» » ҰЛТТЫҚ КИІМНІҢ ОРНЫ МҰРАЖАЙ МА?

ҰЛТТЫҚ КИІМНІҢ ОРНЫ МҰРАЖАЙ МА?

Ертеде қазақ қызда­ры келін болып түс­кен елінің хал-күйін, жан толқынысын кестелі ора­малға ою-өрнекпен тү­­­­сірген. Бұл жас келіннің сабырын сабасына тү­сір­се, бір жағынан оның қо­лынан шыққан әрбір ою мен өрнек өз жағдайынан сыр шерткен. Осылайша, анасы алыстағы қызының тұрмыс-тіршілігін үйінде оты­рып-ақ білген. Арадағы хұсни хат – ана мен баланы үнсіз тілдестіріп, бір-бі­рінен хабар алдырған.
Адам баласы қай ғасырда да сұлулыққа ұмтылған. Киім үлгісі – адамзат санасының дамуымен есептелген. Алғашқы адамдар киімі орама, әуретжабар болса, сармат әйелдері ІV ғасырда шаравар киіп, желек жамылған. Тұран даласында қос етек көйлек, шашақ бөрік сәнге айналған. Ал, ғұндардың бас киімі жүннен, жұмсақ киізден тігіліп, жібек матамен тысталатын болған. Бұлғын терісін пайдалану да ешқашан сәннен шықпаған. Заманына сай киім үлгісі де өзгеріске ұшырады. Бірақ, «Ең жақсы киім – ұлтыңның киімі» демекші, қазақ халқы үшін ұлттық киімнің орны ерекше. Ұлттық киім – қазақ әйелінің сыр-сымбаты мен ар-абыройының символы іспеттес. Әсіресе, киме­шек­ті бөле-жара айтуға болады. Сан ғасыр бойына қазақ әйелінің ажарына әр, ақылына төр беріп, мәртебесін көтерген жәдігер жайында ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
– Әже, сен бірге жүрсің
меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса, нені көрем, – деп бекерге жырламаса керек. Қа­зіргі күні кимешекті әжелер ан­сам­блі ғана насихаттап жүргендей. Себебі, оны сахнадан ғана көреміз. Кимешектің заманға сай жаңғыруына этно бағыттағы зерттеуші-дизайнер Ғалия Қайдауылқызының еңбегі ерен. Ол қыз-келіншектердің қызы­ғу­шылығын тудырып, сұраны­сына қа­рай ұсыну қажеттігін айтады. Сон­дай-ақ, олардың жас ерек­ше­ліктері мен мата түрін дұрыс таңдау да маңызды екенін алға тартады.
Әйел киімінің ішіндегі ең асылы әрі жұбайлық өмірдегі елеулі кезеңінің естен кетпес сәті – сәу­келе. Ежелден келе жатқан салт-дәс­түріміздің бірі – «Сәукеле кигізу». «Қара мақпал сәукеле, шашың ба­сар, жар-жар-ау», – демекші, сәу­келе қымбат мақпалдан арнайылап тігіледі. Дәстүр бойынша оған құда-құдағилар шақырылып, шашу шашылады. Бата арналады. Сәукелеге берілетін байғазы да олқы болмайды. Сәукеле киген келіншек бұрынғыдан да ажарлана, сұлулана түседі. Ол келіншектің бас киімі ғана емес, қазақ халқының мәдениеті, сән-салтанаты, өнер туындысының озық үлгісі. Сәукеле інжу-маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастармен әшекейленеді. Төбесіне үкі тағылады. ХІХ ғасырда өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға бағаласа, тарихтан білетініміздей, Жібек қыздың орамалы 500 жорға тұрған. Халқымызда «күйеу киім» дегенде бар. Қалыңдық алуға баратын жас күйеу міндетті түрде «күйеу киім» киюі тиіс. Алдынан шыққан жеңгелер мен қыз­-­келіншектер күйеуді киімі­нен та­ныған. Сондықтан күйеу басқа­лар­­­дан ерекше киінген. Бөркіне үкі тағып, қызыл шапан, биік өкше етік киген. Бөркін көзіне түсіріп, тө­мен қарап тұратын болған. Өйт­пе­генде, айыппұл төлейді. Қыз-қыр­қынның ортасына түскен күйеу әзіл-қалжыңға төзеді. Бүгінде «Кимешек кию» салтын адамдар біле бермейді. Жас келін перзентті бол­ған соң ауыл әйелдері жиналып, ке­­лін­ге кимешек кигізеді. Немесе жаулық салады. Бұл екеуі де ана бол­ғанның белгісін көрсетеді. Бас киімдер шашақталып, кестеленіп, ба­ғалы тастармен көмкеріледі. Қа­зақ­тың тағы бір салты – «Тымаққа са­лу». Аналарымыз ертеде шала ту­ған сәбиді тымаққа салып өсірген. Ты­мақ – жылы әрі нәрестені бөлеуге ың­ғайлы. Сәбидің қанша күні кем болса, сонша күн тымақтағы бала керегенің басына ілініп қойылған. Дәстүрімізде «иткөйлек» деген де бар. Жаңа туған нәрестенің ал­ғаш­­қы киімі осылай аталады. Бала қыр­қы­нан шығарылған соң көйлекке тәт­ті түйіп, иттің мойнына байлап жі­береді. Ауыл балалары итті қуып же­тіп, тәттіні бөлісіп жейді. Баласы жоқ аналар иткөйлекті ырымға қа­лап алады. Ит – жеті қазынаның бірі.
Халқымыздың мәдениетінің жоғары болғанын – сан түрлі әсем киімдерінен байқау қиын емес. Бүгінгі киім үлгілері сақ, ғұн, түркі дәуірінен бастау алатынын бірі білсе, бірі білмейді. Қазақтың эт­но­графиялық киім үлгісі ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениет. Ұлты­мыздың әр киімінің маңызы зор. Шапан, ішік сыйға тартып қана қой­май, сондай-ақ ел арасында бітімгершілік, ымырашылдық рөлін де атқарған.
Ұлттық киіміміз ұлт болашағына қызмет етсін. Жаһандану жағдайын­да әр ұлт өз болмысын сақтауға ты­­рысып бағуда. Ұрпаққа ұлағатты тәр­бие беремін десе, аналар өздерінен бастауы керек. «Әйел – бейсауыт киінуге болмайтын ұлттың ұясы», «Сән – ұлттың басын біріктіруші үл­гі­нің ең қуаттысы», «Кимешек қартайтпайды, марқайтады», «Тәр­бие – киімнен басталады», «Кез келген мата адамның көркін ғана емес, еркін де билейді» деген даналық астарында үлкен мән жатқан жоқ па?
Ашық-шашық киіну – ұлтты аз­ды­рады. Арлы, абыройлы болам деген жан ұлтының келешегін ұлт­тық киімнен іздегені абзал. Шындығына келгенде, ұлттық киі­мімізді күні өткендіктен емес, ке­ше­гі зұлмат заманның зауалы ти­гендіктен өз биігінен аласартып ал­дық. Тәуелсіздікпен қатар, ұлттық құндылықтарымыз ортамызға оралды. Ортамызға емес-ау, нақтырағы – мұражайымызға. Әлі кезге дейін ол бізге шынының ар жағынан мүсіркей қарайтындай да, ал, біз оны тосырқап жүргендейміз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
18 тамыз 2018 ж. 2 800 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 156

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 141

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 291

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930