» » » Кесте бетіндегі керемет

Кесте бетіндегі керемет

Кестені не үшін тігеді? Оның әйел затына пайдасы қандай? Тәрбиелік мәні бар ма? Байланыс құралы құлақ кескендей болған ерте кезеңде кес­те қандай рөл атқарды? Қазақ қызы кестеге не себептен қызықты? Байырғы мәдениетте аналарымыз қызына қолөнер үйретіп, өзінің не білгеніне баулыған. Әлбетте кесте тігу оңай көрінгенімен, оның да сан салалы әдісІ мен тәсілі бар.
– Кестенің қыз балаға берер тәрбиесі өте мол. Ол жасөспірімді еңбекке, ұлттық құндылықты сақ­тауға үйретеді. Сол секілді кесте тіккен қыз шыдамды болуға, сабыр сақтауға жаттығады. Кейін тұр­мыс құрғанда осы дүниелер оның қажетіне асып, көптеген отбасылық, тұрмыстық қиыншылықтан алып шығады, – дейді кейіпкеріміз, өзі де талай шәкіртті кесте тігуге ма­шықтандырып жүрген Қалампыр Әбдіжәмиқызы.
Кесте тігудің шебері бүгінде Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектепте мұғалім. Қызылорда қала­сындағы техникалық учили­щенің бірінен тігіншілікті бітірген. Оның әуелгі еңбек жолы ауылдың қол­өнершілер цехында тігінші болудан басталса, мұнан соң кітапханашы, іс жүргізуші, кадр меңгерушісі, тіпті бөбекжайда тәрбиеші болып та еңбек етіпті. Қалампырдың еңбек жолына қарап, «жұмыс жоқ» деп екі қолды алдыға бос қойған адамды көрмейсіз. Әйтеуір тыным таппай еңбектене бере­тін жанның образы. «Жігітке жеті өнер аз» дегендей, колледжден валеология ма­мандығын меңгерсе, жоғары оқу орнынан технология пәнінің мұғаліміне оқыған.
Шығармашыл ұстаз ұжымына сыйлы. Отбасының жанашыры. Қай жұмысты да жетілдіріп алып кететіні тағы бар. Қарапайым қасиеті кез келгенмен тез тіл табысып кетуіне сеп. Кезекті бір кесте тігушілердің сайысына ауданға келгенінде онымен етене танысудың сәті келген. Қасында жас шәкірттері болды. Қолдарына ұстаған бір-бір кенеп картина көздің жауын алады. Жұмсақ даусымен оқушыларына кесте өнерінің қыр-сырын айтып отыр екен. Ұстаз бен шәкірттің арасындағы жылы қатынасқа қарап, «Ұстаз осындай болса керек-ті» деген ой келген сонда. Оқушы да еркін, мұғалім де мамыражай. Саусағы майысып, іс тігіп отырған қаршадай қызға қызықпау мүмкін емес. Нағыз ұлттық салт-дәстүріміздегі қыз баланың болмысы.
Сол кездесуде технология пәнінің жетекшісі: «Өнердің шынайы болуы – өнер қонған жанның өмірін нұрға бөлеп, айналасын жарық қылып жіберетіні. Өнердің халықшылдық қалпын батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Өнер – адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы» деп сипаттағаны бекер емес. Ол адамды рухтандырып, өмірге деген жаңаша көзқарас қалыптастырады. Жаңа бағыттағы дүниені жарыққа әкеледі», – деген еді.
Қалампырды іздегендер болса оны қашанда ауылда, мектепте өтетін іс-шараның маңынан табады. Ол төрт жыл қатарынан ауылдық бүлдіршіндердің «Айгөлек» ән-би байқауын ұйымдастырса, бұл алдымен бүлдіршіндердің өнерге қанат жаюына, сахна мәдениет үйренуіне септігін тигізген болатын. Оларға сахналық киімді өзі тігіп бергенін ата-аналар қауқылдаса айтып жүр. Кейіннен орта мектепте физика пәнінің зертханашысы болып жұмыс істегенде де Қалампыр Мерекова түрлі шараны безендіруде аянып қалмады. «Мынау менің жұмысым, мынау сіздікі» деп тұ­ратынның қатарынан емес. Кімге болсын көмегін беруге даяр.
