» » «Хит тақия» қаншалықты қадірлі?

«Хит тақия» қаншалықты қадірлі?

Бүгінде отандық өнімдер сұра­нысқа ие болуда. Соңғы жылдары нәзікжандыларға заманауи киімдермен үйлестіріп киетін оюлы кәжекейлер мен сәнді шапандарды нарықтан еркін кездестіруге болады. Соның ішінде қазақ қыздарына арналған тақиялар қазір хит болуда. Ал трендке айналған тақияның қыз-келіншектер арасында жақсы бір үрдіске айналып кеткеніне бірер айдың жүзі болды. Ұлттық киімді ұлықтағанына қуанамыз-ау, бірақ тақияның түп-төркіні мен мәні басқаша емес пе еді?
Ертеде ерлер де, әйелдер де жалаңбас жүрмеген. Себебі сол заманда құлдар ғана жалаңбас жүреді деген ұғым болған. Бертінге дейін ата-әжелеріміз жазда да міндетті түрде бас киім киіп жүрген. «Жетпіс жеті аурудың басы – жел» деген аталарымыз бастың өз температурасы болатынын, оны сақтап жүру керектігін білген.
Халық киімдерінің ең мәнерлісі – әйелдің бас киімдері. Қазақ қыздары үш жасынан бастап тақия, ұзатылған сәтте сәукеле, келін атанған сәттен орамал тақса, перзент сүйген соң кимешек киген. Осылардың арасында күнделікті тұрмыста көп қолданылып, қыз көркін ашатын бас киімнің бірі – тақия. Қыздардың тақиясы қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түстермен барқыт, қамқа секілді матадан сырып тігілген. Ол түрлі-түсті моншақ-маржанмен безендірілген.
Тарихқа көз жүгіртсек, өнертану саласының маманы Сабыркүл Асанова «Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы» еңбегінде қазақтар ұлттық бас киімдерін XV ғасырда Қазақ хандығы орнағаннан бастап кие бастағаны айтылады. Қазақтар бас киімдеріне қарай қай таптың, қай тектің өкілі екенін таныған. Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап халық киімдеріне өзгерістер ене бастаған. Әсіресе олар Батыс және Солтүстік Қазақстанда, Ертіс жағалауында, орыстар көп тұрақтанған жерлерде байқалған.
Қазақ халқының бас киімі екіге бөлінеді: ерлер және әйелдерге арналған. Әйелдерге арналған бас киімдер құрастырылуының күрделі болуы және бай безендірілуімен ерекшеленген. Оның ішінде тақияны тұрмысқа шықпаған қыздар киген, бірақ оны кию міндетті саналмаған.
Тақия ХVІІІ ғасырдан бастап киіле бастаған. Ол Қазақстанға Орта Азия қолөнершілері арқылы келген. Қазақстанның Оңтүстік аудандары мен Сырдария жағалауындағы қазақтар тақияны қызығушылық негізінде сатып алған. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ тұрмысын зерттеушілердің жазуына қарағанда қыздар киетін скуфияның төбесі үшкірлеу келген. Қыздар тақиясы алтын және күміс кестелермен өрнектеліп, ақша, майда моншақ, қымбат тастар, маржан, шашақтармен әшекейленген. Тақияның төбесіне майда моншақ жіптермен көз-тілден сақтайды деген сеніммен үкі таққан.
Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі саналады. Ертеректе киімдердің етек-жеңіне ою-өрнек салу, үкі тағу жын-перілерден, бәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды, магиялық күш әсер етеді деген сенімнен туған. Кейіннен үкіні тақия, сәукеленің төбесіне, домбыраға, бесікке қадаған. Үкінің қара қасқасын ерлер, балақ жүнінің ұлпасын әйелдер қолданған. Үкі құсын қазақ қасиетті деп білген. Ежелгі бақсылар, батырлар, сал-серілер де үкі тағып жүрген. Тіпті бір үкі бір аттың құнына бағаланған. Қазір үкісі бар тақия да, үкісі жоқ тақия да сәнде. Бірақ үкісіз тақия күнделікті өмірде киюге әлдеқайда ыңғайлы. Бүгінгі жастар арасында көбіне түрлі металдармен әшекейленген тақияларға сұраныс көп екені байқалады.
Жақында ғана трендке айналып, көпшіліктің басында хит болып жүрген тақияны еш қиындықсыз табуға болады. Алғашында тақияның бағасы 6500-7000 теңгені құраса, қазір 4000 теңгеге де таба аласыз. Сауда алаңына айналған әлеуметтік желілерде де тақия кигендер мен оны жарнамалаушылардың қарасы қалың. Тіпті «түстер үйлесімін сақтай алсаңыз, кез келген киіммен киюге болатынын» да жарыса айтуда. Осыған сенген бүгінгі бикештер сән әлеміндегі жаңалықты құр жібермей, қызы да, келіншегі де тақия киюде. Тіпті орамалдың үстінен тақияны қыстыра тағып алатыны да бар. Қысқа белдемше мен джинсы шалбармен де тақияны үйлестірдім деп жүрген бойжеткендер жетерлік. Басына тақия киіп, қолына темекі ұстаған бикештер де желіде жүр. Осындайда ұлттық киімнің қадірін қашырып жүргендерге қарап қарның ашады. Тақияны тек қана тұрмыс құрмаған қыздар қос етек көйлекпен кигенін бар даусыңмен айқайлап айтқың-ақ келеді осындайды көргенде.
Р.S. Дәстүрдің жаңғырып жатқаны қуантады, әрине. Салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыз – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қазынамыз. Бізді басқа ұлттан ерекшелеп тұратын құжатымыз. Бабалардан жеткен аманатымызды келер ұрпаққа жеткізу де біздің міндет. Алайда төрде тұрар тақияны орынсыз қолданып, оның қадірін қашырып, құнын жойып, мазақ етпейікші...

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
26 сәуір 2022 ж. 3 036 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 301

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 398

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930