Талантты балалар – ел мақтанышы
Жақында Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде облыстық «Жас музыкант – 55» байқауы болып өтті. Оған Сыр өңірінен мамандандырылған музыка және өнер мектептерінен жүзден аса оқушы қатысты. Өнер сайысында оқушыларға аспапта сапалы ойнау, дыбысты таза алу, шығарманың тақырыбын ашу, шығарма иірімдерін тыңдарман жүрегіне жеткізу секілді талаптар қойылды. Үлкен, орта, кіші топ болып бөлініп, тыңдалған байқауда аудандағы Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінен 9 оқушы қатысып, оның 4-і жүлделі орынға ие болды. Олардың ішінен мерейі биік болған домбыра класының оқушысы Шыңғыс Алтайұлы ІІ орынды (ұстазы Р.Табынбаева), баян класынан Мұса Сабитов ІІІ орынды (ұстазы С.Қанағатова), баян класынан Ерасыл Жұмабеков ІІ орынды (ұстазы Ж.Нақыпова) және баян класынан Інжу Еркебұлан ІІ орынды (ұстазы А.Дәни) иеленіп, мектеп мерейін асқақтатты. «Жарық жұлдыз» номинациясымен қобыз класынан Нұрсая Маханбетова (ұстазы Г.Жүсіпова), домбыра класынан Еркеназ Нағашыбаева (ұстазы Г.Дембаева), Әмина Маратқызы (ұстазы А.Тойбазарова), баян класынан Руфина Сабитова (ұстазы С.Қанағатова) марапатталды. Байқауда сүйемелдеуші болып Ләззат Дембаева жас өнерпаздардың толқусыз өнер көрсетулеріне өзіндік септігін тигізді. Сайыста бағы бен бабы қатар жанып, жүлделі орын алған оқушыларға өнерлерің өрлей берсін демекпіз.
Бағдагүл МӘДЕНОВА,
аудандық өнер мектебі директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары
аудандық өнер мектебі директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары