» » Төбет ұлыған түн

Төбет ұлыған түн

ШАЛҒАЙ ЖЕРДЕГІ ШАҒЫН АУЫЛДЫҢ ШЫРҒАЛАҢЫ АУЫЛ АДАМДАРЫН ӘБДЕН КҮЙРЕТІП БІТТІ. БІРЕУІНІҢ – ИТІ, БІРЕУІНІҢ – ТАУЫҒЫ ҚОРАСЫНАН ӨЛІ ТАБЫЛСА, АЛ ЕНДІ БІРЕУІНІҢ – МАЛЫ ЖОҒАЛАДЫ. АУЫЛ АДАМДАРЫ БАРЛЫҚ ҮЙДІ ТЕКСЕРСЕ ДЕ ЕШ НӘТИЖЕ БЕРМЕДІ. ҚҰДДЫ АУАДА ҒАЙЫП БОЛҒАНДАЙ. ІЗ ДЕ КӨРІНБЕЙДІ.
Алдажар ақсақал бүгін ерте тұрды. Жаны жай таппай, мазасы қашты. Әлденені сезгендей сыртқа шықты. Қорадағы құс біткені үнсіз. Таң шақыратын қоразы да шырт ұйқыда. Тек кәрі төбеті жамандық шақырғандай тоқтаусыз ұлып тұр. Не болды екен деп жақындай бергені сол еді әлдененің иісі бұрқ ете қалды. Қолындағы жарығын кепеге түсірсе азығы болған тауықтары дымы қалмай қырылып қалыпты. Үрпиген жүні тек ыстық қанға боялған.
– Демек, мұны істеген адам алыстай қоймады, – деді іштей ақсақал. Қолына қосауыз мылтығын алып сыртқа беттеді. Ауыл ұйқыда. Тас қараңғы. Таңның атар түрі көрінбейді. Анандай жерден әлдекімнің сұлбасы көрінді. Ақырын ізінен ере жөнелді. Ал ол бүгінгі миссиясын аяқтаса керек. Бетпердесі мен қолғабын шешіп, шашын жөндей бастады. Қараңғыдан анық көрінбейді. Бірақ шашының ұзындығы айдың жарығымен шағылысып-ақ тұр.
– Тоқта! – деді қария қатқыл дауысымен.
– Тоқта кәне, әйтпесе ата саламын. Оңдырмаймын, – деген ақсақал әлгіге жақындай түсті. Ол қозғалар емес. Артына бір қарады да ым деместен жүгіре жөнелді. Ал оны қууға Алдажардың мұршасы жоқ еді. Жасы келді. Бұрынғыдай қуаты қалмаған. Ой үстінде үйіне оралды. Мұнда тек иті ғана аман қалыпты. Түнде босатып жіберсе керек, көше кезіп қаңғырып келген түрі сол екен. Оған қарап тағы бір күрсінді.
Бұл оқиға ақсақалдың салын суға кетірді. Ұйқы жоқ. Шалқадан түсіп ойланып жатыр. Иә, кемпірі қайтқалы да көп болды. Балалары қалада. Әкеткісі келеді, әрине. Бірақ өзі көнбейді. Қара шаңырақтан кеткісі келмейді. «Мен оның кім екенін табамын. Қартайғанда еңбектеп жүріп жиған азығымды бір күнде құртқан кім екен?» деп іштей күбірлеп жатыр, күбірлеп жатыр.
Алдажар ақсақалдың да жастық шағы құр өтпеді. Өзі осы ауылдың жалғыз полицейі еді. Зейнетке шығамын дегенше ауыл тыныштығын қадағалады. Қырағы азаматтан сескенгендердің қатары аз болмады.
– Қалай ойыма бірден келмеді? Мүмкін бұл кезінде мен тұтқындағандардың бірі болар. Қорқытқысы келді ме екен? Қыз-ы-ық... Істерді ақтару керек, – деп таяғын сүйене полиция бөлімшесіне асықты. Бір ауылда бір-ақ полиция. Оның өзі ұйқыда жатыр. Кабинет терезесін таяғымен тарсылдатқан ақсақалды әлгі сақшы естір емес. Осыдан-ақ, қылмыс болмай қайтсін?! Алдажар «аш та, аш» деп айқайлап тұр. Зәре құты қашқан әлгі полиция орнынан атып тұрып есікке жүгірді.
– Ақсақал не болды, аманшылық па?
– Сол аманшылық болмай тұр. Ауылда не боп жатқанынан хабарың бар ма өзі?
– Жо-о-оқ. Не болды?
– Кетшей әрі. Шен тағып сәнденгеннен өзге дымға пайдаң жоқ. Әкел оданда ескі делоларды. Архивтен бір қажетімді тауып алармын.
