» » » Өмірін өнерімен өрнектеген

Өмірін өнерімен өрнектеген

Өнер – жастан. Өмір есігін ашқан әрбір жанның Құдай берген дарыны немесе өнері болады. Соны дұрыс таба білген, өнерлі жан өмірден де өз орнын табады. Өнер адамның әрбір кезінде берілуі мүмкін. Десе де, қолы шебердің көпшілігі балалық шақтағы қызығушылықтан туғанын алға тартады. Соның бірі – Қармақшы ауылының тұрғыны Жаңагүл Қарабатырова. Әңгімемізге арқау болғалы отырған кейіпкерімізбен Қармақшы ауылына іс-сапар барысында танысқанбыз. Ол «Балбөбек» балабақшасында әдіскер, әрі ондағы түрлі бұйым мен киімдерді тігетін қолөнер шебері.
Қолөнер – қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұрасы. «Шеше көрген тон пішер» демекші, кейіпкеріміз осы асыл мұраны әжесі мен анасынан бойына сіңіріп өскен. Әжесі Балашай түрлі бұйымды тігетін шебер болыпты. Тіпті кілем де тоқыған екен. Ал әкесі Тынысбек қамшы өрумен айналысса, анасы Рабат та тігіншілікті жете меңгерген ісмер. Өнермен өмірді өрнектеген қолөнершілер отбасында ержеткен 6 перзенттің үшеуі бүгінде қолдары алтын жандар. Олай деуімізге себеп, ағасы Жолдыбай ұсталықты кәсіп етеді. Ол домбыра, сандық, бесік секілді ұлттығымызды айқындайтын дүниелерді өмірге әкелетін ағаш шебері болса, әпкесі Құндыз тоқыма тоқудан алдына жан салмайды. Ал Жаңагүл болса әдіскерлік қызметімен қатар, қолөнерін қатар алып жүр.
– Қолөнер шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. 3 сыныптан бастап қолөнерге әуес болдым. Сол уақыттағы қызығушылығым бүгінгі ісіме айналды. Бір көрген дүниемді, дәл солай етіп жасап бере аламын. Сондай-ақ қолдан түрлі бұйым жасағанды өзім қатты жақсы көремін, – дейді шебер.
Бұл өнер қызығушылықтан туған дүние болғанымен, кейіннен осы мамандық бойынша 3 ай аудандағы 12 кәсіптік мектепте, одан кейін 2013-2017 жылдар аралығында М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжде білімін шыңдаған. Балабақшаға жұмысқа кірмес бұрын үйден мектеп формаларына, ұлттық киімдерге тапсырыс қабылдап, көптің көңілінен шыққан.
Өнерлі жан өзіне ғана емес, өзгеге де бақыт сыйлай алады. Өнердің кереметтігі сол өнерлі жанның өмірін нұрландырып, соның игілігіне қызмет етеді. «Өнер – адамның рухани азығы, ол – халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы» дейді Бауыржан Момышұлы. Балабақша ішінің көз тартар сұлулыққа ие болуының бір сыры – ол Жаңагүлдің қиялы, рухани болмысы. Оның қолынан шыққан әрбір бұйымның өзіне тән ерекшелігі бар. Балабақша ішін безендіруге арналған туындыдан бастап, балалардың түрлі мерекелік киімі, қуыршақ театрының кейіпкерлері, ойын құралдары, көрмеге дайындалған бұйымдардың барлығы да Жаңагүлдің шебер қолынан шыққан. Тіпті балабақша ауласындағы түрлі бұйымдар, гүл өсіруге арналған балондардың өзі сурет арқылы сөйлеп тұр. Олардағы ашық түстер шебер жанының ашықтығын, нәзіктігін аңғартады. Бір-бірімен үйлесім тапқан түстер мен орнықты өрнектер көргенде көңіл қуанады. Мұның барлығы еңбексүйгіш, өнерлі Жаңагүлдің туындылары. «Өнерлінің өрісі кең» демекші, шебер бұлардан өзге, құрақ көрпеше, жастық, көрпе секілді қыз жасауын, қазақы көйлек пен ерекше оюлы қамзолдарды да еш қиындықсыз тіге алады.
Жұмыста әдіскер, шебер болса, Жаңагүл үйде ұл мен қыз тәрбиелеп отырған ардақты ана. Ісмер ананың перзенттері де өнерден құр алақан емес. Екеуі де ақынжанды, өлең жазады. Сондай-ақ ұлы Орынбек ән салады, өлең жазудан бірнеше байқаудың жеңімпазы. Ал қызы Дана қолөнермен айналысып, суретті керемет салады екен. Бұл отбасынан қанға сіңген қолөнердің атадан-балаға, анадан-қызға дарып отырғанына куәміз.
– Алдағы уақытта өнерімді дамытып, тігін цехын ашқым келеді. Себебі қолөнер – менің өміріме айналды. Өмірімен өнерін біріктірген тұлғаның нағыз бақытқа жетері хақ. Жасаған ісіңе бар мейіріміңді берсең, нәтижелі болары анық. Ал ол нәтижеге халық оң бағасын беріп, алғысын айтса ол мен үшін үлкен мәртебе. Ел игілігі үшін, олардың қуанышты жүздері үшін еңбек етуге қашанда даярмын, – дейді Жаңагүл Қарабатырова.
Өмірде екі түрлі байлық бар болса, бірі ¬– білім, екіншісі – өнер екен. Сондықтан да, халқымыздың қолөнері ұлттығымыздың қайнар бұлағы екені рас. Ол жылдан-жылға жаңарып даму үстінде. Қолөнердің ұмыт қалмай жаңа заманға сай жаңаруына Жаңагүлдей шеберлердің қосқаг еңбегі өлшеусіз. Осындай жандар барда, қазақ қолөнері заман көшіне ілесіп, халқымыздың асыл мұрасы ретінде дами бермек.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
26 мамыр 2020 ж. 2 183 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031