» » Ұлттық киімді үлгі еткен

Ұлттық киімді үлгі еткен

Елімізде жыл сайын ұлттық киім киюді наурыз мерекесі қарсаңында қолға алады. Мектептер мен жоғары оқу орындары, мекеме қызметкерлерінің үстіндегі қазақы қамзол, ұлттық оюмен көмкерілген тақия, қыздардың көркін аша түсетін ұлттық әшекейлер алыстан менмұндалайды. Осындайда көз сүйсінтер мұндай көріністі күнде көргің-ақ келеді. Өкінішке орай, қазақылықты насихаттайтын әдемі акцияның ғұмыры Наурыз мерекесінен әрі аспайды.
Тек қаймағын бұзбай, ұлттық ата дәстүрді сақтаған Маңғыстау өңірінде ұлттық киім сәнге айналып, жергілікті тұрғындар оны аса ұқыптылықпен тұтынуға ерекше мән бере бастаған. Қазіргі кезде мұнайлы өңірде ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер күнделікті өмірде де, той жиында да қазақы оюлармен зерделенген киімдерді киіп жүреді. Мұны әлеуметтік желіден батыс өңіріндегі келіндердің парақ­шаларынан жиі байқап қала­мыз.
Өзімізге қарай ойыссақ. Біздің өлкеде де той-жиында келіндердің бірдей етіп қамзол-көйлек, орамал тағынғанын ара-тұра көзіміз шалуда. Бұл әдемі көріністі, ұлттық киімді өзге әулеттің келіндері де жалғауда. Мұндай жақсылыққа қуанамыз әрине. Әсіресе қамзол кию үрдісі бүгінгі келіндер арасында кең тарауда. Бірі – білсе, бірі – білмес. Осындай қазақы қамзол тігетін шебер біздің ауданда да бар. Ол кент тұрғыны – Лаура Қалымбетова.
Ол этностильдегі сөмке, шапан, қамзол, балалар қамзолын, тақия, сәукеле тігеді. Барлығы да өз қолынан шығады. Қажетті мон­шақтар мен матаны Қызылорда қаласынан алдыртады.

Лаура негізінен Шиелі ауданының тумасы. Мектепті бітірген соң Алматы Технологиялық университетінде «жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологі» мамандығын меңгерген. Қармақшылық жігітке тұрмысқа шыққан ол, бүгінде үш перзенттің анасы.
– Кәсіптің бұл түрін таңдауыма осыдан 5-6 жыл бұрын Қызылорда қаласындағы «Ақ Маду» фирмасында жұмыс істеуім себеп болды. Онда тігілген дайын қамзолдың алдына биссер тігіп, әсемдейтінбіз. Осында біршама жұмыс істеген соң, қолым да жаттыға бастады. Кейіннен қайта Қармақшыға қоныс аудардық. Жұмысым ұнаған болса керек, басшым дайын қамзолдарды маған беріп жіберетін. Мен осында отырып бисермен әшекейлеп, қайта қалаға жіберемін. Осы кәсіпті сүйіп жасағандықтан, өзім тұратын өлкеде де жасап көрсем қалай болар екен деген ой келді. Аудандық кәсіпкерлік бөліміне барып, кеңес алдым. Нәтижесінде 2020 жылы «Бас­тау Бизнес» курсын тәмамдап, мемлекет ұсынған қайтарымсыз грантты иеленіп, кәсіп бастауға қажетті құрал-жабдықтарымды алдым. Қазір қай жерде болсын ұлттық киімге сұраныс артып келеді. Әсіресе қазақы қамзолға тапсырыс берушілер көп, – дейді Лаура Дайырбекқызы.
Расында да ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы. Әйелдер үшін қамзол көненің көзі ғана емес, бүгінде нағыз сәннің өзі. Шебердің қолынан шыққан түрлі формадағы қамзолдар көздің жауын алады. Әрі ыңғайлы, әрі жылы. Лаура бір қамзолды 2-3 күнде толықтай аяқтайтынын айтады. Моншақтарды келістіріп, ою-өрнекпен әсемдей білу де – сабырлықты, үйлесімділікті талап ететін өнер.
– Қамзол – әйелдердің ұлттық киімінің бір түрі. Ол барқыт, пүліш, мақпал сияқты асыл, сапалы кездемелерден тігіледі. Камзолды кей жерлерде «жеңсіз бешпент» немесе «кәжекей» деп те атайды. Камзолда жең де, жаға да болмайды және екі өңірі тек тыс пен астардан тұрады. Қамзолдың астары үшін көбінесе атлас, шағи, торғын пайдаланылады. Оның екі өңірі бір-біріне сәл жетпей тұратындай етіп тігіледі. Сондықтан, түйме орнына қамзолдың алдына зергерлер әшекейлеп жасаған, алтын, күміс жалатып, асыл тастан көз орнатқан қаусырма қадалады. Қамзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және етегіне айналдыра алтын оқа басады не зер тігеді. Қамзол әрбір әйелге әсемдік сыйлайды әрі дене бітіміңізді жинақы көрсетіп тұруға септігін тигізеді. Тойда да, күнделікті өмірде де ұлттық киімді тастамай киіп жүрген жөн. Қазір түрлі формадағы қамзолдар көбейді. Оларды көйлектің сыртынан үйлестіріп, киіп алсаңыз, керемет жарасары сөзсіз. Себебі қамзол ешқандай ыңғайсыздық тудырмайды. Өзімізден кейінгі ұрпаққа мұра болып қалуы үшін өзіміз күнделікті киіп, үлгі етіп, насихаттауымыз керек, – дейді кәсіпкер.
Лаура Қалымбетова сұраныстың артуына байланысты алдағы уақыт­та көмекшілер алып, кәсіп көкжиегін кеңейтпекші. Сонымен қатар ол аудандық аграрлы-техникалық колледжде тігіннен өндірістік оқыту шебері болып қызмет атқарады. Ұлттық өнерді студенттер санасына құйып жүрген ұстаз-кәсіпкерден күтер үміт көп. Отандық өнімді қолдан жасап, өзгенің алғысын арқалап жүрген шеберге тек сәттілік дейміз. Осындай шеберлер мен оны тұтынатын халық барда ұлттық киімдер ұмыт қалмайтыны анық.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
02 сәуір 2022 ж. 1 193 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031