» » » ЖЫЛАНКӨЗ (әңгіме)

ЖЫЛАНКӨЗ (әңгіме)

Осыдан бес жыл бұрын жеке шаруаммен Ресейдің Челябі қаласына жолым түсіп барғанмын. Айтулы қала Қазақстанмен шекаралас жатыр. Қостанайдан көлікпен алты-жеті сағаттық жер. Жолы да жақсы. Сонымен Челябіге келіп, одан ары қарай Арғаяш ауданының Увелді елді мекеніне жетуім керек. Бұл қаланың автовокзалы үлкен. Кеңес үкіметі тұсында салынған. Автобустар үздіксіз жан-жақтан келіп кетіп жатыр. Мен де баратын жеріме дейін автобусқа билет сатып алып алдым. Автобустың жүруіне әлі екі сағаттан астам сағат бар. Уақытты ұтымды өткізбекші болып автобекеттегі буфетке келдім. Шай ішетін орын тұрып ішетін үстел екен. Мұндай үстелдер Кеңес заманында көп еді. Үстелдің астындағы ілгішке кол жүгіңді іліп қойып, даяшыға тапсырысымды бердім. Әлі біршама уақыт бар. Енді даяшы әкелген шайды асықпай ішпекшімін. Шайымды бір ұрттап, шәйға қоса сатып алған екі тоқашымның бірін жеп болған соң, айналама зер сала бастадым. Әне, дәмхананың ана бір шетінде орта жасқа келген бір кісі шәй ішіп тұр. Пошымы башқұртқа да, татарға да келеді. Ол тіпті анда-санда мен жаққа қарап қояды. Құдды көптен бері жоғалтқан адамын тапқандай. Тесіле қарайды. Бірақ, оған онша мән бере қойған жоқпын алғашқыда. Алайда, жанағы кісінің көз салысы көбейгесін, әй осы кісіде бір «кілтипан» бар ау деген ой келді маған. Соны білмек ниетпен алдымдағы ыдысқа құйылған шайды үстелге төгіңкіреп жіберіп-«Түһ, үстіме төгіліп кете жаздады ғой» деп дауысымды қаттырақ шығарып жібердім. Сол-ақ екен ана кісі қасыма жетіп келді.
– Өй, сен қазақ екенсің ғой, манадан бері сені не өзбек не басқа бір азиялық ұлттың өкілі екен деп қасыңа келе алмай тұр едім, – деп әй-шәйға қаратпай мені сөзге көме жөнелді. Тоқтамастан сөйлеп жатыр. Аздап аң-таң болып қалған мен біраздан соң: – Ау аға, бірінші танысып алайық, сонан соң әңгімемізді жалғастыра жатармыз, – дедім.
– Ә, солай екен ғой інім, айып етпе. Қазақша сөйлей алмай іш-құса болып жүр едім, сені кездестіргенім мұндай жақсы болар ма, – деді де сөзін жалғастырып кетті. – Мен өзім Челябі облысының Бердянск деген елді мекенінде тұрамын. Ата-бабамның туып өскен жері де осы ел. Қазіргі уақытта мен тұрып жатқан ауылда 30-ға тарта қазақ отбасы бар. Олардың бірде-бірі ана тілінде сөйлемейді. Тіпті тілімізді ұмыттық десек те болады. Бұл аймақтағы барлық қазақ нәсілділердің барылығы да дерлік орыстанып кеткен десем артық айтқандық емес. Кейде өзімнен өзім қазақша сөйлеймін жыннан айырылған бақсыға құсап. Жаңа сені көргенде қазақ па қайта-қайта саған қарағыштап тұрғаным сол еді ғой, – деді. Екеуміз даяшыға шайды қайта алдыртып әңгімеге кірісіп кеттік. Ол өзінің бір баласы Челябіде ішкі істер органында қызмет істейтінін, ал екінші баласы жақында жоғарғы оқу орнын бітіріп, қызметке орналасып жатқанын, өзі соған келіп, енді ауылына кетіп бара жатқанын айтты. Қызу әңгімеге кіріп кеттіппіз. Бір уақытта:- Әй, сен менің атымды білесің бе? – деді ол.
– Ағатай-ау, сіздің есіміңізді қайдан білейін, тіпті өзіңіз әлі маған сөз де бермей жатырсыз.Тіпті, менің атымды да сұраған жоқсыз ғой ағасы, – дедім жәбірлі жүзбен.
–Айналайын, айып етпе. Өзіңмен қазақша сөйлескеннен кейін бәрін ұмытып кетіппін. Менің атым, – дей беріп, – менің есімім нағыз қазақша есім, – деді. –Сен маған сенбей тұрған шығарсың, кілең орыстың ішінде жүрген сенде қайдағы қазақша есім. Тыңда ондеше, менің атым – Жыланкөз, – деді.
