СЫР СҰҢҚАРЫ

«Ақтайлақ кезеңі» ауылы. Жасы келген Көмекбай ақ­са­қал баласы Тәйімбетке: «Айналайын, Тәйімбетжан, қыс­тан аман-есен шық­тық. Ең болмаса мына Ке­зеңдегі ел-жұртпен бірігіп жерге бір пұт болса да салы ек. Құтым байдың реті болар, аштан өлтірмес», – деді. Расында да, биылғы қыс ауыл тұр­ғындарына ауыр болды. Ауыл тұрғындарының күзде жинаған астығы лезде таусылып, күн кө­рісі нашарлап, көктемнің лебі се­зілгеннен олар жер тырбануға шықты.
Манағы Көмекбайдың баласы Тәйім­бетке салған ойы жұртпен бірге ертерек қимыл жаса дегені болар. Күш-қуаты бойында тасып тұрған жалынды жас әке сөзін естіген соң қорадағы қос өгізге жер ағашын жегіп, қолда бар салыны жерге сеуіп тастаған соң, енді тырмалау жұмысын бастайын деп жатқанда жер астынан шыққан сұр жыландай шұбар атпен Құтым байдың баласы Құлтын шауып келді.
Құлтынның жай келмегені Тәйім­бетке бесенеден белгілі. Оның жүзі суық, мінген атының үзеңгісін қос қолдап ұстап, шіреніп тұр. Үндемейді. Бірақ, қазір біреу дымын шығарса, жарылып кетуге дайын тұр.
Міне, оған да себеп табылды. Қолында ұстап тұрған алтын сағаты абайсызда жерге түсіп кетіп, абайсызда деймін ау, мүмкін әдейі түсіріп жіберді ме? Оны өзі ғана біледі.
– Әй, Тәйімбет, менің сағатым жерге түсіп кетті. Алып бер! – деді сесті дауыспен.
– Сағат сенікі, керек болса өзің аттан түсіп ал, – бұл алдында тұр­ған бай баласына деген ыза-кегін кеу­десінен шығара алмай тұрған қайсар Тәйімбет еді. Құлтынға да керегі осы болатын.
– Мә, саған, әкеңнің бізден алар қандай құны бар? Бұл – менің жерім. Рұқсатсыз егін егуге сенің қақың жоқ? – деп айқайға басып, қолындағы қамшымен Тәйімбетті сабай жөнелді. Сабағанда да бас-көз демей аямады. Тіпті, қайта айналып келіп, қолындағы қайың құрығымен жерде ессіз жатқан Тәйімбетті тағы да осып-осып жіберді.
Егіс басында қанға боялып, қимыл­сыз жатқан Тәйімбетті көршінің қызы Күлайым көріп, көмекке ауылдан адам шақырып, үйге жеткізді.
Баласының қанға жуған түрін көрген Көмекбай ақсақал дәрменсіз. Іштен тынуда. Анда-санда тісін қайрап қояды. Ерсілі-қарсылы үй айналып жүр. Әттең-ай, шағым жасаса бай баласын сабамақ түгілі өлтіріп кетуі мүмкін.
Біраз күн ем алып жарақаттан айық­қан Тәйімбет ауыл жұртының қадір тұтар азаматы, ақын ағасы Тұр­мағамбет Ізтілеуұлына келіп, басынан өткен барлық жағдайды баяндады. Ал, өз кезегінде Тұрмағамбет ақын:
– Тәйімбетжан, баймен бай боласың ба, олар өз білгенін істейді. Олардың ауызы әзірге майға толы. Жүрегімнің түсінігі бойынша алдағы уақытта олардың үстінен шарапатын шашып тұрған күннің де сөнетін кезі алыс емес. Сен бәрін қой да Ақтөбеге жет. Ол жақта өзіңдей тепсе темір үзетін қазақ жігіттері қызылдарға қосылып, теңдік үшін күресуде. Сен соларға қосыл. Олай етпесең құрисың, сені Құтым бай тірі жүргізбейді, – деп ағалық батасын беріп, ақ жол тілейді.
Міне, бұған дейін ауылдан ұзаққа шығып көрмеген Тәйімбет Қармақшы арқылы пойызбен Ақтөбе қаласына келіп, ақын Тұрмағамбет ағасы айтқан большивиктер қатарына қосылды. Бірнеше рет өзінің қаруластарымен бірге патша әскеріне қарсы соғысқа қатысып, көзге түсті.
Сонымен қатар, бірнеше жыл пош­тада хат тасушы, теміржолшы болып та еңбек етті. Ал, елімізде Кеңес өкіметі орнаған соң, туған елге оралып, ауылдағы шаруашылықты өркендетуге атсалысты.
