ИТАЛИЯ САХНАСЫНДА ҚАРМАҚШЫЛЫҚ СҰЛУ
Өнер – әр адамның бойындағы белгілі бір құдіретті күші секілді. Кейде асау өзендей арнасына сыймай сарқырап ақса, енді бірде бастау бұлақтай мөлдіреп қана алға жылжиды. Ал оның өзі қандай керемет дүние. Адамның бойындағы дарын, талант деген осы ғой, шіркін… Өнердің шынайы келбеті сол өнерлі жанның өмірін нұрландырып, соның игілігіне қызмет етеді. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Өнер – адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы» деген. Шын дарын өнер жолында өз орнын таба алады. Осындай өнерден ойып тұрып орын алып жүрген жанның бірі – көптеген халықаралық, вокалдық байқаулардың лауреаты, опера әншісі Айгерім Алтынбекқызы.
Ол – кең тынысты лирикалық әндерімен талайды тамсандырып, ән өнерінің әсем болмысын тек Қазақстан емес, әлем жұртшылығына жеткізіп жүрген жерлес сұлу. Ауданға қарасты Тұрмағамбет ауылында туып-өсіп, кейіннен отбасы Ақай ауылына қоныс аударып, №99 орта мектептен 9-сыныпты бітіреді. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әртүрлі ісшарада, ауыл клубында ән айтуды бастаған сұлу аудандық байқауларға қатысып, өнерін шыңдайды. Сонымен қатар халықаралық, республикалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінген. Бала кезден бағыты айқын сұлу білімін Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжде жалғайды. Мұнда оқып жүргенінде көптеген халықаралық, республикалық байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Соның нәтижесінде Шабыт өнер академиясына түсті. Осында оқи жүріп, Президенттің арнайы қабылдауымен 37 мемлекетте өнер көрсеткен. Осы уақытта Италиядан арнайы мамандар келіп шеберлік сыныбын өткізеді. Сонда Айгерімнің жұмысы ерекше көзге түсіп, Италия мемлекетінің Парма қаласына оқуға шақырылады. Ондағы Арриго Бойто консерваториясын өте жақсыға бітірген. Сол оқу жылдарында бірнеше конкурсқа қатысып, әлемдегі ең беделді опера өнері оқу орындарының бірі Ла Скала академиясына шақырту алды. Бұл жетістіктің артында қаншама еңбек, өнерге деген махаббат жатыр. Олай дегеніміз, бейнежазба арқылы өткен алдын ала іріктеуге 400-ден аса үміткер қатысқан. Олардың ішінен 12 үздік орындаушы таңдалып алынған. Солардың ішінде еліміздің атынан қатысқан Айгерім де бар. Енді ол беделді театр акамедиясында тағылымдамадан өтеді.
Ал Айгерімнің өнердегі жеңісті де жемісті жолын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Өмірін нәзік өнермен өрнектеген жерлесіміздің біршама жетістігіне тоқтала кетсек. Ол танымал композитор Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық опера әншілері байқауында жеңімпаз атанса, Италияның Модена қаласында өткен Николай Гяуров атындағы опера әншілерінің халықаралық байқауында үшінші орынды иеленген. Сондай-ақ Айгерім атақты италиялық опера әншісі Мирелла Френидің арнайы сыйлығын алды. Әлемнің 470 елінен қатысқан Рената Тебальди атындағы халықаралық вокал конкурсында өнерпаз екінші орынға ие болған. Маусым айында Италияның Неаполь қаласында Андреа Бочеллидің мерейтойлық концертіне қатысып, аты аңызға айналған тенормен бір сахнада ән шырқады. Бұл жетістік – оның білімге деген ұмтылысы мен кәсіби шеберлігінің жемісі. Сонымен қатар мемлекеттің жас таланттарды қолдауға бағытталған ауқымды жұмысының нәтижесі.
Қазіргі таңда Айгерім 3 жылдан бері Италияда білімін жетілдіру үстінде. Өзге елде болған соң, байланысудың ыңғайы келмеді. Десе де, өнерпаздың анасымен тілдесудің сәті түсті.
– Біз – жүз шайырдың мекені, киелі Тұрмағамбет ауылының тумасымыз. Перзенттерім де осы ауылдың топырағында өмір есігін ашты. Айгерімнің бүгінгі жетістігі – туған жердің қасиетімен ұштасқан таланты, Алла берген дарыны, өзінің ізденімпаздығы мен өнерге деген адалдығынан деп білемін. Біз әкесі екеуміз әнге деген құмарлығын ерте байқадық. Бес жасынан бастап ыңылдап ән айтып, қонақтар келсе өнер көрсететін. Осындай қабілетін байқап, осы бағытта білімін шыңдап, үйірмелерге апардық. Содан кейін әрбір сында топ жарып, мерейімізді үстем етті. Қазір әр қадамына тілекшіміз, әр жеңісін мақтан тұтамыз, – дейді анасы Кеңескүл Құдайбергенова.
Айгерімнің әдемі жолын оқырманға ұсыну үшін түрлі ақпарат көздерін де шолып шықтық. Сонда бір сұхбатында мынадай ерекше оқиғаны баяндапты. «Өткен жылдың қараша айында Модена қаласында Гяуров атындағы байқау болды. Ол әлем бойынша дәрежесі жоғары байқаулардың бірі. 27 мемлекеттен қатысушылар келді. Жалпы бақ сынаушылардың саны 482-ге жетті. Бұл менің – ең бірінші үлкен байқауым, онда орын аламын, маған рөл ұсынады деп күтпедім. Италияда Мирелла Френи деген керемет опера әншісі болған, әлемдік әнші. Бұл жарыста үшінші орын алдым, оған қоса Мирелла Френи атындағы жүлдені табыстады. Сонда Мирелла Френидің қызымен тілдесуге мүмкіндік туды. Ол маған «Сіз менің анамның жас кезін есіме түсірдіңіз» деді. Бұл – мен үшін теңдессіз теңеу. Өйткені ол әлемде теңдесі жоқ сопранолардың бірі. Ол кісінің қызынан мұндай сөз есту мен үшін гранпримен пара-пар болды» деген. Расында кейде үлкен жеңістен гөрі жылы лебіздің орны орасан болады.
Опера сан салалы өнер түрі болғандықтан, ол үлкен ыждағаттылықты талап етеді. Сондай-ақ мұнда тіл білу де үлкен рөл ойнайды. Айгерім қазақ, орыс, ағылшын, итальян тілдерінде еркін сөйлейді. Итальян тілін өзі армандаған оқу орнында білім алу үшін арнайы меңгерген. Бұл – арманға деген адалдықтың көрінісі. Алға қойған мақсаты айқын жерлесіміз «Бүгінде істеп жатқан жұмысым, еңбегім арқылы қазақ елінің атын шығарсам, мен үшін сол маңызды. Концертке, конкурсқа барған сайын мені «қазақ, Қазақстаннан» деп таныстырған кезде көрген қиындықтардың бәрін ұмытамын. Бұл жерде әлемнің түкпір-түкпірінен келген вокалистер көп. Сондықтан күнделікті өмірің – жарыс. Бір күн ештеңе істемесең, қатарыңнан қалып қойғандай сезінесің» деген пікірде.
Еліміздің атын әлемге танытып жүрген қазақ қызы алдағы уақытта өз елінің төл туындыларын опера арқылы көпке жеткізуді мақсат еткен. Өнерді өміріне балаған жерлесіміздің жеңісті күндері көп болатынына сенім мол.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА