» » » Қазақ әйелдерінің алтын тәжі

Қазақ әйелдерінің алтын тәжі

ҚАЗІР АРА-ТҰРА ЖИЫНДАРДА БОЛМАСА, КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРДЕ КИМЕШЕК КИГЕН КЕЙУАНАНЫ КЕЗДЕСТІРМЕСІМІЗ АНЫҚ. ТІПТІ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫСЫНАН «МЫНАУ ҚАНДАЙ КИІМ?» ДЕП СҰРАҒАНЫМДА «ОЛ ӘЖЕЛЕР ӨЛЕҢ АЙТҚАНДА КИЕТІН КИІМ, ТЕЛЕДИДАРДАН КӨРГЕНМІН» ДЕДІ ДЕ ҚОЙДЫ. ИӘ, БАЛАҒА ЕШҚАНДАЙ ӨКПЕ ДЕ, АРТЫЛАР МІН ДЕ ЖОҚ. ОЛ ӨЗІНІҢ ТАНЫМ-ТҮСІНІГІ ДЕҢГЕЙІНДЕ ЖАУАП БЕРДІ. МӘСЕЛЕ, ҰЛТТЫҚ КИІМНІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫН ТҮСІНГЕНІМІЗБЕН, ҰЛЫҚТАЙ АЛМАҒАН БІЗДЕ. ОНЫ МОЙЫНДАУ ҚАЖЕТ.
Негізінде, кимешек – біздің ұғымымызда қазақ әйелінің басына орап, киетін ұлттық киімі. Оның тарихы да тереңде. Сонау ғұн заманында әйелдер шошақ бөрікке ұқсас орамалды бастарына орап жүргенін тарихи деректер де дәлелдейді. Ұлы даланың бізге қалдырған бойтұмарыда осы кимешек десек, еш қателеспейміз. Бертінгі заманға дейін жеткен бұл әйелдердің бас киімі көп өзгеріске ұшырады.
Қазақ қызды сұлулықтың символы деп қадір тұтқан. Аяулысын көздің қарашығындай сақтаған әрбір ана сәбиі туғаннан оқалы тақиясын кигізіп, өсе келе оны құндыз бөрікке ауыстырған. Ұзатқанда сәукелесін сәндеп, келін болғанда кимешегі мен жаулығын ораған. Осылайша, қастер тұтқан дәстүрімізде ақ кимешектің киесі әріден бастау алған.
Өткенге көз салсақ, келінге кимешек кигізу үшін арнайы рәсім болған. Алғашқы сәбиі дүниеге келгесін әулетке ұрпақ әкелгені қуанышпен аталып, басындағы салы, яғни шәлі шешіліп, «сен де ана болдың» деп, кестелеп тігілген кимешек кигізілген. Ал, екінші бала туғасын кимешектің үстіне шылауыш байланған. Арқа өңірінде келіннің мұндай шағында басына жаулық салды дейтін дәстүр бар. Бұл да қазақы салтпен келінді келесі кезеңге өткізуді білдіреді. Сонымен қатар, кимешек кигізетін адамды да арнайы ниетпен сайлап, көне қазақ ғұрпының ретін сақтаған. Үлкендердің айтуынша, қызының отау құрып, көп ұзамай құрсақ көтеріп, ана болуын тілеген аналар кимешекті алдын ала тіктіріп, сақтап қоятын болған.
Кимешек жас анаға абырой, бедел сыйлаған. Қазақ даласында туып өскен дарабоз тұлғалардың өзі ар-ұятты қорғайтын жаулықтың астында омырау еміп, бетін күн көзінен көлеңкелеп өскен. Сондай-ақ, кимешекке қарап әйелдің жасына, қандай әулеттің, рудың отын тұтатып отырғанын білген екен. Жас келiншектер қызыл, жасылмен көркемделген кимешек кисе, егде әйелдердің кимешектері ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жасы ұлғайған әйелдер жасыл, қоңыр жiптермен иiр кестелер тiгiлген кимешек киеді. Кимешек ақ бұлдан тігіліп, жиегі астарланады. Кимешектің иекті айнала маңдайды жауып тұратын екі жағын «шықшыт» десе, алдын «жақ» деп атайды. Адамның арқасына түсер жері ұзыншақ жағын «құйрықша» деп атайды. Кейде кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылған.
Тарих беттері ертеде екі тайпа ел жауласып өзара бітімге келе алмағанда ақ жаулықты аналарымыз араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын басынан сыпырып алып екі араға тастағанын айтады. Содан киелі баскиімнен ешкім аттап өте алмағанын білеміз. Бұл – кимешектің саяси әрі тарихи мәнін айшықтап тұр.
Ал дәрігерлер қауымы кимешектің медициналық тұрғыдан бөлек, халықтық ем жүргізуде пайдасы мол екенін алға тартады. Кимешек киген келін таза жүреді. Ол басын, омырауын жылы ұстауға септігін тигізеді. Бала емізгенде де шашы түсіп, кедергі келтірмейді.