1941 жылы соғысқұмар неміс фашистері КСРО-ға баса-көктеп кіріп, Ұлы Отан соғысы басталды. Қолдарына қару алып, жауға тойтарыс беруге жарайтын ер-азаматтармен бірге Тәйімбет Көмекбаев та майданға аттанды. Бұл 1941 жылдың қазаны еді.
Жауынгер Тәйімбет Көмекбаев І Украина майданының құрамында №158 атты экскадронда барлаушы болып, Кавказға дейін жеткен неміс басқыншыларын келген еліне қарай тықсыра қууға қатысады. Ол өзінің жауынгерлік жеңісті жорықтарында Дағыстанның Кизляр, Ресейдің Ставраполь, Пятигорск, Минеральные воды, Старый Батайск, Новый Батайск, Рос­тов, сонымен қатар Польшаның Поз­нань, Вроцлавь, Ванзан, Бриг және Германияның Кант, Берлин қалаларын жаудан азат етуге үлес қосады. Жаужүрек батыр совет жерін неміс фашистерінен азат етуде көптеген ерлік көрсетіп, өзгелерге үлгі болады. Сондай ерлікті істерінің бірі – 1943 жылы Пятигорск және Минеральные воды қалалары аралығында жаумен болған қанды ұрыс. Старшина Т.Көмекбаев басқаратын бөлімше Кавказ тауында өз әскерінен бөлініп қалған немістің бөлімшелерін жоюға тапсырма алып, оны орындап, тірі қалғандарын тұтқындап, келе жатқан кезде, өздерінен күші басым неміс бөліміне кезігіп, шайқасқа түседі. Осы бір қанқұйлы ұрыста жау жағы басымдық танытып, Тәйімбет басқарған жауынгерлер қоршауда қалады. Ұрыс бірнеше күнге созылады. Біздің жауынгерлердің де тамағы мен ішер суы таусылады. Ал, немістер болса «Ахтунг-ахтунгтап» олардың тұтқынға берілуін талап етеді. Тіпті, олар жауынгерлердің көпшілігі қазақ екенін біліп қалып, қайдан алғаны белгісіз патефон арқылы «Елім-ай» әнін қояды. Кәдімгі барша қазақ ұлтының ұйып тыңдайтын «Елім-ай» әні.
Міне, ұлан-байтақ жері мен туған елін есіне түсірген «Елім-ай» әнінен кейін Тәйімбет Көмекбаев қаруластарын туған жерді жаудан қорғауға қайрап, қиян-кескі ұрысқа кірісіп кетеді. Осы кезде оларға біздің әскер де көмекке келіп, жауды тас-талқан етіп, жояды. Ал, манағы қолға түскен тұтқындар арнайы бөлімге тапсырылады. Олардың осы уақытқа дейін қалай тірі қалды деген сұраққа тоқталар болсақ, Тәйімбет қаруластарымен олардың қол-аяғын байлап, орман ішіне тығып, қарауылдап отырған еді.
Сондай-ақ, бірде Тәйімбет Көмек­баев бөлім командирінің бұйры­ғымен жер­лестері, қатардағы жауынгер Жар­қынбаев пен Сарыбаев үшеуі жау тылына «тіл» алып келуге барады. Жүріп келе жатып, бір кезде олар орыс шіркеуін байқайды. Жақындап келгенде оның айналасы немістерге толы екен. Шіркеу ішіне немістердің бірі кіріп жатса, енді бірі шығып жатады. Олардың көп екенін байқаған топ басшысы Тәйімбет Көмекбаев қасындағы барлау­шы Сарыбаевқа тез штабқа барып командирге болған жағдайды баяндауды тапсырады. Жауынгер кетіп қалған кезде, жау жағы біздің жауынгерлер жатқан маңға жарық түсіріп, оларды байқап қалады да оқ ата бастайды. Сөйтіп, осы арада ұрыс басталып кетеді. Екі қазақ баласы саны жағынан жаумен теңдессіз айқасқа түседі. Жолдасы Жарқынбаев екі автомат пен қол пулеметті оқтап үлгіріп тұрса, ал Тәйімбет Көмекбаев тыным таппай кезекпен осы қарулармен жауға қарсы оқ жаудыра бастайды. Осы кезде манағы көмекке жұмсаған жауынгер Сарыбаев және көмекке келген Құрбанов бастаған топ жауды жер жастандырады. Сол ұрыста жаудың 63 солдаты тұтқынға алынып, 71-і о дүниелік болды.
