» » » ҰЛТТЫҚ КИІМНІҢ ОРНЫ МҰРАЖАЙ МА?

ҰЛТТЫҚ КИІМНІҢ ОРНЫ МҰРАЖАЙ МА?

Ертеде қазақ қыздары келін болып түскен жерінің хал-күйін, жан толқынысын кестелі орамалға ою-өрнекпен түсірген. Бұл жас келіннің сабырын сабасына түсірсе, бір жағынан оның қолынан шыққан әрбір ою мен өрнек өз жағдайынан сыр шерткен. Осылайша, анасы алыстағы қызының тұрмыс-тіршілігін үйінде отырып-ақ білген. Арадағы хұсни хат – ана мен баланы үнсіз тілдестіріп, бір-бірінен хабар алдырған.
Адам баласы қай ғасырда да сұлулыққа ұмтылған. Киім үлгісі – адамзат санасының дамуымен есептелген. Алғашқы адамдар киімі орама, әуретжабар болса, сармат әйелдері ІV ғасырда шаравар киініп, желек жамылған. Тұран даласында қос етек көйлек, шашақ бөрік сәнге саналған. Ал, ғұндардың бас киімі жүннен, жұмсақ киізден тігіліп, жібек матамен тысталатын болған. Бұлғын терісін пайдалану да ешқашан сәннен шықпаған. Заманына сай киім үлгісі де өзгеріске ұшырады. Бірақ, «Ең жақсы киім – ұлтыңның киімі» демекші, қазақ халқы үшін ұлттық киімнің орны ерекше. Ұлттық киім – қазақ әйелінің сыр-сымбаты мен ар-абыройының символы іспеттес. Әсіресе, кимешекті бөле-жара айтуға болады. Сан ғасыр бойына қазақ әйелінің ажарына әр, ақылына төр беріп, мәртебесін көтерген жәдігер жайында ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
– Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса, нені көрем, – деп бекерге жырламаса керек. Қазіргі күні кимешекті әжелер ансамблі насихаттап жүргендей. Себебі, оны сахнадан ғана көреміз. Кимешекті заманға сай жаңғыра келуіне этно бағыттағы зерттеуші-дизайнер Ғалия Қайдауылқызының еңбегі ерен. Ол қыз-келіншектердің қызығушылығын тудырып, сұранысына қарай ұсыну қажеттігін айтады. Сондай-ақ, олардың жас ерекшеліктері мен мата түрін дұрыс таңдау да маңызды екенін алға тартады.
Әйел киімінің ішіндегі ең асылы әрі жұбайылық өмірдегі елеулі кезеңінің естеп кетпес сәті – сәукеле. Ежелден келе жатқан салт-дәстүріміздің бірі – «Сәукеле кигізу». «Қара мақпал сәукеле, шашың басар, жар-жар-ау», – демекші, сәукеле қымбат мақпалдан арнайылап тігіледі. Дәстүр бойынша оған құда-құдағилар шақырылып, шашу шашылады. Бата арналады. Сәукелеге берілетін байғазы да олқы болмайды. Сәукеле киген келіншек бұрынғыдан да ажарлана, сұлулана түседі. Ол келіншектің бас киімі ғана емес, қазақ халқының мәдениеті, сән-салтанаты, өнер туындысының озық үлгісі. Сәукеле інжу-маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастармен әшекейленеді. Төбесіне үкі тағылады. ХІХ ғасырда өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға бағаласа, тарихтан білетініміздей, Жібек қыздың орамалы 500 жорға тұрған. Халқымызда «күйеу киім» дегенде бар. Қалыңдық алуға баратын жас күйеу міндетті түрде «күйеу киім» киюі тиіс. Алдынан шыққан жеңгелер мен қыз-келіншектер күйеуді киімінен таныған. Сондықтан күйеу басқалардан ерекше киінген. Бөркіне үкі тағып, қызыл шапан, биік өкше етік киген. Бөркін көзіне түсіріп, төмен қарап тұратын болған. Өйтпегенде, айыппұл төлейді. Қыз-қырқынның ортасына түскен күйеу әзіл-қалжыңға төзеді. Бүгінде «Кимешек кию» салтын адамдар біле бермейді. Жас келін перзентті болған соң ауыл әйелдері жиналып, келінге кимешек кигізеді. Немесе жаулық салады. Бұл екеуі де ана болғанның белгісін көрсетеді. Бас киімдер шашақталып, кестеленіп, бағалы тастармен көмкеріледі. Қазақтың тағы бір салты – «Тымаққа салу». Аналарымыз ертеде шала туған сәбиді тымаққа салып өсірген. Тымақ – жылы әрі нәрестені бөлеуге ыңғайлы. Сәбидің қанша күні кем болса, сонша күн тымақтағы бала керегенің басына ілініп қойылған. Дәстүрімізде «иткөйлек» деген де бар. Жаңа туған нәрестенің алғашқы киімі осылай аталады. Бала қырқынан шығарылған соң көйлекке тәтті түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Ауыл балалары итті қуып жетіп, тәттіні бөлісіп жейді. Баласы жоқ аналар иткөйлекті ырымға қалап алады. Ит – жеті қазынаның бірі.
Халқымыздың мәдениетінің жоғары болғанын – сан түрлі әсем киімдерінен байқау қиын емес. Бүгінгі киім үлгілері сақ, ғұн, түркі дәуірінен бастау алатынын бірі білсе, бірі білмейді. Қазақтың этнографиялық киім үлгісі ғасырлдар бойы қалыптасқан мәдениет. Ұлтымыздың әр киімінің маңызы зор. Шапан, ішік сыйға тартып қана қоймай, сондай-ақ ел арасында бітімгершілік, ымырашылдық рөлін де қоса атқарған.
Ұлттық киіміміз ұлт болашағына қызмет етсін. Жаһандану жағдайында әр ұлт өз болмысын сақтауға тырысып бағуда. Ұрпаққа ұлағатты тәрбие беремін десе, аналар өздерінен бастауы керек. «Әйел – бейсауыт киінуге болмайтын ұлттың ұясы», «Сән – ұлттың басын біріктіруші үлгінің ең қуаттысы», «Кимешек қартайтпайды, марқайтады», «Тәрбие – киімнен басталады», «Кез келген мата адамның көркін ғана емес, еркін де билейді» деген даналық астарында үлкен мән жатқан жоқ па?
Ашық-шашық киіну – ұлтты аздырады. Арлы, абыройлы болам деген жан ұлтының келешегін ұлттық киімнен іздегені абзал. Шындығына келгенде, ұлттық киімімізді күні өткендіктен емес, кешегі зұлмат заманның зауалы тигендіктен өз биігінен аласартып алдық. Тәуелсіздікпен қатар, ұлттық құндылықтарымыз ортамызға оралды. Ортамызға емес-ау, нақтырағы – мұражайымызға. Әлі кезге дейін ол бізге шынының ар жағынан мүсіркей қарайтындай да, ал, біз оны тосырқап жүргендейміз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
17 шілде 2018 ж. 3 050 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 058

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031