Тарихи деректерге көз жүгіртсек, әр өңірдегі кимешектің түр-тұлғасы өзгеше болған. Мәселен, орама кимешекті Ақмола жақтың қазақтары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін киген. Мата тігілмей, ерекше пішілген бет-әлпеті шығып тұратын бөлігіне ойықша жасалған, оны басқа ораған кезде кәдімгі кимешектерден айырмашылығы болмаған.
Ал Сырдария бойындағы Кіші жүз руының бірінде пішіні өз бетінше бөлек, бүрмелі кимешек түрі болған. Оның алдыңғы жағы кеудеге түсіп, ал жоғарғы жағы бүктеліп, бетті екі жағынан қоршап тұру үшін басқа байлап, бекітіліп қоятын болған. Кейде арқа бөлігінің жоғарғы бұрышына төбешік тігілген. Келесі бір түрі матаның тұтас кесегінен пішіліп, бір жақ қырынан келетін жағынан бас сұғатын орын қалдырылып, бір-ақ тігіспен тігілетін болған түрі Омбы, Атбасарда, Әулиеата өңірінің теріскейінде және оңтүстіктегі Қоңыраттарда сақталған. Солтүстік және Орталық Қазақстанда кимешектердің алдыңғы жағы трапеция немесе үшкірленіп пішіліп, жоғарғы бөлігінде бетке орын қалдырылған. Арқа жағы дұрыс ромб түрінде келеді де, тізеге, тіпті өкшеге дейін түсетін болған. Оңтүстік қазақ әйелдерінде кеңінен тараған кимешек түрі ұзынынан екіге бүктеліп пішілген мата кесегінен жасалатын болған. Көп тараған түрі мұнара тектес. Ол үшін бүкіл мата біртіндеп басқа оралып, ұштары орам арасына кіргізіледі немесе желке жақтан түйіледі.
Ал бүгінде жоғарыда аталған олқылықтың орнын толтырып, қазақ әйелдеріне киелі кимешекті дәріптеп, ұлттық құндылықты ұлықтап, аналарды ақ жолға бастап, әжелер жолын жалғап жүрген жандар да бар. Солардың бірі – жерлесіміз Ләйле Ноғайқызына қазақтың бас киімдері жөнінде сауал тастағанбыз. Ол тың мәліметтер мен деректерге толы ақпарат пен кимешек жөнінде құнды түсіндірме беріп өтті.
– Әр ұлттың киім кию ерекшелігі бар. Сол сияқты біздің қазақ халқында қазақ аналарының басына киетін кимешегі киелі саналады. Қазақ халқында әйел-аналардың басына киетін бас киімдерінің түрлері өте көп болған. Соның ішінде кимешек әжелердің бас киімі ретінде бізге жеткен. Осыны қазіргі қолөнершілер, дизайнерлер қолға алып, заманға сай жаңартып, жандандыру үстінде. Ел арасында «Бас кимешек таңдамайды, кимешек бас таңдайды. Яғни кимешек иілген басқа киіледі» деген сөз бар. Кимешектің киелілігі де осында жатыр. Сонымен қатар, кимешек кез келген матадан оңай тігіле салатын дүние емес. Оның әрбір бөлігі түрлі матадан құрастырылып, арнауы атау мен мәнге ие. Оның әрбір тігісі түрлі иірімге толы. Ертеректе кез келген қыз ұзатқан ана жасаумен бірге сандықтың түбіне өзі кестелеп тіккен ақ кимешек салып жібереді екен. Бұл барған әулетінде үбірлі-шүбірлі болсын, сол әулеттің ұрпағын жалғасын дегені екен. Қарап отырсақ, сандық түбіндегі ақ кимешек – ананың ақ тілеуі. Кимешек киген әйел өзін салиқалы, байсалды ұстайды. Ертеректе, күйеуі өмірден озған келіншектер кимешегінің теріс жағын киген екен. Сонда оны көргендер «жесір» екен деп емес, ақ жақ болыпты дескен. Мұның өзінде де үлкен философия жатыр. Қазақ бір кимешектің өзімен-ақ көп нәрсені ұғындыра алған, – дейді «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалы бойынша төрайымы, «Алтын алқа» иегері Ләйле Ноғайқызы.
Аналардың беделін арттыратын, жүзіне иман ұялататын кимешек – қазақ әйелінің көркем бейнесін аша түседі. Үлкендер Шоқанның Шоқан болуы, Абайдың Абай болуы Айғаным мен Зере, Зейнеп пен Ұлжан секілді «ақ кимешек киген аналардың арқасы» дегенді жиі айтады. Расымен де кимешек – Ұлы дала аналарының алтын тәжі іспетті.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
24 қыркүйек 2022 ж. 1 564 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 421

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 496

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930