Сондай-ақ, ол өзінің қарулас­тары­мен бірге фашистермен өткізген кезекті бір шайқаста жау штабына басып-кі­ріп, немістің 2 офицері мен 12 солдатын тұтқынға түсірсе, Польшаның Познань қаласын азат етудегі тағы бір кезекті ұрыста өзі басқарған барлаушылар тобымен жаудың бекінісін басып алып, 2 офицер мен 32 солдатын өз тарапынан шығынсыз тұтқынға алады. Ол неміс басқыншыларымен болған басқа да шайқастарда да бірнеше рет ерлік көрсетеді. Солардың қатарында Польша еліндегі Висла-Одер операция­сы мен Колховица қаласын азат ету шайқасы. 1945 жылдың ақпан айында Тәйімбет Көмекбаев алғашқылардың бірі болып, Одер өзенінен өтіп, оның батыс жағалауындағы Эйдрих елді мекені жанындағы әскери плацдармды алуға атсалысады. Осы жерде өткен шайқаста оның қатысуымен КСРО әскері жаудың бес рет жасаған шабуылының бетін қайтарады. Сонымен қатар, Бриг қаласы маңында өткен қанды шайқаста жаудың станокты пулеметті тобы мен басқа да 60 солдатын жойып, 12-ін тұтқынға түсірсе, Ванзен қаласы үшін жан беріп, жан алысқан соғыста да жаудың бетін қайтаруға қатысады. Тағы бір айта кетерлік жайт, батыр жауынгер өзінің айла-амалымен де бір топ неміс жауынгерін қолға түсіреді. Ол былай болған еді.
1945 жылдың наурызы. Біздің әс­кер Германияның Кант қаласына келіп кіреді. Осы кезде Тәйімбет қала үйлерін барлап, тың тыңдап жүрген кезінде бір пәтердің астынғы жағынан адамның сөйлеген дауысын естиді және жертөленің қақпағын тауып алып ашып жібереді де өзі кейін шегініп, айлалы айқайымен: – Взвод ұрысқа дайындал! Фрицтер тез қаруларыңды тастап, сыртқа шығыңдар. Әйтпесе гранат лақтырамыз, – дейді. Ал, немістер болса Кеңес әскерінің көптігіне күмән келтірмей, қаруларын тастап, тұтқынға беріледі. Кейіннен тұтқынға берілген жау­ды санағанда олардың саны жиыр­маға жетеді екен. Солайша батыр жау солдаттарын штабқа айдап келгенде алдынан шыққан майдан қолбасшысы Конев оған алғысын айтып, арқасынан қағады.
Міне, Отанымызға басып кірген неміс басқыншыларынан елін азат етудегі осындай өшпес ерлігі үшін оның омырауына майдан қолбасшысы Коневтің өзі барша экскадронның алдында КСРО Жоғары Кеңесінің Жар­лығымен тағайындалған Кеңес Ода­ғының Батыры Алтын жұлдызын тағады.
Сөйтіп Кеңес өкіметінің жеңімпаз жауынгерлері Германияның астанасы Берлин төріндегі Рейхстагқа КСРО-ның Қызыл Туын тігіп, жаудың жеңілгенін мойындатты. Ал, біздің Батырымыз Тәйімбет Көмекбаев сол жылы, яғни 9-мамырда Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруіне қатысып, туған елге оралады.
Иә, соғыс бізге қымбатқа түсті. Көптеген атпал азаматымыз Отан үшін құрбан болды. Тірі қалғаны елге оралып, төрт жыл бұрын әйел-бала-шағаға, қарттарға аманаттап кеткен шаруашылықты қайта қалпына келтіру мақсатында еңбек етті. Соғыс­тан кеудесіне Алтын жұлдызды та­ғып қайтқан Тәйімбет Көмекбаев ел­ге оралғасын туған ауылындағы ша­руа­шылықты басқарып, елінің өсіп-өр­кендеуі жолында аянбай еңбек ет­ті. Бейбіт өмірдегі елеулі еңбектері үшін аудандық, облыстық партия жә­не жергілікті атқару комитеттерінің құр­метіне ие болды. Жеңістің 20 жылдық тойында КСРО Қорғаныс министрі Малиновский алтын сағат сыйға берді.
Өскелең ұрпаққа өнегелі өмірімен танылған КСРО БатырыТәйімбет Көмек­баевтан тараған ұрпақтар бү­гінде еліміздің түкпір-түкпірінде ел экономикасының дамуына өздерінің сүбелі үлесін қосып, батыр есімін асқақтатып келеді.
1990 жылдардың басында Кеңес­тер Одағының Батыры Тәйімбет Көмек­баев атында басталған қазақ күресі жарысы бүгінде самбо кү­ресіне жалғасып, ол халықаралық мемориалға айналды.
Қазір Қармақшыда Т.Көмекбаев атын­­­дағы ауыл бар. Ауыл өзінің жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті. Осы мерейтойлық шаралар аясында ауыл орталығынан батыр бюсті орнатылды. Жосалы кентінде Т.Көмекбаев көшесі бар.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
18 тамыз 2018 ж. 998 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 014

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031