– Қазір, қазір, – деп құрдай жорғалаған жас жігіт аң-таң. Сасқалақтап жүр. Себебі ақсақалдың түрі сұсты еді. Көзінен реніш пен кектің ұшқыны көрініп тұр. Ауық-ауық тісін қайрап қояды.
– Міне ата. Мынау барлық құжат. Ішін ақтарып қарай беріңіз.
– Сумаңдамай отыр. Маған көмектес. Әйтпесе жалғыз өзімнің әлім келер емес.
– Әрине, қай жылдан бастап қарайын?
– Мен қызмет еткен жылды қара. Шамамен 60-жылдардың аяғы болуы керек.
Арман Олжасұлы құжат беттерін парақтай бастады. Бірақ ақсақалға нақты не керегін білмей дал. «Мынау ма? Мынау ше? Анау ше?» деген сұрақтарды қоюдан-ақ жалықпайды. Ақсақал бір күрсінді де соңғы құжатты «әкел өзіме» деді. №347 іс. Ақпараты тайға таңба басқандай анық екен. Сарғайғаны болмаса суреті де ескірмепті.
– Демек осы болды ғой, – деді ол басқа еш деместен.
– Бұл кім ата? – деген Арманның сөзіне қарамастан Алдажар сыртқа шықты.
Бұл оқиғаның болғанына да 40 жылдан аса уақыт болыпты. Ауылда шықбермес шығайбай Қуат есімді бай болған екен. Әйелі ерте о дүниелік болған. Бұл өзін ауылдың әкімі санайды. Тіпті кей тұрғынды құлша жұмсағанды ұнататын-ды. Бірде әбден шаршаған ауыл тұрғындары көтеріле бас­тайды. Әділеттің болуын талап етеді. Ал Алдажар осы тұста жап-жас жігіт еді. Қызметіне адал полиция байға қатысты деректер жинақтайды. Сөйтсе бұл қаладан қашып келген екен. Жабылмаған, сотқа жетпеген де қылмысы шаш етектен. Сорақысы қаладағы үлкен көшелердің бірінде қымбат көлігімен адам қаққан. Ол кезде бейнебақылау жоқ. Қазіргідей тез-ақ тауып ала алмайды. Осы қылмысын ақсақал әшкерелеп, бас бостандығынан ғұмырға айы­рыпты. Артында тек жалғыз тұяғы – қызы қалған. Ол кезде қыз небәрі 5 жаста болған екен.
Алдажар ақсақал ескі үйге беттеді. Тозығы жеткен зәулім үй. Мұнда адам тұрақтамағалы да біраз уақыт болыпты. Әні, бір бөлмеде жарық жанып тұр. Демек байдың қызы кек алмаққа келген. Өмірі бала күнінен-ақ құртылды ғой. Ақсақал есікті қақты. Жасы 45 шамасындағы, шашы ұзын келіншек сығалай есік ашты. Қатты налыса керек, ақсақалды тыңдағысы жоқ. Бірақ Алдажар бәрін рет-ретімен айтып берді. Әлгі әйел түсінсе керек. Жасаған ісіне өкініп, ауыл тұрғындарынан кешірім сұрады. Ал оған ешқандай жаза тақпайтынын жеткізген ауыл адамдары тек бұл ауылға жоламауын талап етті. Осыдан соң ауыл тынышталды. Барлығы өз қалпына келді. Бұл ауылдан енді басқаны күтпейтінін білген ақсақал, қалаға балаларына көшіп барды. Ол дүниеден озса да ауыл азаматтары көшеге осы Алдажар ақсақалдың есімін берді. Ал балалар ақсақалды «Детектив ата» атап кеткен. Шырғалаң оқиға ауыздан-ауызға әлі күнге дейін айтылып жүр.

Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
20 қараша 2021 ж. 524 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 526

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 597

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031