» » Калининдегі "Ақ школ"

Калининдегі "Ақ школ"

Ымырт. Түскен тұман анау жерде тұрған ескі мектепті жауып тұр. Бұлдырлайды. Кеш ауа мұнда жақындаудың өзі ерлікпен тең еді. Сірә, бүгін де ешкімнің жүрегі дауаламаса керек. Адам қарасы көрінбейді. Тек еміс-еміс байғыздың дауысы естіледі.
Ескі ұстахана орнын Кеңес үкіметі орнаған тұста мектепке айналдырған. Калининдіктер мұны «Ақ школ» дейді.  Ауылдағы бірең-сараң үйдің балалары барып сауатын ашады. Бір кабинет. Әр қатарда әр кластың оқушылары. Өзі аз. Алма-кезек білім алады. Дене шынықтыру сабағында барлығы тысқа шығып түрлі жаттығу жасайды. Әсіресе жоғары сыныптың қыздары үп-үлкен көрінген соң қимылдары де ерсі көрінетін. Ондайда есік алдында тоқу тоқып отырған әжелер аузын шүберекпен жауып, көзін шарасынан шығаратын. Мектептегі оқу уақыты біткенде ауыл балаларының осында келіп ойнайтыны тағы бар. Сонда бос школдың іші тарсыл-гүрсіл болып, астан-кестеңі шыққандай дыбыс естілетін. Балалар тұра жүгіріп, үйді-үйіне қашатын еді. Бірде Сібірден айдалып келген Сергей осы жерге тұрақтады. Ол кезде тоқал тамдар, терезесінен ызғар уілдейтін. Бір бөлмелік үйде толған бала-шаға. Сергейді үйге сыйдыру мүмкін емес. Тек шай ішерде осы мектептің оқушысы Ұлболсынның үйіне келетін. Анасымен әңгіме-дүкен құрып, біраз шер тарқататын.
Күн суық. Ызғар тамның шұрық-тесігінен өтіп барады. Кешкі асқа отырған отбасы. Ол кезде ас дейтіндей ас болсын ба, әйтеуір ебін тауып, жоқтан бар жасайтын Ұлболсынның анасы құрақ ұшып жүр. Бүгін Сергей тағы келді. Діріл қағып тұр. Мектептің бір бөлмесіне орналасқалы үрейшіл болып кеткен. Бұ жолы шалбары малмандай су. Сірә, дәретін жіберіп қойса керек. Ал ол көрші үйге келемін дегенше мұз қатыпты. Дереу үйге кіріп, ортада жанған отқа қыздырына бастады. Кепкен иіс пен ұшқан бу да балалардың жиіркенішін тудырмайтын еді. Сондада жанына отырып, орыс ағаның әңгімесін тыңдайтын.
– О, боже-е-е, – деді ол құлағын екі қолымен жауып. Арасында әрі-бері теңселіп қояды.
– Не болды, Сергей? Бүгін тағы шошып ояндың ба? – деді үйдегі отанасы.
– Түнімен ұйықтай алмаймын. Көзімді жұмсам болды, түрі ұсқынсыз, бойы кішкентай, үлкен, әйтеуір қап-қара малғұндар келіп қылғындырады. Не дает мне покоя, о боже-е-е, – деген Сергей одан әрі теңселіп отыр, теңселіп отыр. Осыдан-ақ мектепте тылсым күш барына бәрінің көзі жеткендей еді.
Түн бата мектеп жанынан көзін жұмып өтетін тұрғындар мұндағы тылсымға әбден еті үйренген. Тіпті мектептің ар жағында үлкен-үлкен түйелер керуені көшетін. Ондайда үйдегі әжесіне асыққан балалар ентіге барып «керуен көшті» деуші еді. Сонда ауылдың кемпірлері сыртқа жүгіре шығып, «піссімілләсін» ауық-ауық қайталайды. Әлгі керуен сағымдай көзден ғайып болатын.
Бірде Ұлболсын ауырып, төсек тартқан әпкесінің үйіне бармақшы болады. Үйі ақ школдың арғы жағында. Бару үшін мектеп ішінен кесіп өтуге тура келеді. Демалыс күндері болса керек. Өйткені адам қарасы мүлдем көрінбейді, далада тірі адам жоқтай. Тып-тыныш. Тамақ түйілген орамалын қолына қысып ұстаған Ұлболсын мектеп ауласына жақындады. Жүрегі әлденені сезгендей, дауаламай тұр. Бармаса әпкесі өкпелейді, үйге қайтса, анасының таяғы күтеді. Бар жігерін жиды да ішке енді. Түні бойы жерді жапқан ақ ұлпа қардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тізеден келетіні сонша, бір қадамды әрең жасайды. Бұл түрімен мектеп алдынан жүгіріп өту қайдан болсын. Әйтеуір шама-шарқынша жүріп келеді. Кенет мектеп жақтан тарс еткен дауыс шықты. Көз қиығымен қарап еді, ешнәрсе байқалмады. Тағы да тарс. Бұл жолы Ұлболсынның жүрегі өз орнынан шығып кетердей дүрсілін жылдамдатуда.
Тарс, тарс, тарс. Бір орында қозғалмай, мелшиіп тұрып қалған қыз екі көзін қолымен жауып алған. Ашқысы жоқ. Сәлден соң әлгі дауыс тоқтағандай болды. Жыртық қонышты етіктен өткен ызғар өңмеңіне дейін жеткендей. Денесі мұздап барады. Бір орында біраз тұрған соң оң көзін сығырайта ашып, мектеп жаққа көз тастады. Қарамағаны да жөн еді. Көрген көзі өзіне сенбей жыпылықтап қояды. Суық суды екі есе төбеден құйғандай ауызын ашты да қалды. Бұл сәтте мектептің терезесі ашық тұр еді. Желмен олай да бұлай теңселіп, тарсылдап тұр. Ең сорақысы сол, терезе алдында ақ көйлек киген кішкентай қыз сықылық қағып күліп тұр. Құдды қорқынышы үдеген қызды мазақтайтындай. Сықылық-сықылық етеді. Әрі қарай белгісіз...
...Ұлболсын көзін әрең ашты. Денесі жібіп, рахат күйге бөленіп жатқандай еді. Бірақ біреу сұлатып түсіргендей ауырлық жанын басып барады. Қасында бәйек қаққан анасы, ыстық сорпасын әкеліп «құлыншағым» дейді ауық-ауық.
– Апа, не болды маған?
– Түш, үндеме қызым, бәрі артта қалды.
– Мен анау, анау жерде... – дей бергені сол еді, анасы:
– Құлыным, білемін. Сен қорықпа, бәрі артта қалды. Сенің ес-түссіз қар астында жатқаныңды көрген Сергей ағаң үйге алып келді. Енді тыныға ғой, – деді анасы баяу үн қата.
Анасының жылы алақанында тербелгеннен ләззат алған Ұлболсын ұйқыға балқи кеткендей еді. Бірақ Калининдегі «Ақ школ» көз алдынан көлбей өте берді, өте берді.

Айнұр ӘЛИ
15 маусым 2021 ж. 1 900 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 009

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031