
Егіс басында ес-түссіз жатқан оны көршінің қызы Күлайым тауып алып, көмекке ауылдан адам шақырып, үйге жеткізеді.
Баласының қанға боялған түрін көрген Көмекбай ақсақал дәрменсіз. Шағым жасаса бай баласы сабамақ түгілі өлтіріп кетуі мүмкін.
Біраз күн ем алып жарақаттан айыққан соң Тәйімбет ауыл жұртының қадір тұтар азаматы, ақын ағасы Тұрмағамбет Ізтілеуұлына келіп, басынан өткен барлық жағдайды баяндайды.
Ал, Тұрмағамбет: «Тәйімбетжан, баймен текетіресесің бе, олар өз білгендерін істейді. Олардың ауыздары әзірге майға толы. Менің жүрегімнің түсінігі бойынша алдағы уақытта олардың үстінен шарапатын шашып тұрған күннің де сөнетін кез алыс емес. Сен бәрін қой да Ақтөбеге жет. Ол жақта өзіңдей тепсе темір үзетін қазақ жігіттері қызылдарға қосылып, теңдік үшін күресуде. Сен соларға қосыл. Олай етпесең құрисың, сені бай тірі жүргізбейді», – деп ағалық батасын беріп ақ жол тілейді.
Міне, бұған дейін ауылдан ұзақ жерге шығып көрмеген Тәйімбет Қармақшы арқылы пойызбен Ақтөбе қаласына келіп, ақын Тұрмағамбет ағасы айтқандай, большевиктер қатарына қосылды. Бірнеше рет өзінің қаруластарымен бірге патша әскеріне қарсы соғысқа қатысып, көзге түсті.
Сонымен қатар, поштада хат тасушы, теміржолшы болып та жұмыс істеді. Қазақстанда Кеңес өкіметі орнаған соң, туған елге оралып, ауылда шаруашылықты өркендетуге атсалысты.
1941 жылы соғыс құмар неміс фашистері КСРО-ға баса-көктеп кіріп, Ұлы Отан соғысы басталғанда қолына қару алып, жауға тойтарыс беруге жарайтын ер-азаматтармен бірге ол да майданға аттанды.
Бұл 1941 жылдың қазан айы болатын.
Жауынгер Тәйімбет Көмекбаев І-Украина майданының құрамында No158 атты экскадронда барлаушы болып, Кавказға дейін жеткен неміс басқыншыларын келген еліне қарай ықсыра қууға қатысты. Ол өзінің жауынгерлік жеңісті жорықтарында Дағыстанның Кизляр, Ресейдің Ставраполь, Пятигорск, Минеральные воды, Старый Батайск, Новый Батайск, Ростов, сонымен қатар Польшаның Познань, Вроцлавь, Ванзан, Бриг және Германияның Кант, Берлин қалаларын жаудан азат етуге үлес қосты. Жаужүрек жерлесіміз елімізді неміс фашистерінен азат етуде көптеген ерліктер көрсетіп, өзгелерге үлгі болды.
1943 жылы Пятигорск және Минеральные воды қалалары аралығында болған қанды ұрыста старшина Көмекбаев басқаратын бөлімше Кавказ тауында өз әскерлерінен бөлініп қалған немістің бөлімшелерін жоюға тапсырма алып, оны орындап, тірі қалғандарын тұтқындап, бөлімге алып келе жатқан кезде өздерінен саны көбірек неміс бөліміне кезігіп, шайқасқа түседі. Қанқұйлы ұрыста жау жағы басымдық танытып, Тәйімбет басқарған жауынгерлер қоршауда қалады. Ол бірнеше күнге созылады. Біздің жауынгерлердің тамақтары мен ішер сулары таусылады. Ал, немістер болса «Ахтунг-ахтунглап» олардың тұтқынға берілулерін талап етеді. Тіпті, жауынгерлердің көпшілігі қазақ екендерін біліп алып, қайдан тапқандары белгісіз патефон арқылы «Елім-ай» әнін қойып береді. Кәдімгі барша қазақ ұлтының ұйып тыңдайтын «Елім-ай» әні.
Топ басшысы Тәйімбет Көмекбаевтың көрегендігінің арқасында қаруластарымен бірге жауға қарсы қиян-кескі ұрысқа кірісіп кетеді. Осы кезде оларға біздің әскер көмекке келіп, жауды жояды. Ал, қолға түскен тұтқындар арнайы бөлімге тапсы- рылады. Олардың осы уақытқа дейін қалай тірі қалды деген сұраққа тоқталар болсақ, Тәйімбет бастаған жауынгерлер олардың қол-аяқтарын байлап, орман ішіне тығып, қарауылдап отырған еді.