Шынымен де, бұрын-соңды Жыланкөз деген есімді естімеппін. Жыланкөз деген нағыз қазақы сөз. Ия, оған талас жоқ енді. Тіпте, төсқалтасынан төлқұжатын да көрсетті. Паспорттағы есімі орыс тілінде жазылған екен.
– Неге сенбейін аға, – дедім. Өзімде іштей ерекше ат екен деп қойдым.
–Ал, енді мен саған бұл есімді маған қалай қойғанын айтып берейін, – деді Жыланкөз қандасым. Әрине менде оған қарсы болған жоқпын, қайта білгім келіп барады.
– Әкем майданнан оралғаннан соң, шешеме үйленіпті. Бірақ, анам жарықтық үш-төрт жылға дейін бала көтермепті. Соғыстан кейінгі жылдары елде арақ ішу көбейіп кетіпті. Бұл да майданнан оралған қазақтардың орыс елінен үйренген «өнерлерінің» бірі болса керек. Бұрындары араққа әуес болмаған қазақ баласы соғыстан кейін жергілікті тұрғындарға ілесіп, арақ ішуді үйренеді. Үкімет тарапынан тосқауыл болмайды. Осының әсері ме? әйтеуір әкем әлсін-әлсін көшеден араққа сылқия тойып үйге келіп, шешемді бала тумадың деп сабайды екен. Міне, сондай күндердің бірінде араққа сылқия тойып алған әкем анамды сабап жатқанда көшеде дорба асынып кетіп бара жатқан бір кісі әкеме айқайлап:– Әй, балам, сен жарыңды ұрма. Оның қанасында екі айлық нәресте өмірге келуге дайындалып жатыр, – дейді. Кетіп бара жатқан бейтаныстан көптен күткен арманын естеген әкем дереу қолындағы қамшысын жерге тастай салып, жаңағы қарие жақындайды да – Сіз кімсіз, бейтаныс, үйге кіріңіз, қонақ болыңыз, – деп бәйек болып, қонаққа шақырады.
Расында да, сол жылдары ел ішін аралап, емшілік қасиетімен ел-жұртқа қызмет көрсетіп жүретін әулие көп болатын. Мұндай кісілердің соңын біз де көрдік. Дәруіштер берген ақылдары үшін ешкімнен де ақы алмаған, тек үйіне қондырып, кір-қоңын жуып, жақсылап шығарып салса болғаны. Міне, манағы әкеме ақыл салған дәуріш солардың бірі болса керек-ті. Соданқұдайы қонақ әкеме еріп үйге аялдайды, ас ішіп, біраз уақыт дем алған соң, шай үстінде әкеме қарап: – Құдай қаласа келін аман-есен босанады, тек оның есімін Жыланкөз қоясыңдар. Басқа есім қоюшы болмаңдар, – деп ескертіп, дастарханға батасын беріп, сапарын әрі қарай жалғастырыпты. Біраз уақыттан соң шешем де аман-есен босанып, дүниеге мен келіппін. Құдайға шүкір, қазір бірнеше жамандарым бар. Барлығы да адам қатарына қосылды. Міне, менің есімімнің тарихы осылай айналайын, – деді Жыланкөз аға.
Әңгіменің қызығына түсіп тұрғанымызда автовокзал хабарлаушысы мен мінетін автобустың жүруге дайын екенін бірнеше рет хабарлады. Осы жерде Жыланкөз ағамен қоштастым. Бірақ, ол менімен бірге автобусқа дейін еріп кірді. 5-10 минут қасымда тұрып әңгімесін жалғастырды. Тек билет кесетін орыстың семіз келіншегі: «Уақыт болды, түсіңіз!»-деп итермелей берген соң ол амалсыз жерге түсті. Соның өзінде мен отырған терезе жақ бетке келіп бір нәрсе деп айқайлап жатты. Сөйтсем атымды сұрап жатыр екен. Екі сағаттан астам сөйлескен уақыт ішінде, ол кісі сөйлей беріпті, ал мен оны тыңдай беріппін. Тіпті, өзімді де таныстырмаппын. Осыныма өзімді айыпты көргендей, бар ұятты жиып қойып, терезеден аяқайлап, атымды, қайдан келгенімді айтып жаттым. Бұл ісімді ерсі көргендер де болды. Бірақ, менің көңілім Жыланкөз ағамен кездескеннен кейін бір түрлі сергек тартты.
Міне, Ресейде тұрып жатса да, атамекенін, қазақылықты аңсаған, қазақтың тілін сағынған, өзінің қазақ екеніне мактанатын бір қандысымыздың тарихына осылай куә болдым.
Мұхит НҰРМАХАН.
08 тамыз 2018 ж. 2 073 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031