» » ҚОЛӨНЕРМЕН ҮНДЕСТІК БӘСЕҢДЕМЕЙДІ

ҚОЛӨНЕРМЕН ҮНДЕСТІК БӘСЕҢДЕМЕЙДІ


Қазақ қазақ болып туғалы бері ұлттық өнерімен өркен жаюда. Қайсыбір тарихи жәдігерді алмаңыз, одан ұлт ұстыны мен қазақилықтың әдебі көрініс табады. Өткенге көз салсақ, салт-дәстүрі мен ғұрпына терең бойлаған халқымыз қолөнерді қызғыштай қорғап, шебер, ұста, зергер секілді өнер адамын төбесіне қойып, көгіне көтерген. Бұл тарихи үндестік қазір де біздің өңірде жалғасын табуда. Қуаңдария ауылының тұрғыны Салтанат Қисықованың қолынан келмейтіні болсайшы. Отбасына қарау, жарының жағдайын жасау мен үйелмелі-сүйелмелі төрт баласына аналық мейірімін төгу де оның күнделікті міндеті. Әсіресе, Салтанатқа енесінің ықыласы бөлек. Ауыл жұртшылығы да ибалы келіннің жүріс-тұрысын, әдебі мен іскерлігін басқаларына үлгі етеді. Салтанаттың адаммен тез тілтабысқышы мейірбан жүзінен аңғарылады. Расымен де оның қолынан келмейтіні жоқ.
Бүгінде брендке айнала бастаған ұлттық өнеріміздің бір түрі – киіз басумен, сондай-ақ тұс киіз, текеметке түр салуда оған тең келер ешкім жоқ. Қыз жасауынан бастап тұрмысқа не керектінің бәрін өзі жасай береді. Көзге көрінбейтін бірақ, көп уақыт пен шыдамды қажет ететін киіз үй жабдығын тоқуда шебердің өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Оны мұндай бейнеті мен зейнеті қатар жүретін күрделі жұмысқа әжесі Түрмегүл баулыған. Қазір қолыңнан іс келе тұрып, үйде бос отыру кімге болса да жарас­пайтын дүние. Иә, шындығында Салтанаттың бос уақыты болмайды. Ол отбасында жай ғана қолөнермен айналысушы емес, нарық талап еткендей белсенді кәсіпкер болуды ойлайды. Шебердің былай ойлауы да заңдылық. Өнерді отбасында ғана ұстауға болмайды. Халыққа шығу керек, соған сай қызмет ету де үлкен борыш. Ол үшін әрине, қаражат мәселесін шешу өте өзекті. Көп ұзамай мұны да ретке келтірді.
– Бастапқыда «Бастау Бизнеспен» 240 мың теңге қайтарымсыз, содан соң «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 1 миллион теңге жеңілдетілген несие алдым. Бұл қаражатқа кәсібіме керекті құрал-жабдық сатып алып, шар­уамды дөңгелетудемін. Кейде тапсырыстың көптігінен үлгере алмай жатамын. Бар арманым – ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан ұлттық қолөнеріміздің шырағын жағып, отын өшірмеу. Қасыма көмекші алып, білгенімді соған үйретсем, – дейді шебер.
Салтанаттың үйінде болғанымызда оның ісмер қолынан шыққан небір тамаша, ғажап дүниені тамашалаумен, оған қарап тамсанумен болдық. Себебі Салтанат секілді жастарымыздың жүнді де түте білсе – жібекке айналдырарына күмәніміз болмады.
Қой жүнін жұрқа деп те атайтынымыз бар кейде. Иә бұл қолы емес, көзі танитын шеберсымақтың сөзі де. Әйтпесе, төбесінен құс, аузынан сөз ұшырмайтын қазекем: «Шебердің қолы таниды, олақтың көзі таниды» дегенді бекерге айтты ма? Жүнді кәдеге асырып, оны пайданың көзіне айналдырған жанның бірі – Шырынкүл Жалғасбаева батыр ауылының тұрғыны. Батыр дегеніміз – Кеңес одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы елді мекен. Мемлекеттен мүмкіндік бола тұрып, оны-мұны сылтауратып екі қолды бос қоятындарға Шырынкүл шебердің өмірі өнеге-ақ. Қашан да ізденген адам мұратына жетпей қоймайды. Шебер де іздене келе бір емес, екі бірдей қайтарымсыз гранттың жеңімпазы атанды. Ол бүгінде ұлттық өнерді өрге сүйреген шебер. Ала жаздай киіз басып, текемет ояды. Айналасына нәпақа табарлық жұмыс береді. Өзі сияқты қолынан өнер келетін ауыл әйелдерін жинап, таңнан кешке дейін тапсырыс орындайды. Бірде Жалағаштан 30 ақ киізге тапсырыс түседі. Ол тағы бір айдың ішінде басылып бітуі тиіс. Уәдесін беріп алып, бұл қалай болар екен деп уайымдағаны бар. Ол ол ма «30 киізді жабылып басып шығармыз-ау, оның бәріне жүнді қайдан табамын соны ойламаппын-ау» деп те қынжылғаны есінде.
