» » СЫЙЛЫҚТЫҢ КӨКЕСІ – ҚОЛӨНЕР

СЫЙЛЫҚТЫҢ КӨКЕСІ – ҚОЛӨНЕР

Осыбір жан туралы әңгіме қозғау – нәзік қылды шерткенмен бірдей әсер қалдырады маған. Қолынан келмейтіні жоқ. Жазда – қыстың қамымен құтылап тосап жауып жатса, көктемде аула бағындағы бақшада бел жазбай жұмыс істеп жүргені. Енді бірде – іс тігіп, тігін мәшинесінің құлағын бұрайды. Әйтеуір шығармашылықтан шет емес. Баспасөзге жазған өлеңдері де жұп-жұмыр. Оның жақында әйелдерге арнап тоқыған көйлегін көрдім. Қатты ұнады. Құдды қолдан емес, фабрикадан шыққан бұйымдай. Міне, осындай еңбек пен төзім иесі – Тамара Төлегенова Жосалы кентінде тұрады.
Өмірде әр нәрсенің өз бастауы болады. Ол бас­тау – адамды қанаттандырып, биіктерге жетелейді. Тамараның да өнер жолын таңдауына анасы ықпал етеді. Қазақта: «Ана көрген – тон пішер» дейді. Анадан алған тәлім оның шебер атануына септігін тигізеді.
– Анам – шебер кісі. Кешеге дейін киіз үй бауын, алаша, кілем тоқыған. Бізге де үйретті. Баласының ішінде тігу, тоқуды кәсіп еткені мен. Анама жақын болған соң қолөнерді бала кезден бойыма сіңірдім. Үйренгендерім – әркез көмектесті. Ресейде тұрғанымда тоқымамен айналыстым. Ол жаққа түбітті ешкі өсіріледі. Күн суық болған соң жылылыққа тоқыма киім киеді. Орынборда тоқыма тоқи білмеу – ұят. Ересектермен бірге жас қыздар да тоқумен шұғылданады. Кеудеше, күрте, қолғап, шұлық тоқып, отбасымды қамтыдым. Біртіндеп қолөнерім табыс көзіне ұласты, – дейді тоқымашы.
1990 жылдары Тамара Қалабайқызы елге оралып, кәсібін жалғастырады. Он саусағына өнер қонған ісмер сұранысқа сай қыз жасауын жасап, ұлттық өнерімізді жаңғыртады. Сондай-ақ, ол ою-өрнекпен әдіптелген құрақ көрпе, бөлме шымылдығын да ұлттық нақышпен безендіреді. Тұтынушы талғамынан шыға білген тоқымашыға көптің алғысы шексіз. Шебер тоқыма жібін Алматыдан алдырады. Қалада тұратын балалары жіптің түр-түрі мен сапалысын жіберіп тұрады.
– Қазір – нарық уақыты. Жалқаулықты көтермейді. Көзін тауып, кәсіп етпесең – нарық қапыда қалдырып, шаң қаптырады. Белгілі жұмысым болса да қолөнерлікті ешқашан тастаған емеспін. Ақша қашан да артық етпейді. Тоқыма – сүйікті ісім. Бүгінде зейнет жасына жақынмын. Зейнетке шыққан соң бағымды сынап, мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіпке бет бұруға жұмыс жасамақ ойым бар. Кәсіпкер ретінде халқымыздың ұлттық қолөнерін жаңғыртып, жүйелі түрде айналыссам, – дейді кейіпкеріміз.
Бір қызығы, Т.Төлегенова сыйлықтың көкесі – қолөнер бұйымы дегенді айтады. Ол мереке күнінде отбасы мен балаларына өзінің шебер қолынан шыққан тоқыма бұйымдарын сыйлайды. Себебі, дүкеннің дайын өнімі ешқашан қазақтың қолөнерін алмастыра алмайды.
ТҮЙІН:
Ертеде Қыдыр ата бір жалшының үйіне қоныпты. Оның не көбеймейтін, не азаймайтын бес ешкісі болыпты. Қыдыр ата қонғаннан кейін әлгі бес ешкісі қырылып қалыпты. Сонда біреу Қызырға: «Сенің Қыдыр болғаның қайсы, кедей байқұс баяғы күйінен де айрылып қалды», – деп мінепті. Ешкісі қырылып, күнкөріссіз қалған жалшы егін егіп, кәсіп етіпті. Жылдар өте оның жағдайы жақсарып, дәулеттілер қатарына қосылыпты. Сонда Қыдыр: «Бес ешкі өлмегенде әлі күнге солай отыра беруші еді. Мен оны өмір сүруге икемдедім, соның арқасында ол байыды», – деген екен. Бұл да кәсіпсіз жүргендерге тәмсіл.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
15 қыркүйек 2018 ж. 1 897 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№14 (10382)

22 ақпан 2025 ж.

№13 (10381)

18 ақпан 2025 ж.

№12 (10380)

15 ақпан 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 404
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728