» » » Өнерліні өрге өрлеткен

Өнерліні өрге өрлеткен

Сыр елі өнердің мөлдір бұлағы болса, оның ішінде Қармақшы – ұлттық салтдәстүрін, ән-күйі мен жыртермесін қайнар бұлағына сақтап қана қоймай, дамытып келе жатқан аудан. Бауыржан Момышұлы айтқандай, өнер – адамның рухани азығы, халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы. Жас жеткіншектерді өнерге баулып, үлкен өмірге қанат қағуына аудандық Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінің қосқан үлесі зор. Талай жастың талабын ұштап жүрген өнерлі орданың бүгінде бағындырған белесі көп.
Оқушылардың дарынын ұштап, бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылық қабілетін арттыруда өнер мектебі 1972 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатыр. Сырт көзге шағын мектеп болып көрінгенімен, ішкі қызу жұмыстары ондағы ұстаздар мен оқушыларға ғана мәлім. Бүгін біз осы өнер мектебінің ІІІ Интернационал ауылындағы бөлімшесі туралы айтпақпыз.
Өнер ұжымында қазіргі таңда 4 арнайы класс бойынша 6 мұғалім жұмыс жасайды. Олар домбыра, қобыз, фортепиано, баян кластары бойынша 64 оқушыны өнерге баулиды. Өмірін өнермен байланыстырған өрендер мұнда өзі қалаған аспабы бойынша 5 жыл білім алып, таңдауы бойынша аспап, теориялық пәндер қатарындағы сабақтарға да қатыса алады.
Бір қызығы мұндағы ұстаздардың тең жартысы осы шаңырақтың түлектері. Осында музыкалық алғашқы білімді игеріп, оны жоғары біліммен жалғап, енді өздері де өнерге ғашық өрендерді тәрбиелеу үстінде.
– Баланы заманына қарай икемдеп, ұлттық салтдәстүрді қастерлеп, құрметтеуге үйрету, патриоттық, шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту, ұлттық өнерге баулу біздің мекеменің басты бағыты. Ұрпақ тәрбиесі – адамзат баласының асыл мұрасы. Біздің міндет – өмірге икемделген, жан-жақты мәдениетті жеке тұлға тәрбиелеу. Ұстаздар осы міндетті атқаруда орасан зор үлес қосуда. Жеке сабақтар арқылы әр оқушыны жеке зерттеп, нақты жұмыс жүргізеді. Түрлі кештер, тақырыптық сабақтар, кездесулер, аудандық, қалалық, республикалық, халықаралық көлемдегі түрлі байқаудан жоғары нәтиже көрсетуі – шығармашылық ұжымның жемісі. Сонымен қатар мектеп ұжымының алға қойған негізгі міндеті – оқушылардың музыкалық қабілеттері, ести білу, есте сақтау, ырғақтық сезімдерімен қатар, танымдық, талғамдық қасиеттерін, музыкалық есту, эстетикалық талғамын дамыту, ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілігін арттыру күннен-күнге өз нәтижесін беруде, – дейді бөлімше меңгерушісі Роза Жаханова.
Меңгерушінің айтуынша, өткен оқу жылдары табысты болған. Себебі жарысқа барған балалар жүлдесіз қайтпапты. Олар облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылығының халықаралық конкурсында, «Күй табиғаты» байқауында, Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының «Өнерлі өрге жүзер» байқауында, БММ мен балалар өнер мектебі оқушылары арасында ұйымдастырылған облыстық додада үздіктер қатарынан көрінген. Мұнан бөлек те, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жеткілікті. Түлектер арасында болашағына бағдар алып, колледж, консерваторияда музыкалық білімді жалғап, түрлі биікті бағындырып жүрген студенттер де жетерлік.
– Негізінен қазақ халқы өнерді әрқашан даналық пен ақыл-парасатты оятар тәңірдің ерекше сыйы деп білді. Өнерге тояттаған әр тіршілік иесінің бойынан азаматтық пен адамгершілік қасиеттері әркез табылады. Музыка – бұл адам жанын тыныштандыратын да, сергектік беретін де жеке әлем. Біз уақытпен санаспай жұмыс жасаймыз. Себебі жақсы нәтиже алғымыз келеді. Әрі мұндағы әрбір маман өз ісіне берілген, мамандығын сүйетін жандар. Соңғы жылдары оқушылардың аспаптарға қызығушылығы артып келеді. Әсіресе өзге ұлт өкілдерінің арасынан домбыра аспабын үйренгісі келетіндер көп. Біз үйренемін деушілерге үйретуге әрқашан дайынбыз, – дейді бөлімше меңгерушісі.
«Өнер – өміршең» демекші, майталман мамандардан білім алып, іргетасы мықтап қаланған шәкірттен түбінде таудай талант шығатыны бәрімізге белгілі. Мұнда таланты мен талабын ұштастырып, өнерін өмір өзеніне айналдырған өрендердің көзінен үлкен жеңіске деген құлшынысты көрдік. Өнер ордасында болған аздаған уақыттың ішінде балалар бізді бойындағы дарыны мен талантына, ұстаздар өз ісіне деген махаббатына тәнті етті.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
23 сәуір 2024 ж. 251 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 097

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031