Сондай жорықтардың бірінде Тәйімбет Көмекбаев командирдің бұйрығымен жерлестері, қатардағы жауынгерлер Жарқынбаев пен Сарыбаев үшеуі «тіл» алып келуге барады. Жүріп келе жатып, бір кезде олар орыс шіркеуін байқайды. Жақындап келсе, оның айналасы немістерге толы екен. Шіркеу ішіне немістердің бірі кіріп жаста, енді бірі шығып жатыр. Олардың көп екенін байқаған топ басшысы Тәйімбет барлаушы Сарыбаевқа тез штабқа барып командирге болған жағдайды баяндауды тапсырады. Ол кетіп қалған кезде, жау жағы біздің жауынгерлер жатқан маңға жарық түсіріп, байқап қалады да оқ ата бастайды. Сөйтіп, ұрыс басталып кетеді. Екі қазақ баласы саны жүздің үстіндегі жаумен теңдессіз айқасқа түседі. Жолдасы Жарқынбаев қолындағы екі автомат пен қол пулеметті оқтап үлгіріп тұрса, Тәйімбет Көмекбаев тыным таппай кезекпен жауды сілейте бастайды. Осы кезде манағы көмекке жұмсаған жауынгер Сарыбаев пен Құрбанов бастаған топ келіп, жауды жер жастандырады. Сол ұрыста қарсы жақтың 63 солдаты тұтқынға алынып, 71-і өлтіріледі.
Сондай-ақ, жерлесіміз қаруластарымен бірге өткізген шайқас барысында жау штабына басып кіріп, фашистің 2 офицері мен 12 солдатын тұтқынға түсірсе, кейіннен Польшаның Познань қаласын азат етудегі кезекті бір ұрыста өзі басқарған барлау- шылар тобымен жау бекінісін басып алып, 2 офицер мен 32 солдатын шығынсыз тұтқынға алады.
Тәйімбет Көмекбаев 1945 жылдың қыс айларында неміс басқыншыларымен болған шайқастарда да бірнеше рет ерлік көрсетті. Солардың қатарында Польшада өткен «Висла-Одер» операциясы мен Колховица қаласын азат ету шайқасы. 1945 жылдың ақпан айында жерлесіміз алғашқылардың бірі болып Одер өзенінен өтіп, оның батыс жағалауындағы Эйдрих елді мекені жанындағы әскери плацдармды алуға атсалысады. Осы жерде өткен шайқаста оның қатысуымен Кеңес әскерлері жаудың бес шабуылының бетін қайтарса, Бриг қаласы маңында өткен қанды шайқаста жаудың станокты пулеметті тобы мен басқа да 60 солдатын жойып, 12-ін тұтқынға түсіреді. Ванзен қаласы үшін жан беріп, жан алысқан соғысқа да қатысып, жаудың бетін қайтаруға атсалысады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, батыр жауынгер өзінің айла-амалымен де бір топ неміс жауынгерін қолға түсіреді. Ол былай болған еді. 1945 жылдың наурыз айы. Кеңес әскері Германияның Кант қаласына келіп кіреді. Осы кезде Тәйімбет қала үйлерін барлап, тың тыңдап жүргенде бір пәтердің астыңғы жағынан адамдардың сөйлеген дауысын естиді және жертөленің қақпағын тауып, ашып жібереді де өзі кейін шегініп, айлалы айқаймен: «Взвод ұрысқа дайындал! Фрицтер тез қаруларыңды тастап, сыртқа шығыңдар. Әйтпесе гранат лақтырамыз», – дейді. Ал немістер Кеңес әскерлерінің көптігіне күмән келтірмей, қаруларымен жоғары көтеріліп, тұтқынға беріледі. Санағанда олардың саны жиырмаға жетеді екен. Жаужүрек жерлесіміз жау солдаттарын штабқа айдап келгенде алдынан қарсы шыққан майдан қолбасшысы Конев оған алғысын айтып, арқасынан қағады.
Міне, шекараға шақырусыз басып кірген неміс басқыншыларынан елімізді азат етудегі осындай өшпес ерліктері үшін оның омырауына майдан қолбасшысы Коневтің өзі экскадронның алдында КСРО Жоғары Кеңесінің Жарлығымен берілген Кеңестер Одағының Батыры алтын жұлдызын тағады.
Жеңімпаз жауынгерлер Германия астанасы Берлин төріндегі Рейхстагке КСРО-ның Қызыл туын тігіп, жаудың жеңілгенін мойындатты. Ал, біздің Батыр әкеміз Тәйімбет Көмекбаев Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруіне қатысып, туған елге оралады.
Иә, соғыс біздің елге қымбатқа түсті. Көптеген атпал азаматымыз Отан үшін өмірін құрбан етті. Тірі қалғандары елге оралып, шаруашылықты қайта қалпына келтіру мақсатында тынбай еңбек етті. Соғыстан кеудесіне Алтын жұлдызды тағып қайтқан Тәйімбет Көмекбаев елге оралғасын туған ауылындағы шаруашылықты басқарып, елінің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Жылдар өте бейбіт өмірдегі елеулі еңбектері үшін аудандық, облыстық партия және жергілікті атқару комитеттерінің құрметтеріне ие болды. Жеңістің 20 жылдық торқалы тойында КСРО Қорғаныс министрі Малиновскийдің қолынан мерекелік алтын сағат алды. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа өнегелі өмірімен танылған КСРО Батыры Тәйімбет Көмекбаевтан тараған ұрпақтар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ел экономикасының дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосып, батыр есімін асқақтатып жүр.
Қазір Қармақшыда Т.Көмекбаев атында ауыл бар. Ауыл орталығынан батыр бюсті орнатылды. Сондай-ақ, Жосалы кентінде Т.Көмекбаев көшесі бар. Батырға құрмет жылдан-жылға жалғаса береді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