Қазақы табиғатымыз бен болмысымызды қайта оятқан Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаң­ғыру» мақаласы халқымыздың қа­ра қазанынан қайнап шыққан та­лай байлығымызды өзімізге қай­тарғаны аян. Бұл бағыттағы жұ­мыстар мектептерде Қалампыр се­кілді ұлтжанды ұстаздардың білімі мен білігінің арқасында қайта жаңғыруда. Оған себеп – былтыр күзден бастап мектеп басшысы Бақытбек Алмағанбетовтың қолдауымен бағдарлама аясында арнайы бөлме ашылып, қыз балаларды қол өнерге баулитын үйірме жұмыс істеуде. Атап айтарлығы, үйірме жұмысына ұстаз ешқандай ақы алмайды. Тегін түрде жүргізеді.
– Болашақ ұрпақ ұмыт болып ба­ра жатқан ұлттық өнерімізден алыстап қалмаса екен. Оларды құндылықтың тарихымен таныстырып қана қоймай, кесте тігуге, сурет салуға, бала бойында бұғып жатқан бұлақ көзін ашуға жұмыс істеу. Өмірді гүлдендіретін де, жаңа түр беретін де шығармашылық. Оған қызығушылық танытқан баланың бәріне атадан балаға мирас болып келе жатқан қол өнерімізді үйретуден еш жалықпаймын. Шәкірттеріміз ұлттың дүниетанымын, қазақы болмысын айшықтайтын қол өнерді заман талабына сай игеріп, оны көркем рухани қазына ретінде қажетіне жарата білсе, сонымен көркейе берсе – менің мақсатымның орындалғаны, – дейді шебер.
Білікті маманның айтуынша үйірмеге он бес оқушы тартылған. Үйірме жұмысы аптасына екі мәрте ұйымдастырылады. Қыздар кесте тігіп, ою оюмен, тоқыма тоқып, бисермен жұмыс істеуге машықтанады. Сондай-ақ тұрмыста керексіз болып қалған түрлі қалдықтан бұйым жасап, кәдеге асырады. Осындай нәтижелі жұмыстың арқасында үйірме мүшесі Жарқынай Кенжебекова «Шеберлер қаласы: ата-бабамыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» тақырыбындағы өлкетану, сәндік-қолданбалы рес­пу­бликалық көрме-байқаудың ау­дандық кезеңінде «Жарамсыз ма­те­риалдардан жасалған бұйым» номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орынды жеңіп алса, аудандық «Ең үздік жоба» байқауынан І орын иегері атанды.
Сол сияқты 10 сынып оқушысы Сапар Елжан «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты инновациялық идеялардың аудандық кезеңінен ІІ орынды олжалады.
– Кесте тігуді, шығармшылықпен жұмыс істеуді бала кезімнен сүйемін. Бос уақытым бола қалса, уақытымды қол өнерге бөлемін. Кішкентайымнан жаныма серік болған ұлттық дағдыны оқушыларға берсем. Кесте кереметі мен ұлттық бұйымды жасаудың әдісін үйретіп, тәсілін меңгертсем. Менің бар арманым осы. Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Балалардың жазғы демалысын жақсы ұйымдастырдық. Белсенді түрде өтті. Онда күнделікті үйірме жұмысы жүргізіліп отырды. Оқушылардың қызыққаны сондай тіпті менің демалысыма қарамады. «Тапсырма алайықшы, апай» деп үйіме келіп тұрды. «Ұлы даланың жеті қырын» ұл-қыздарым кесте бетіне түсіріп, кереметтей дүниелерді шығардық, – дейді кейіпкеріміз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
19 тамыз 2019 ж. 1 648 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 114

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930