– Келешегін ойламаған адам – ұлттық өнерін ұмытса жетіп жатыр. Әлбетте, еңбекпен тапқан наныңның ыстық болары рас. Десем де, басты мақсатым ол емес. Қазақтың қолөнері өшпесе екен, қазақ қойының жүні далада есіліп жатпаса екен деймін. Сондықтан да мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдаландым. Шеберханамды соңғы үлгідегі заманауи тігін машинасымен жабдықтадым. Нарықтың да өз талабы бар. Тігін тігумен қатар, жаз мезгілінде 100-ден аса киіз басып шығамыз. Бұған қоса, байпақ, кеудеше, қоржын, қолғап, орындық төсенішін де киізден басып, сапасына мән береміз. 4-5 жасымнан осы кәсіпке дағдыланғанмын, – дейді күміс алқа иегері.
Шырынкүл шебердің шеберханасы да түрлі ұлттық бұйымдарға толып тұр. Бірқатары тапсырыс бойынша орындалса, бірқатары аудан орталығына дүкенге жөнелтілмек. Ал, біздің көзіміз – қыздың жүгіндей жып-жинақы жиналған көрпе-төсек пен киімнің бағасында. Базар бағасынан әлдеқайда арзан әрі сапасы көңіл көншітеді.
Ертеде аталарымыз қызға құда түскенде, қолынан нендей іс келеді екен деп сұрайды екен. Кесте, кілем, ши тоқитын болса, оған ерекше құрметпен қараған. Қыз таңдауда қателеспейтініне сенімді болған. Сол секілді өмірін өнерімен бірге ұйыстырған келесі шеберіміз – Нұрсұлу Әбдешқызы. Қолөнер – қызды да, ұлды да – ұлжандылыққа тәрбиелеген. Бұл біріншіден, еңбек болса, екіншіден төзімділік. Ал, бұл қасиеттерді қалай бағаламасқа. Нұрсұлуды да қолөнерге отбасында анасы тәрбиелеген. Кәріс ұлтынан болса да анасы қазақтың қолөнерін қатты қадірлеген. Жасөспірім жасынан іс тігуді жанына серік етіп келеді. Нарық экономикасында күнделікті жұмысы болса да, қосымша табыс табу кімге артық еткен.
– Қолөнер анамнан дарыған. Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын жан. Бала кезімде киіз басып, жүн бояғанда анама сондай қызығушылықпен қарайтынмын. Кейін келе мені де соған баулыды. Отбасында жарым Болат Жалғасбаев көмекші. Келінім Салтанаттың да ара-кідік қолын үйретудемін, – дейді шебер ағынан жарыла сөйлеп.
Тігін тігумен қатар, шебердің бойынан үлкен адамгершілікті, анаға тән мейірімділік қасиетті көрдік. Қолжетімді бағада ауыл тұрғынына қызмет етіп отырған Нұрсұлудың пейіліне риза болыстық. «Уақыт бедерінде істелетін шаруа көп» – деді ол жол айрықта.

Түйін:
Біз шын мәнінде, қолөнерді қарлығаштың қанатымен су сепкендей себелеп жүрген шеберлеріміздің кәсібіне нәсіп тіледік. Обал мен сауапты қатар ұстаған қайсыбір шебер де халқымыздың қайталанбас қазынасы, баға жетпес байлығы. Дүкеннің дайын бұйымына иек артқан талай нәзік жандыға сабақ болар өнеге. Сөз түйінінде айтарымыз, қазақтың қолөнері қазаққа ғана керек және қазақтың қолөнерін қазақ қана ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе алады. Осы мүмкіндікті текке жібермейік.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
19 мамыр 2019 ж. 1 345 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031